Медициналық сақтандыруда әлеуметтік категориялардың саны көбеюі мүмкін

Қазір көпбалалы ана, әлеуметтік әлсіз топтар мен аз қамтылған отбасы мүшелерін Медициналық сақтандыру заңының әлеуметтік категорияларына кіргізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Ақтөбе облыстық филиалы мәлім етті.

2020 жылдан бастап Медициналық сақтандыру жүйесі енгізіледі. Оның негізгі артықшылығы – әр пациент өзіне ұнаған жеке немесе мемлекеттік емхананы және дәрігерді өзі таңдай алады. Сондай-ақ, дәрігердің жалақысы да қаншалықты көлемде сапалы қызмет көрсеткеніне байланысты өзгеріп тұрады.

Мемлекет 13 әлеуметтік категорияны өз қамқорлығына алып отыр. Солар үшін үкімет ай сайын ең төменгі жалақының 1,4%-ын аударып отырады. Осылайша, балалар, мүгедектер, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, жұмыссыздар, жұмыссыз оралмандар, жұмыссыз жүкті әйел, бала күтімімен отырған ата-ананың біреуі, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-ананың біреуі, күндізгі бөлімде оқитын студенттер, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» дәрежесі бар көп балалы аналар автоматты түрде сақтандырылған болып есептеледі.

«Сонымен қатар, мемлекет тағы үш әлеуметтік категорияны қосуды қарастырып жатыр. Төрт баласы бар ана, әлеуметтік әлсіз топтар мен аз қамтылған отбасы мүшелері де сақтандырылған категорияға кіруі мүмкін», — деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Ақтөбе облыстық филиалының бөлім сарапшысы Айгүл Жанасаева.

Оның сөзінше, 2020 жылдан бастап қазіргі таңда көптеген адамдарға қолжетімсіз болып саналатын медициналық қызметтер сақтандырылған адамдарға тегін ұсынылады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған