“Шекарасыз тілшілер” ұйымы Қазақстандағы интернеттің бұғатталуын сынады

“Шекарасыз тілшілер” халықаралық журналистер құқығын қорғау ұйымы Қазақстандағы интернеттің бұғатталуын, интернет цензураны сынады. Ұйымның 9 мамыр кешкісін жарияланған мәлімдемесінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан “Нұрсұлтан Назарбаев қолданып келген репрессивті әдістерден бас тартуды” сұрады.

“Шекарасыз тілшілер” ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша бөлімінің жетекшісі Джохан Бирдің сөзінше, халықтың ақпарат алу құқығын бұзу фактісіне еш ақтау жоқ.

“Қазақстан билігі өз-өзіне сенсе, ескі заманның репрессивті әдісін қолданудан бас тартуы тиіс. Қазақстан сөз бостандығы индексінде 180 елдің арасында 158-орында тұр. Елдің төмен орында тұруына бір себеп – интернет цензурасы. Бұл елдің халықаралық беделіне кері әсерін тигізеді ” дейді ол.

Ұйым мәлімдемесінде “Қазақстан билігі елде наразылық көбейіп кете ме деп қауіптенеді. Елде тілшілерді қудалау, интернетті бұғаттау күшейіп келеді. Бұл елді интернет толық биліктің бақылауында және билікті көп сынамайтын басылымдардың өзіне қысым көп” деп жазды.

9 мамыр таңертең Қазақстанда кем дегенде тоғыз вебсайт ашылмай қалды. Олардың арасында Азаттық радиосының сайты да бар. Әлеуметтік желілерге де кіру қиындады.

Қазақстанда соңғы жылдары интернет қолданушылар сайттар, әлеуметтік желілер және мессенджерлердің бұғатталатынына жиі шағымданады. Билік өкілдері «бұғаттауға қатысымыз жоқ. Қолданушылар саны өскен сайын техникалық ақау жиі болады» дейді.

azattyq.org

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған