Жастар жылы: Ақтөбеде студенттер жатақханасындағы өмірді бейнелейтін ситком түсіріліп жатыр

Жергілікті «Ақтөбе» телеарнасы жаңа жобаның тұсауын кесті. Осыған дейін «Бір түп алма ағашы» фильмін түсірген шығармашылық топ жастар жайлы ситуациялық комедия түсіруді бастап кетті, деп хабарлайды «Тілші».

Арна директоры, әрі жаңа жобалардың жетекшісі Ернұр Бураханның айтуынша, студенттегі жастар өмірін көрсететін «Welcome to Aqtobe» жобасы өмір, достық, шынайы достықтың қалыптасуы, махаббат пен сатқындық туралы баяндайды.

«Оқиға студенттер жатақханасындағы екі бөлмеде өрбиді. Олар ауылдардан, өзге облыстардан, біреуі шетелден келген. Амандық болса, мамыр-маусым айларында эфирге шығарамыз. Көрерменге ұнап жатса, жалғасын түсіру ойымызда бар», – дейді ол.

Ернұр Көшерханұлының айтуынша, сериалда жергілікті таланттар бой көрсетеді. Басты рөлдердің бірін осы арнаның қызметкері, тележүргізуші, жайдарманшы Айбек Намазбаев сомдайды. идея авторы Азамат Айнағұлов, сценарийін жергілікті журналист Өркен Мұқақ жазған.

«Бұл жүз пайыз ақтөбелік өнім. Біз оны барынша шынайы әрі қызықты етуге тырысамыз. Жоба басшылығының басты шарттарының бірі – фильм Ақтөбе қаласында жасалып, оған тек ақтөбелік актерлер ғана түсірілуі тиіс болды. Кастингке 180 адам қатысты», – деді жоспарларымен бөліскен жоба режиссері Марат Телеуов.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған