АҚШ: Қазақстанда азаптау, саяси тұтқындар мен цензура бар

АҚШ үкіметі наурыздың 13-інде жариялаған Адам құқықтары туралы жылдық есепте Қазақстандағы саяси тұтқындар, сөз еркіндігін шектеу мен кәсіподақтар жайы сипатталады, деп хабарлайды Азаттық.

АҚШ мемлекеттік департаменті жариялаған әлемдегі адам құқықтары туралы биылғы есептің кіріспесінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтонның адам құқықтарын, оның ішінде «діни сенім бостандығын, сөз еркіндігін және бейбіт жиын өткізу хақын сыйлайтын» және «адам өлтіру, азаптау, сот шешімінсіз ұзақ тергеу және қамауда ұстау» сияқты заңсыздыққа жол бермейтін елдермен «өте жақын, ұзақ мерзімді және жемісті» қарым-қатынас орнатқанын ескертеді.

Сәрсенбі күні Вашингтондағы баспасөз мәслихатында есепті таныстырған Помпео Шыңжаңдағы қазақтар туралы да айтты.

– Қытай да адам құқықтарын бұзуға келгенде ерекше көзге түсіп тұр. 2018 жылы Қытай мұсылман азшылық топтарын қамау науқанын шырқау шегіне жеткізді. Қазір бір миллионнан астам ұйғыр, этникалық қазақ және өзге де мұсылмандар діни және этникалық сипаттарын жою үшін құрылған оқыту лагерьлерінде отыр, – деді ол.

Ал есептің Қазақстанға қатысты 44 беттік бөлімі елдің саяси құрылымын қысқаша сипаттаудан басталады. Биліктің үш тармағы түгел президентке бағынады деп көрсетілген елдегі негізгі сайлаулар «бәсекесіз өткені» баяндалады.

«Азаматтық билік қауіпсіздік күштерін бақылаудан шығармай басқарып отыр» деген сөйлемнен соң елдегі адам құқықтарын бұзу әрекеттері суреттеледі.

Құжатта: «[Қазақстандағы] адам құқықтарына қатысты мәселелерге азаптау, саяси тұтқындар, цензура, вебсайт бұғаттау, жала жабуды қылмысқа теңеу, діни сенімді шектеу, бейбіт жиын өткізу мен бірлестік құру хақына араласу, саяси қозғалысқа қатысу құқын шектеу, жемқорлық пен тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарын шектеу жатады» деп жазылған.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған