
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінің, облыстық басқармалар мен департаменттер басшыларының қатысуымен селекторлық жүйеде аппарат кеңесін өткізді.
Кеңесте «Жұмыссыздықтың өсіміне жол бермеу туралы» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиевтің, «2015 жылы бюджеттің күтіліп отырған кіріс бөлігінің орындалуы, 2016 жылға бюджет болжамы және облыстың салық базасын ұлғайту мәселелері туралы», «Ақтөбе агломерациясын дамыту туралы» облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева мен облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Талғат Мамаевтың, «Облыста жұмысы тоқтап қалған кәсіпорындар пролемалары туралы» облыстық индустриалық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұхановтың хабарламалары тыңдалды.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтынбек Әмірғалиев «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасының үш бағыты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Оның айтуынша облыс бойынша тұрақты жұмыспен қамту көрсеткіші 40 пайыз, уақытша жұмыспен қамту 59 пайыз құрап отыр. Бердібек Сапарбаев уақытша жұмыс орындарына қарағанда, тұрақты жұмыспен қамту пайызы жоғары болуына қол жеткізу керектігін ескертті.
Облыс әкімі жұмыссыздыққа жол бермеу үшін өзінің орынбасары Сара Нұрқатоваға Республиканың Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, акционерлік қоғамдармен, ірі компаниялармен түрлі бағдарламалар бойынша байланыс жасап, әсіресе ауыл адамдарына жеңілдеу болатын жолдарын, механизмдерін қарастыруды тапсырды.
Бюджеттің орындалуы туралы хабарламаларды тыңдаған Бердібек Сапарбаев бюджет түсімі бойынша белгіленген жоспардың толық орындалуы тиіс екенін атап айтты. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы және Алға, Мұғалжар, Темір аудандары бойынша бюджетке түсетін салық толық орындалмай отыр. Бұған бірқатар кәсіпорындарда жұмыс көлемінің азаюы немесе жабылу алдында тұруы себеп болуда.
Өңір басшысы бюджетке кіріс түсірудің жолдары өте көп екенін айта келіп, индустриалық-инновациялық даму басқармасына халыққа қызмет көрсету орталығымен бірлесе жұмыс істеп, шағын және орта бизнес нысандарының санын анықтауды тапсырды.
Кеңесте Ақтөбе агломерациясы туралы айтылды. Аймақ басшысы агломерация жұмысын жүргізу үшін басты құжат — қаланың бас жоспарын бекіту керектігін, ең негізгісі осы жөнінде тұжырымдама болу керектігін ескертті.
Облыс орталығында жер учаскесін алу кезегіне тіркелгендер саны көп екенін еске салған облыс әкімі қажетті инфрақұрылымдарды жүргізіп, жер учаскелерін бөлу жұмысын жеделдету қажет екенін айтты. Сонымен қатар ол тұралап қалған кәсіпорындардың жұмысын жандандыру, оларға қолдау көрсету қажеттігіне тоқталды.
Селекторлық кеңесті қорытқан өңір басгысы өзінің орынбасарларына қаралған мәселелер бойынша тапсырмалардың орындалуын қадағалауды міндеттеді.
Нұрлыгүл КӨШЕКБАЕВА,
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметкері
фото: rikatv.kz