Өзбекстан президентінің қызы баспасөз қызметтерінің жұмысын сынға алды

Таяуда ғана ақпарат және бұқаралық байланыс агенттігінің директор орынбасары болып тағайындалған Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевтің үлкен қызы Саида Мирзияева баспасөз қызметтері мен онда жұмыс істейтіндерді сынға алды.

Facebook парақшасында Саида Мирзияева шетел тәжірибесі мен мамандардың пікірін алға тартып, «біздің министрлік пен мекемелердің баспасөз қызметінің жұмысы өте төмен деңгейде екенін мойындауға тура келеді» деп атап өткен.

«Баспасөз қызметі жетекшілерінің көбі БАҚ-пен жұмыс қажеттігін түсінбейді. Халық елде болып жатқан реформаларды жеткілікті білмейді. Президент пен үкімет қабылдап жатқан шешімдер халыққа дұрыс жетіп жатқан жоқ. Ақпарат дұрыс жетпегендіктен халықта екіұдай пікір қалыптасады», – деп жазады Мирзияева.

Ол баспасөз қызметінің жұмысына қатысты қосымша құқықтық-нормативтік құжат қабылдау керектігін алға тартып, бұл бағыт бойынша жұмыстардың басталып кеткенін жеткізді.

Президенттің үлкен қызы Саида Мирзияева биыл сәуір айында ақпарат және бұқаралық байланыс агенттігінің директор орынбасары қызметіне тағайындалған.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған