Ақтөбе облысында «Бастау» жобасы бойынша былтыр 516 бизнес нысаны ашылды

Облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру және жаңа кәсіп көздерін ашу мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен жүзеге асырылған «Бастау» жобасы аясында былтыр бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілді.  Бағдарлама басталған уақыттан бері 3 мыңға жуық тұрғындар кәсіпкерлік оқуларынан өткен, деп хабарлайды «Тілші».

«Бастау» жобасы жұмыссыз азаматтар мен өзін-өзі қамтып отырған жандарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға бағытталған. Бизнес шартарын үйрену курсына қатысу үшін жергілікті Жұмыспен қамту орталықтарына өтініш білдіріп, тест сұрақтарынан өту керек. Оқу  20 күн аралығында жүргізіледі және маркетинг, салық, заң талаптарын қамтитын 12 модульден тұрады. Былтыр  2231 адам осындай оқудан өтіп, олардың 516-сы бизнес ашу үшін 1 млрд, 300 млн 650 мың теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. «Бастау» бойынша кәсіп ашқандар бір жыл бойы Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сүйемелдеуінде болады. Сонымен қатар, жобаны бітірген түлектер 100 АЕК көлемінде бір реттік арнайы грант иемдене алады.  

«Бастау» кәсіпкерлік қабілетті анықтап, іскерлікке баулиды. Бизнеспен айналысқысы келетін азаматтар бағдарламаға қатысуға өтінім бере алады. Жоба осы жылы да жалғасады. Кәсіпкерлік сабақтарына қатысушылар тегін оқиды және осы уақыт аралығында тыңдаушыларға шәкіртақы қарастырылған. Былтырғы жылы «Бастау» жобасының 6 кезеңі өткізіліп, тыңдаушылардың 400-ге жуығы облыстық комиссия алдында бизнес-жоспарларын сәтті қорғады», – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жаңа-айым Келбатырова.

Өңірімізде «Бастау» жобасы арқылы жаңа кәсіп түрлерін іске асыруда. Айталық, Қобда ауданының тұрғыны Александр Красильников ара шаруашылығын іске қосып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкер сүйікті ісін табысты бизнеске айналдыру жолдарын «Бастау» жобасынан үйренгенін айтады. Бүгінгі күні оның омарталарында 200 мың ара бар. Оның шаруашылығының өнімдеріне тапсырыстар көп түседі.

 Сонымен қатар, Темір ауданы бойынша қаз шаруашылығы, макарон, кондитер цехтары, жылыжай, Мәртөк ауданында ашылған токарь цехы, Ырғыз, Ойыл аудандарындағы жиһаз өндірістерін, Қарғалыдағы кемпинг құрылысы мен Мәртөк ауданынынының тұрғыны айналысып отырған түйе шаруашылығы сияқты «Бастау» тыңдаушыларының жүзеге асырған жобаларын облыстағы перспективті бизнес нысандарына жатқызуға болады.

Айта кетелік, «Бастау» жобасы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың» 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілуде.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған