Ақтөбе облыстық филармониясы ұжымының әрбір үшінші қызметкерінің баспанасы жоқ

Бөлісіңіз

Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы ұжымының шамамен әрбір үшінші қызметкерінің баспанасы жоқ, деп хабарлайды «Тілші».

Филармония директоры Елубай Кенжалиевтің айтуынша, ұжымның 30 пайызының өз баспанасы жоқ. Оның үстіне, сырттан жас мамандар тарту керектігі сезіледі.

«Бүгін біздің мекеменің төрт қызметкері баспаналы болып жатыр. Қуаныштымыз. Өнер ұжымы атынан, әртістеріміздің атынан облыс басшысы Бердібек Сапарбаевқа алғысымыз шексіз», — деді ол қызметтік баспаналардың кілттерін табыстау кезінде.

Елубай Кенжалиевтің айтуынша, филармонияға қарасты камералық оркестр әртістері биыл Санкт-Петербург қаласында бірінші орын алып келді. Сингапурге жолдама алып жатыр. Бүгінде хордың концерттерінде зал лық толады.

«Облыс басшылығы әртістерімізге жағдай жасап жатыр. Дегенмен, тағы да өзге әртістеріміз баспаналы болса деген үмітіміз жоқ емес. Бізге тағы да жас мамандарды тарту керек. Жалпы, филармония тарихында осындай баспана алып жатқанымыз алғаш рет», — дейді Елубай Кенжалиев.

Естеріңізге сала кетейік, Наурыз мейрамы қарсаңында әлеуметтік салада қызмет ететін 70 адам баспаналы болды. Қызметтік пәтер алып, қоныс тойларын тойлап жатқандардың қатарында БАҚ өкілдері, өнер адамдары, білім саласының қызметкерлері, т.б. бар.

Айта кетейік, бүгінде, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда 220 адам еңбек етеді. Олардың орташа жалақысы шамамен 60 мың теңге төңірегінде.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *