Жиырмадан енді асқан ақтөбелік кәсіпкер Грузия нарығын игере бастады

Ақтөбеде былтыр ғана фото-видео студиясын ашқан Данияр Нұрғалиев Грузия нарығын игере бастады. Жас кәсіпкер алдағы уақытта Еуропаға шығуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды «Тілші».

Грузия елінде филиалын ашқан Данияр өзінің жұмысы туралы «Тілшіге» айтып берді.

«2016 жылы Ақтөбеде «Орда Медиа Group» болып фото-видео студиясын аштым. Өйткені, алдында өзіме серт берген болатынмын. Тіпті, көлігім мен жинаған ақшама кеңсеге қажетті бұйымдар алдым», — дейді ол.

Данияр Нұрғалиев жұмысының алғашқы күндері клиент болмағанын бүгінде күліп отырып, еске алады.

«Екі күн кеңседе отырып, ұзақ ойландым. Кенет жақсы тапсырыс түсті де, қасыма екі фотограф жігітті жұмысқа алдым. Бастапқыда той түсірдік, бірақ көңілім толмады. Коммерциялық роликтер мен жарнама, презентациялар түсіру керек болды», — дейді ол.

Дизайнер Ақтөбені қойып, Астана, Алматы қалаларынан да тапсырыс ала бастайды. Құрылыс компаниялары мен мұнай кәсіпорындары Даниярдың қызметіне жүгіне бастайды.

«Менің шетел нарығына шыққым келді. Туристік фирмаларға өз ұсынысымды жолдадым. Сөйтіп жүргенде Грузиядан тапсырыс беруші таптым. Жолға шықтық. Менің ұшаққа да алғаш отыруым еді, шетелге де бірінші рет шығуым болды. Ол жақта 17 бесжұлдызды қонақ үйлерді видеоға түсірдік. Бастысы, олардың көңілінен шықтық», — дейді Данияр.

Жұмысының жемісін көрген жас кәсіпкер Грузияда филиалын ашуды жөн көрген.

«Санаулы күн бұрын ол жақта LTD Orda Media Group болып ашылдық. Коммерциялық ұсыныстарымды таратып, бүгінде ірі компаниялармен келісмшартқа отыра бастадық. Тбилисиде жұмысқа адам қабылдап жатырмын. Ұзын саны 20шақты адамды жұмыспен қамтитын сияқтымыз», — дейді осы күндері Грузияда шаруасын енді айналдыра бастаған жас кәсіпкер.

Данияр Ақтөбеде де, шетелде де бизнес үшін кешенді шешімдер ұсынуды ойластырып отыр. Мобильді қосымшалар мен интернет-маркетингпен айналыспақ. Интернет-жарнаманы жолға қоюды көздейді.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған