Ақтөбедегі Тұрғын үй жинақ банкінің кеңесшілері шалғай ауылдарға шығып, есепшот ашып беруге әзір

Ақтөбедегі Тұрғын үй жинақ банкінің кеңесшілері шалғай ауылдарға шығып, есепшот ашып беруге әзір

Тұрғын үй қорынан есепшот ашқысы келіп, алайда, аудан немесе облыс орталығына жете алмай жүрген шалғай ауыл тұрғындары үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері бүгін жағымды жаңалық жеткізді, деп хабарлайды «Тілші».

«Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында олар банк кеңесшілерінің жұмысы туралы айтып берді.

«Бүгінде облыс көлемінде штаттан тыс 108 кеңесші бар. Олардың әрбірінде планшеті бар. Ай сайын облыс орталығынан аудан-ауылдарға іссапармен шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. сонымен бірге, салымшылармен келісімшарттарға отырып, есепшот ашып береді», — деп хабарлады «Тілшіге» бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Жұлдыз Сермағамбетова.

Оның айтуынша, бүгінде бірқатар аудан орталықтарында кеңес беру орталықтары жұмыс істейді.

«Жыл соңына дейін мұндай орталықтар барлық ауданда ашылады деп жоспарланып отыр. Ал, алыс ауыл тұрғындары 300 контакт-нөміріне хабарласа алады. Банк өкілдері бүгінде Бозой секілді шалғай ауылдарға дейін шығып жүр. Мекенжайын айтса, біздің кеңес берушілер барып, шот ашып бере алады», — дейді бизнесті дамыту секторының басшысы Жұлдыз Сермағамбетова.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.