ҰҚК департаментінің басшысы Бердібек Сапарбаевқа не деді? — TilshiNews

ҰҚК департаментінің басшысы Бердібек Сапарбаевқа не деді?

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бүгін 12 аудан мен қала әкімінің басын қосты. Өңірдегі өндіріс пен ауыл шаруашылығының ақсап тұрғандығын қатаң сынға алды.  «Аудан орталықтарының орталыққа ұқсас еш сыйқы жоқ», -деген Бердібек Сапарбаев аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді. Облыстағы ең төменгі көрсеткішке ие Мұғалжар, Шалқар аудандарының басшылары облыс әкіміне бүгін  ескіріп кеткен есептерін ұсынды. Ал, 2011 жылы елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұрынғы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке Темір ауданындағы Шұбарши елді мекенінің жағдайын дұрыстауды тапсырған болатын. Алайда, жаңа әкім ауыл жағдайын «нашар» деп бағалады. Және Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниевке  2011 жылы болған жағдайды естен шығармауды қадап айтты.
Бердібек  Сапарбаев, Ақтөбе облысы әкімі: «Шұбарши ауылындағы жағдай жақсы емес. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшысымен де сөйлестім. Аудан, ауыл әкімі күнделікті қарау керек. Сіздер, әсіресе, тұрғындармен жұмысты нашар жасайсыздар. Байланыс аз. Егер ол жерде байланыс жақсы болса, әкім халыққа жақын болса, жағдай басқа болар еді. Ойлану керек. Жан-жаққа қарау керек. Баяғы болған жағдайды да ескен шығармаған дұрыс. Егер осылай ұйықтап отыратын болсаңыз, оңай болмайды»
Облыста 15 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Алайда, бұған қарамастан бірнеше ірі кәсіпорын  жұмысшыларын қысқартып, жалақыларын азайтып  жатыр. Алда мұндай мекемелер облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова басқаратын үшжақты комиссияның  қатаң бақылауына алынатын болады. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ет, сүт, нан бағасының негізсіз көтерілмеуі қажет екенін  ескертті. Аймақ басшысы жауапты мекеме жетекшілеріне  жылы орындарынан тұрып, ауылдық жерлерді аралауды тапсырды. Бердібек Сапарбаев аудандардағы өндіріс пен ауыл шаруашылығының, инвестиция тартудың алға жылжымай отырғанына аудан әкімдерінің кәсіпкерлермен дұрыс жұмыс жасай алмайтындығы себеп екенін баса айтты. Халыққа да жақын емес. Тіпті, кейбір ауыл тұрғындары өз әкімдерін танымайды да. Ауыл шаруашылығын субсидиялау, несие туралы  халыққа толық түсіндірілмейді. Ал мұнайлы өлкеде әлі көмірмен жылытылатын мектептер бар. 12 ауданда  бірде-бір қонақ үйі немесе жолаушыларға арналған дені дұрыс дәмханалар жоқ. Бұлардың барлығына жауапты ең алдымен аудан әкімдері. Алайда, олардың еш құлқы жоқ.
фото: 7news.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *