Ернұр Бурахан, «Қазақстан-Ақтөбе» арнасының директоры: Телеарнаның қалыптасқан үлкен мектебі бар

Бөлісіңіз

«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы жарты ғасырдан астам уақыт бойы Ақтөбе жұртшылығын соңғы жаңалықтармен, қажетті де қызықты ақпараттармен қамтамасыз етіп келеді. Биыл наурыздан бері телеарна ұжымы 13 жаңа жобаны көрермен назарына ұсынды. «Қазақстан-Ақтөбе» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Ернұр Бурахан  телеарнаның бүгіні мен болашағы жайында әңгіме өрбітті.

— Әңгімемізді «Мен Қазақпын» жобасынан бастасақ. Аталған жоба аясында  облыста қандай шаруалар тындырылып жатыр?

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген болатын. Осы ретте Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникация министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» акционерлік қоғамы атадан-балаға мирас болған ұлттық өнерімізді, құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Мен Қазақпын» атты халықаралық телевизиялық мега жобаны қолға алып отыр. Осы мега жобаға қатысты Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев пен «Қазақстан» республикалық телерадикорпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ерлан Қарин брифинг өткізіп, «Мен Қазақпын» халықаралық жобасының басталатынын жариялаған болатын. Байқаудың түпкі мақсаты — шалғай ауылдарда жүрген өнерпаздарды үлкен сахнаға шығару.

Бұл — бірінші рет қолға алынып отырған старт жоба. Бүгінгі күні аталған жобаны жүзеге асыру  барысында облысымызда мәдени іс-шаралар басталды. Қазір әрбір ауданда дәстүрлі өнердің дүлділдерін анықтау мақсатында іріктеу жүргізіліп жатыр. Яғни, аудандардан іріктелген «Ең үздік термеші», «Ең үздік күйші» және «Ең үздік дәстүрлі әнші»  атанған өнерпаздар биыл 11 маусым күні Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтетін «Мен Қазақпын» жобасының облыстық іріктеу турына қатысады. Облыстық іріктеуден өткен үш жеңімпаз биыл тамызда Астана қаласында өтетін республикалық өнер додасына жолдама алады. Яғни, «Мен Қазақпын» жобасының республикалық деңгейде өтетін іріктеу конкурсы да дәстүрлі ән, терме және күй өнері бойынша үш бағытта өтеді. Бұл байқауға әрбір өңірден үш бағыт бойынша іріктелген үш адамнан қатысады. Қазір бұл іспен облыстық мәдениет басқармасы айналысып жатыр.

— Аймақта дәстүрлі өнерді насихаттауда жастардың рөлі қандай?

— Әрине, облыста дәстүрлі өнерді насихаттайтын, соны ұстанатын жастар бар. Жыр айтып, күй шертетін жастардың өнеріне өзіміз тәнті болып жүрміз. Әсіресе, дәстүрлі өнерді ұстанатын жастардың дені — аудандарда, ауылдарда. Аймақта жыл өткен сайын дәстүрлі өнерді насихаттаушылардың қатары көбейіп келеді. Бұл — үлкен қуаныш. Дәстүрлі өнердің қаймағы бұзылмаған — Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағыдай,  соңғы уақытта Ақтөбеде де осы үрдіс байқалады.  Ақтөбеде де дәстүрлі өнерпаздардың мектебі қалыптасқан, ең бастысы — өнердің бұл түрін жастарға үйрететін бағыт бар.  Себебі, соңғы уақытта республикалық өнер додалары мен айтыстарға қатысып жүрген жерлестеріміздің қатары көбеюде.

«Мен Қазақпын» мега жобасы — таза ұлттық дәстүрімізді, өнерімізді насихаттауды мақсат тұтады.  Аталған жобаның облыстық іріктеу байқауының толық нұсқасы 11 маусым күні кешкілік  «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасы арқылы көрермендер назарына ұсынылады.

— Осы ұжымға басшылыққа келгелі телеарна жұмысында қандай өзгерістер, жаңашылдықтар орын алды?

— Бүгінгі күні «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында бас-аяғы 43 хабар көрермен назарына ұсынылады. Биыл наурыз айынан бері телеарнада 13 жаңа бағдарлама ашылды. Халыққа ұсынылып жатқан жаңа бағдарламалардың бірі — «Мәміле». Бұл — журналистік зерттеу.  Әрине, журналистерден жан-жақтылықты, білім мен үздіксіз ізденісті талап ететін бұл саланың  жемісі — көрермен ойынан шығу, солар тағатсыздана күтетін хабар дайындау. Жалпы журналистік зерттеу әдісінің мәні — құрғақ дерек арқылы емес, авторлық бағалау арқылы жетістікке жету болғандықтан, журналист қоғамдағы түйткілді мәселелерді саралап, зерттейді. Өзекті мәселелерге талдау жасалады. «Мәміле» хабарында мамандар мен кейіпкерлердің екіжақты пікірі сарапқа салынып, талқыланады, хабар барысында көтеріліп отырған мәселені шешу жолдары қарастырылады. Бұл бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде дайындалады. Бір апта қазақ тілінде, бір апта орыс тілінде эфирден көрсетіледі.  Хабардың орыс тіліндегі нұсқасы «За дело» деп аталады. Әрине, хабарға жауапты редакторлар бекітілді. Сондай-ақ, спорттық, жастарға, әйелдер тақырыбына арқау болатын жаңа хабарлар көрермендерге жол тартты. Бүгінде көрермендер назарына ұсынылып жүрген хабарлардың бірі — «04 KZ». Бұл — автоәуесқойларға арналған хабар. «Тест драйв», автокөліктердің жүріске шыдамдылығы, сапалылығы мен техникалық ерекшелігі хабар барысында сыналып, көрермендерге жан-жақты ақпарат беріледі. Сол сияқты, көрерменге жол ережесіне байланысты заңдағы өзгертулер мен толықтырулар жөнінде түсіндіріледі.

Ай сайын жаңа хабарлар шығарып отыруға тырысамыз. Алайда телевизия мамандары үшін жаңа маусымның бастауы болып есептелетін күз мезгілі — жаңа жобалардың, тың идеяларды жүзеге асырудың кезі. Сондықтан телемаусым қыркүйекте басталатындықтан, бұл кезде жаңа хабарлар шығару мақсатында дайындықты ерте бастап кеттік. Сондай-ақ, еліміздегі айтулы мерекелерге байланысты телеарна ұжымының бірлескен еңбегінің нәтижесінде бірқатар реалити-шоу хабарлар түсіріп көрдік. Бұл — бір реттік хабарлар. Нәтижесі жаман болмады. Реалити-шоу бағдарламалар көрермендер тарапынан ыстық ықыласқа бөленді. Енді жазғы мезгілде осындай реалити форматта тағы да бірнеше хабарлар жазуды ойластырып отырмыз. Соның бірі — «Бүк-шік». Бұл — хабардың аймақтық баламасы болып саналады. Яғни, журналистер арасында бәс тігіледі. Журналистің бірі  аудан орталығына, екіншісі шалғай ауылдарға аттанып, сол өңірдің тыныс-тіршілігі, жетістігі мен проблемасы жайында хабар дайындайды.

Ақтөбе облысының 85 жылдығына, сондай-ақ «Туған жерге тағзым», «Ақтөбе — құтты мекен» акциялары аясында жасап жатқан жобаларымыз бар. Мәселен, облыстың 85 жылдығына орай «Шамшырақ-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерімен бірлесіп көрші облыстарға «Телегазет» экспедициясымен жолға шығуды жоспарлап отырмыз.  Мамыр айында «Best JOB» жасөспірімдерге арналған жобаны қолға алдық. Бүгінгі күні оқушылар арасында конкурс өткізіп жатырмыз. Бұл жобаны біз Ақтөбе қаласындағы Жанаргүл Досова басшылық ететін «Media Pro» продюсерлік орталығымен бірлесіп ұйымдастырып жатырмыз.  Бұл жерде жас репортердің дауысына, эмоциясына, сымбаттылығына ерекше мән беріледі. Үміткерлер байқаудың бірнеше сатысынан өтеді. Нәтижесінде он шақты бала іріктеліп, содан кейін олар телестудияда тәжірибе жинақтайды. Бұл жерде мамандар балаларға эфир мәдениетін үйретеді. Жоба соңында 1 ер бала, 1 қыз бала жеңімпаз атанады. Жеңімпаздардың есімдері 28 маусым — Журналистер күні жарияланады. Олар «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының жаңа телемаусымда ашылатын балалар мен жасөспірімдерге арналатын хабарының тұрақты жүргізушісі болады. Себебі, бүгінгі күні телеарнада кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Еркетай» жобасынан басқа, балалар мен жасөспірімдерге арналған хабар жоқ. Бұл ақпараттық-ойын-сауық бағыттағы хабар болады. Алдағы уақытта «Еркетай» хабарының тізгінін балалар өз қолына алса деген ойымыз бар. Бұл жобаның жүргізушілерін таңдау үшін де қазір іріктеу жасалып жатыр.  Мұндағы мақсат — болашақ журналистерді осы жастан тәрбиелеу. Өйткені «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының төңірегінде қалыптасқан үлкен тележурналистикалық мектеп бар. Осы қарашаңырақтан шыққан көптеген тележурналист пен продюссерлер республикалық арналарда эфир жүргізіп, нәтижелі жұмыстар тындырып жүр. Біздің мақсатымыз — осы дәстүрді әрмен қарай жалғастырайық деген ой. Себебі, ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмауымыз керек.

Жаңа жобалардың қатарында «СпортTIME», «Дабыл», «Агро аймақ» секілді хабарлар да бар. «Дабыл» — жергілікті қадағалаушы және құқық қорғау, төтенше жағдайлар жөніндегі құзырлы органдармен бірлесе дайындалатын хабар. Бұл жобаның тақырыбы қоғамдағы құқықбұзушылықтар мен түрлі қауіп-қатерлерді қамтиды. Хабар барысында ауыр қылмыстар, сыбайлас жемқорлық деректері, жол-көлік апаттары, түрлі төтенше жағдайлар ашық көрсетіледі. Осы салаларда еңбек етіп жатқандардың ерен еңбегін хабарымызға арқау етуді мақсат тұттық. Себебі, осындай адамдардың кейде ерлікке пара-пар әрекеттері көбінесе тысқара қалып қойып жатады. Сондықтан біздің тілшілер мамандармен бірге күндізгі болмаса түнгі рейдке шығып, осы салада еңбек ететіндердің күнделікті тіршілігін халыққа паш етпек.

Ал ауылдағы қарапайым шаруаларды, еңбек адамдарын дәріптеу мақсатында жүзеге асырылған «Агро аймақ» бағдарламасы — бүгінде өз көрерменін тапқан хабардың бірі.  Тағы бір жаңа жоба — «Менің мамандығым». Бұл хабарда неғұрлым қарапайым еңбек адамдарын әңгімеге арқау етеміз. Алдыңғы хабарлардың бірінің кейіпкері — қар тазалаушы тракторшы болды. Біздің тілшілер осы бір еңбек адамының тынымсыз жұмысы арқылы қаладағы бүтін бір тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық саласының қалай жұмыс жасайтыны туралы хабар дайындап, көпшілік назарына ұсынды. Қала тұрғындарының кедергісіз жұмысқа жетуіне жағдай жасау үшін сала мамандарының, әсіресе осындай жұмысшылардың түнімен қар тазалап, үздіксіз еңбек ететінін бірі білсе, бірі біле бермейді. Келешекте бұл хабар алдағы уақытта өзінің жемісін беретін жобалардың бірі болмақ деген ойдамын.

Тағы бір айта кететін жайт, алдағы уақытта телеарна мен театр ұжымдарының арасындағы ынтымақтастық байланысты нығайтпақпыз. Бұған дейін «Телетеатр» жобасында театр сахнасындағы қойылымдар көрсетіліп келсе, алдағы уақытта театр қойылымдарын телефильм ретінде көрермен назарына ұсыну ойымызда бар. Қойылымды сахнада емес,  пәтер ішінде, театр әртістерінің қатысуымен түсіргенді жөн санап отырмыз. Бұл бағытта театрмен бірлескен жобамызды жақын күндері қолға алмақпыз.  Себебі, қазір театрға баруға кім-кімнің де қолы тие бермейді. Мақсат — театрды телеарна арқылы насихаттау.

— Қазір көпшілікті әлеуметтік желідегі жаңалықтардың қызықтыратыны рас. Бұл орайда телеарнаның әлеуметтік желідегі белсенділігі қандай?

— Қазір Ақтөбе халқы әлеуметтік желілерде өте белсенді. Әлеуметтік желілердегі жаңалықтарға шолу жасау мақсатында телеарнамызда арнайы бағдарлама аштық. Хабар «Ақтөбе Life» деп аталады. Екі тілде жүргізілетін хабардың негізгі мақсаты — апта барысында әлеуметтік желілердегі жаңалықтарға талдау, сараптама жүргізіледі. Соның ішінде, өңірге қатысты өзекті мәселелер іріктеп алынып, көпшіліктің пікірі көгілдір экраннан айтылады.

Телеарнаның ең басты жаңалығы — сайтты жаңарттық. Эфирден көрсетілетін жаңалықтар мен хабарлардың барлығы сайтқа топтастырылады. Телеарна сайты барлық әлеуметтік желілерге тіркелген. Мәселен, Facebook әлеуметтік желісінде «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын көрермендер тәулік бойы онлайн режимде көре алады. Соңғы мәлімет бойынша, қазір облыс халқының 91 пайызы «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасын көру мүмкіндігіне ие болып отыр.  Бұл көрсеткіш ақпан айында 83 пайыз болатын. Демек, ілгерілеушілік бар.

Телеарна жұмысына енгізген тағы бір жаңалығымыз — онлайн  жарнама қабылдауды іске асырдық. Бұл, әсіресе шалғай ауылдардағы тұрғындарға тиімді болмақ. Яғни, тұрғындар телеарна сайтына кіріп, жүгіртпе жолға болмаса тағы басқа да жарнама мәтіндерін интернет арқылы жолдай алады. Қазір тұрғындар жаңа жүйеге үйренісіп қалды, жарнамалар сайт арқылы қабылданып жатыр. Әрине, жаңа технологияны үлкендер жағы түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан әрбір аудан орталығында «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасына жарнама қабылдау пунктін ашуды жоспарлап отырмыз.   Бүгінгі күні Хромтау, Мәртөк, Мұғалжар аудандарында осындай пункттеріміз ашылды. Жақын күндері Ойыл, Қобда аудандарындағы пункттерімізде жарнама қабылданатын болады. Бұл — өз кезегінде халықтың телеарнаға жарнама беру ісін жеңілдету әрі ыңғайлы ету мақсатында қолға алынған шаруа.

Негізгі жаңашылдықтарға үйрене бастаған көрерменге қыркүйек айындағы телеарналар үшін «жаңа маусымда» тағы бірнеше жобаны ұсынамыз. Мәселен, «Мейірім» атты тележобаның баламасы жоқ деуге болады. Атына затын сай етіп, мейірімділік пен қайырымдылықты телеарна қызметкерлері тікелей жүзеге асырады. Мұқтаж жандарға арнап қан тапсырып, телеарна жүргізушілерінің қолынан шыққан бұйымдар жәрмеңкесінен түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсаудың өзі — жаңалықтарымыздың бір парасы ғана. Сондықтан, қыркүйекті күтейік. Біз телеарна өнімдерін еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейінгі аралықты қамтитын әрбір көрерменге жеткізуге күш саламыз.

Тағы бір айта кететін жайт, көрермендеріміз көкейде жүрген мәселелерін телеарнаға Whatsapp әлеуметтік желісіндегі 87084717267 нөмірі арқылы жолдай алады. Себебі, тікелей эфирде өтетін кейбір хабарлардың кейіпкерлерін телеарна арқылы алдын ала хабарлаймыз. Осындай хабарларға қатысу үшін көрермендердің әлеуметтік желі арқылы кейіпкерге алдын ала сауал жолдап, ұсыныс айтуы үшін қарастырылған мүмкіндік. Сол сияқты, жаңалықтар бөлімінде де Whatsapp әлеуметтік желісінде 87084717268 байланыс нөміріміз бар. Яғни, кез келген адам жеке және әлеуметтік мәселелерге байланысты телеарнаға хабарласып, болмаса осы Whatsapp нөмірі арқылы байланысып, фото, бейнематериалдар жолдай алады. Бүгінгі күні жаңалықтар бөлімінің байланыс нөміріне  аптасына 30-ға жуық адам хабарласады. Түрлі сауалдар қойып, өзекті тақырыптар бойынша бейнесюжеттер түсіреміз. Бұл қоғамдағы мәселені бірлесе шешудің бірден-бір жолы.

Биыл қыркүйекте телеарна жұмысын сандық технологияның ең соңғы форматына көшіруді ойластырып отырмыз. Егер біз қыркүйекке дейін республикалық арналар секілді HD-форматына көшсек, өңірлердегі телеарналардың арасында бірінші болып бұл жетістікке қол жеткізбекпіз. Бұл — өз кезегінде эфир сапасын жақсартады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Арайлым Нұрбаева, «Ақтөбе» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *