Бердібек Сапарбаев: 185 мың отбасыға жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек төленді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Елбасының «Әлеуметік қамқорлық» әлеуметтік шараларын жүзеге асыру бойынша селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды «Тілші».

«Елбасының тапсырмасы бойынша 1 сәуірден бастап жаңа әлеуметтік саясат аясындағы шаралар жүзеге асырылуда. 25 мамырдағы жағдай бойынша, 185 мың отбасыға жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек төленді», – деді Б. Сапарбаев кеңесті аша отырып.

Осылайша, жүргізіліп жатқан жұмыстың және деректер базасын интеграциялаудың арқасында қазір 13 миллионға жуық адамның деректері өзектендірілген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жергілікті атқарушы органдар өкілдеріне тек қазіргі АӘК алушылармен ғана емес, сонымен қатар әлеуетті адамдармен жүйелі жұмыс істеу қажеттігіне тоқталды. Ол әлеуметтік көмек көрсету критерийіне жатпайтын, бірақ мемлекет тарапынан қолдауды қажет ететін адамдар да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылуға тиіс екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес-біз еңбекке қабілетті адамдардың барлығын жұмыспен қамтамасыз етуге тиіспіз. Көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар адамдарға өз ісін ашу үшін жағдай жасау. Осыған байланысты «Еңбек» жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасына қайтарымсыз мемлекеттік гранттар беру және жеңілдетілген микрокредит беру бөлігінде өзгерістер енгізілуде», – деп атап өтті министр.

Сонымен қатар, ол мемлекеттік органдар басшыларының назарын «Е-Халық» жүйесімен базаларды біріктіру бойынша жұмысты жандандыру қажеттігіне аударды.

«Адамдар комиссиялар келіп, мін іздейтініне шағымданады. Бізде пайдаланылуы қажет ақпараттық жүйелер бар және сол арқылы болашақта үйлерді араламайтын болады. Мен әкімдіктерден бұл мәселеге шындап кірісуін сұраймын», – деді Б.Сапарбаев.

2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК көрсету мөлшері күнкөріс деңгейінің 50% – нан 70% – ға дейін көтеріліп, 20 789 теңгені құрады. Егер АӘК-тің орташа мөлшері отбасының әрбір мүшесіне бұрын 4 834 теңгені құраған болса, сәуір айынан бастап әр балаға 20 789 тг. төленеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған