Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі петропавлдық науқас қызға 1,2 млн теңге жинап берді

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұжымы СҚО тұрғыны, екі жастағы Миленаның еміне бір күндік жалақыларын аударды, деп хабарлайды «Тілші».

Қаражаттың аударылғанын растайтын түбіртекті аталған ведомствоның баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов фейсбуктегі парақшасында жариялады.

«Санаулы күн бұрын маған әріптесім Юлия Ишунина Петропавлда тұратын Седченко отбасына көмек көрсетуімізді сұрады. Екі жастағы Милена сирек кездесетін дертке шалдыққан. Буллезді эпидермолизді қарапайым тілмен «көбелек синдромы» деп те атайды», – деп жазды министліктің баспасөз хатшысы.

Айта кетейік, СҚО-да мұндай диагноз қойылған адам тек Милена Седченко ғана. Қазақстан бойынша «көбелек синдромына» 40 шақты адам шалдыққан.

Буллезді эпидермолиз теріде ақ уыздың дұрыс түзілмеуінен неме мүлдем болмауынан пайда болады. Сәйкесінше, адам терісі жарақат алуға бейім болады. Гендік мутациядан пайда болатын дерттің емі болмайды. Тек терідегі жараларды жойып, жаңасын болдырмау үшін күтіну керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз хатшысы Қанат Құлшыманов өзгелерді де көмек қолын созуға шақырыпты.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған