Оқушыларға тегін ыстық тамақ, автобуста тегін жүру, жазғы лагерьлер. Сапарбаев қосымша көмектер туралы айтып берді

Бөлісіңіз

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жергілікті атқару органдары әзірлеуі тиіс бірыңғай пакет туралы айтып берді, деп хабарлайды «Тілші».

Әлеуметтік қызметтер мен қолдау шараларының бірыңғай пакетінде 1-4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, балалар мен аналардың қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүруін қамтамасыз ету қарастырылған.

Нұр-Сұлтандық көпбалалы аналармен кездескен Бердібек Сапарбаев жергілікті атқару органдарының мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу керек-жарақтарымен қамтамасыз ету, балабақшадағы орынға басымды құқық беру, балалар лагерьлерінде тегін демалуға мүмкіндіктер қарастыру керектігін де атап өтті.

Бірыңғай пакетте коммуналдық қызметтер бойынша өтемақы төлемдері, көмірмен және отынмен қамтамасыз ету, газ анализаторларын, жарық пен су есептеуіштерін тегін орнату қарастырылған.

Сонымен бірге, көпбалалы отбасылар үшін үйде арнайы жұмыс орындарын құру, гранттар мен микрокредиттер беру, барлық еңбек етуге қабілетті АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алушыларды жұмыспен қамту шаралары, соның ішінде оқыту, жұмысқа орналастыру, жастар практикасы, гранттар мен микрокредиттер т.б. қарастырылған.

Сапарбаев тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайын жақсарту шараларын да бірыңғай пакетке енгізілгенін жеткізді.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қамту министрлігінің баспасөз қызметкері Қанат Құлшымановтың айтуынша, бірыңғай әлеуметтік пакет елдің барлық өңірлерінде көмекке мұқтаж азаматтарға қосымша әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

You May Also Like

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Перейти к верхней панели