ҰҚК: Сириядан қайтарылғандардың жетеуіне іс қозғалды

Бөлісіңіз

Сириядан таяуда ғана қайтарылған Қазақстанның жеті азаматының үстінен «террорлық ұйым әрекеттеріне қатысу» бабымен тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Астанада өткен брифингте Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) департаментінің басшысы Бақытбек Рақымбердиев Азаттық тілшісінің сұрағына жауабына айтты. Оның сөзінше, жеті адам ДАИШ сапында соғысты деген күдікке ілінген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше Қазақстан әскери күштері 5-6 қаңтар күндері Сириядан Қазақстанның 47 азаматын елге жеткізгенін хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, Сириядан қайтарылғандар арасында әйелдер мен 30 бала бар.

Рақымбердиевтің айтуынша, Сирияда қазір Қазақстаннан кеткен 380-ге жуық ересек азамат және шамамен 400-500 бала бар. Оның дерегінше, 380 ересектің үштен екісі — әйел. ҰҚК өкілі Қазақстан билігі Сириядағы қазақстандықтарды қайтару жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтты

Рақымбердиевтің сөзінше, қаңтардың басында Сириядан қайтарылған балалардың көбінің жасы 5-ке толмаған. Олардың арасында он шақты бала Сирияда туған.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, қайтарылған азаматтар — Алматы, Астана қалалары, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қарағанды облыстарының тұрғындары. Олар Сирияға 2012-2015 жылдар аралығында кеткен.

Ашықбаевтың айтуына қарағанда, Сирияда туған балаларға құжат жасауда мәселе болмайды, мұнымен Ішкі істер министрлігі мен жергілікті органдар айналысады.

Сыртқы істер министрінің өкілі Сириядан 47 қазақстандықты қайтаруға көмектескен елдер арасында АҚШ барын айтты.

You May Also Like

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Перейти к верхней панели