Баспасөз беттерінде балаларға қатысты материал қалай жариялануы керек?

Баспасөз беттерінде балаларға қатысты материал қалай жариялануы керек?

Ақтөбеде балаларға қатысты материалдарды БАҚ бетінде қалай жариялау керектігі жөнінде екі күндік семинар-тренинг басталды. Шараны Құқықтық медиа орталық пен ЮНИСЕФ ұйымы өткізіп отыр, деп хабарлайды «Тілші».

Медиазаңгер Гүлмира Біржанованың айтуынша, соңғы кезде баспасөз беттерінде бала құқықтары ескеріле бермейді. Кәмелетке толмаған балалардың суреттері рейтинг қуған ақпарат құралдарында қаптап кетті.

«Ата-анасынан немесе заңды өкілдерінен рұқсат алу керек. Әсіресе, жиілеп кеткен педофилияға қатысты жайттарды жариялағанда кішкентай баланың түрін көрсетіп, мекенжайына дейін тәптіштеудің қажеті жоқ. Онсыз да моральдік және физикалық зардап шеккен балаға баспасөз тарапынан тағы да үлкен соққы болатыны түсінікті», — дейді заңгер.

Құқықтық медиа орталығының заңгері Гүлмира Біржанова республикалық және аймақтық БАҚ-та жарияланған балалардың суреттеріне шолу жасап өтті.

%d1%80%d1%80%d1%80%d1%80%d1%80

«Рас, Сирияда теңіз жағасына шығып қалған баланың фотосы қоғамдық мәселені көрсетті. Осы кадр арқылы әлемнің назарын босқындардың ауыр жағдайына аударды. Ақтөбедегі су тасқынынан зардап шеккен Махаббат есімді кішкентай қыздың жанайқайы да бірнеше мәселені ашып көрсетті. Оның жанында анасы болды, мұндай жағдайда баланы видеоға түсіруге, одан сұхбат алуға қасында тұрған анасының рұқсаты жеткілікті», — деді Гүлмира Біржанова.

Құқықтық медиа орталықтың директоры Диана Окремова балаларға қатысты материал әзірлегенде қандай құжаттарды, ұлттық және халықаралық заңнамаларды негізге алу керектігіне тоқтап өтті. Жалпы ЮНИСЕФ қағидалары мен стандарттарын тізбелеп берді.

Айта кетейік, екі күндік шара аясында педиатр дәрігерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері дәріс оқиды. Сонымен бірге, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына тур ұйымдастырылады деп жоспарланған.

Семинар-тренингке көрші облыстар мен аудандық БАҚ өкілдері де қатысуда.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.