
Ақтөбе облысына қарасты Алға ауданында ІІБ орынбасарының қызметін атқарған А.Н.Бақтыгереев қылмыс жасаған топтан пара алу үстінде қолға түсті.
Қылмыстық оқиға жаз мезгілінде, Алға ауданына қарасты Есетбатыр ауылдық округінде болған. Еңгезердей үш жігіт бір қызды жабыла зорлап, жазадан оңай құтылғысы келеді, деп хабарлайды nur.kz.
Жәбірленуші тарап жазған арызға қарамастан, қыз зорлаған үшеу жазасыз өтуді көздеген. Таныстары арқылы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасарына шығып, істің жігін жатқызғандай болады.
Басшы орынбасары іс қолымда деп, бір миллион теңгемен шешіп беретінін айтқан. Темір тордан қашқан үшеу миллионды жинап береді. Орынбасар оларға «түрмеге түспейсіңдер, шартты түрдегі жазамен бостандықта жүретін боласыңдар» деген уәдені үйеді.
Алайда, іс сотқа кетіп, әрқайсысына 5 жылдан берілген. Мұны естіген ағайындары өре түрегеліп, «кешегі алған миллион қайда» деп, берген ақшаларын даулайды. Жан-жаққа арыз жазып, орынбасардың алаяқтығын әшкерелейді. Полиция қызметкерінен алған ақшаны қайтаруды талап етеді. Сасқан орынбасар миллионның белгілі бір бөлігін қайтару үстінде қолға түсті.
Қазір Алға ауданында ІІБ орынбасарының қызметін атқарған Бақтыгереевке қатысты тергеу жүріп жатыр. Қылмыскерлерді түрмеден қашырамын деп жүріп, өзі қамалған орынбасар бір аптадан бері қамауда отыр.