Шалғай ауылдарға көп бара бермегенін мойындаған шенеунік «Сапарбаевтың мектебінен» кейін өзгергенін айтады

Шалғай ауылдарға көп бара бермегенін мойындаған шенеунік «Сапарбаевтың мектебінен» кейін өзгергенін айтады

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов Бердібек Сапарбаев облысқа басшы болғалы ауылдық округтерді демалыс сайын аралайтынын айтты, деп хабарлайды «Тілші».

«Мен Әйтеке би ауданына әкім болып келгенше бірнеше жерде қызмет еттім. Астанада үш министрлікте болдым. Ақтөбе қаласында да облыстық басқармада жұмыс істедім. Жасыратыны жоқ, облыс орталығында жүргенде шалғай ауылдарға шыға бермейміз. Бүгінде, Әйтеке би ауданына басшы болғалы сенбі-жексенбі күндері ауыл-аймақты аралайтын болдық», — дейді Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов «Тілшіге» берген сұхбатында.

Оның айтуынша, Ақтөбе облысына басшы болып келген аз уақытта Бердібек Сапарбаев облыстағы ауылдардың, оның ішінде шалғайдағы, кісі қарасы көп бара бермейтін елді мекендерді аралап үлгерген.

«Сапарбаевтың мектебі ғой. Демалыс күндері біз де ауылдарға жолға шығамыз. Тапсырма беріп кетеміз-ау. Кейде орындамай жүре беретін басшылар болады. Әлде бұрын сондайға үйреніп қалған болар. Өз басым қазір қарамағымдағы ауыл басшыларымен басқаша сөйлесемін. Алдымен бұл жұмыс осы жерге керек, осы ауылдың тұрғындары үшін жасалу керек деймін. Міндетті түрде бақылап отыру керек. Берілген тапсырмалардың орындалу барысын қадағалап отыру керек екен», — дейді Мәлімбет Ибрашов.

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.