Жасанды интеллект пен робототехника: Сапарбаев еңбек нарығында болуы мүмкін өзгерістерді атады

Халықаралық еңбек ұйымының 100 жылдығына орайластырған халықаралық конференциясында еңбек болашағы талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев еңбек нарығындағы өзгерістерге алып келетін жаһандық сын-қатерлерді атап өтті, деп хабарлайды «Тілші».

«Бұл 4.0 Индустриясы, жасанды интеллект және робототехника, еңбек ресурстары құрылымындағы демографиялық өзгерістер, жұмыс күшінің инклюзивтілігін арттыру», – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Министрлік жаһандық сын-қатерлер мен елде қалыптасқан үрдістерді ескере отырып, Қазақстанның еңбек нарығының болашағы туралы пайым әзірледі.

«Халықтың саны 2025 жылға қарай 19,8 миллионға дейін өседі деп болжануда. Жұмыс күшінің саны 6,7%-ға артып, 9,8 миллион адамды құрайды», – деді Сапарбаев сөйлеген сөзінде.

Ол экономиканы технологиялық жаңғыртуды ескере отырып, 2025 жылға қарай кадрларға деген қажеттілік 570 мыңнан астам адамды құрайтынын атап өтті.

Орта және жоғары білікті жұмыс орындарының санын 766 мыңға арттыру көзделіп отыр. Біліктілігі төмен еңбекке деген сұраныс қысқарады. Мұндай жұмыс орындарының саны экономиканың дәстүрлі салаларын жаңғырту есебінен 530 мыңға азаяды.

«Ағымдағы жылы біз 480 кәсіби стандартты әзірлеуді жоспарладық, жалпы, 2020 жылға қарай біз Қазақстан экономикасының барлық негізгі салаларында шамамен 550 кәсіби стандартты бекітеміз», – деді министр.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған