«Спарта» құрылыс компаниясы жалғызбасты анаға пәтер кілтін табыстады

Ақтөбедегі «Спарта» құрылыс компаниясының директоры Мақсат Сәңкібаев жалғызбасты ана Гүлпаран Байбосыноваға «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы үйлердің бірінен бір бөлмелі пәтер сыйлады.

— Елімізде болып жатқан оқиғаларды көріп, осындай шешімге келдік. Мұқтаж отбасыларға көмек жасағанымызға қуаныштымыз. Қолдан келгенше жақсылық жасағанға не жетсін?! — дейді кәсіпкер.

Ал баспаналы болған Гүлпаран Байбосынованың қуанышында шек жоқ. Бұған дейін пәтер жалдап, көп қиындық көрген ана екі баласының болашағына алаңдағанын айтады. Ол енді балаларымен жаңа пәтерде қуанышты сәттерді бірге өткізетініне сенімді.

«Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз мұқтаждарға көмектесуге тиіспіз” деген болатын.
Кәсіпкерлердің осы игі ісі Елбасының сөзін қолдау, қоғамның әлсіз топтарын қорғау мақсатында жасалуда және өзге іскер жандарды осындай ізгі мұраттарға жетелеу», – дейді Ақтөбе әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлшат Сапарқызы.

Айта кету керек, биыл жыл басынан бері Ақтөбе облысында демеушілердің көмегімен 782 отбасыға жалпы мөлшері 44,7 млн теңгеге түрлі көмектер көрсетілген.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған