Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері Үкіметтің қаулысымен жекеге өтетін нысандар тізімінен алынып тасталды

Бөлісіңіз

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері жекеге өтпейтін болды. Олар құрамына кіретін «Шамшырақ Ақтөбе» ЖШС үкімет қаулысымен жекешелендіруге жататын нысандар тізімінен алынды. Бұл туралы «Тілшіге» облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Алмас Елбосынов хабарлады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін «Тілші» Ақтөбе облысындағы мемлекеттік газеттердің жекеге өтуі мүмкіндігін хабарлаған болатын.

«Үкімет қаулысы шықты. Бірақ әлі қолымызға тимеді. Тапсырма да келді. Облыстық басылымдар жекешелендіруге жатпайтын болды. Енді ондай мәселе тұрған жоқ. Тек Ақтөбе облысының газеттері ғана емес, республика бойынша барлық басылымдар да жекеге өтпейтін болды», — дейді «Тілшіге» хабарласқан Алмас Елбосынов.

Ішкі саясат басқармасы өкілінің айтуынша, бірқатар облыстардағы аудандық газеттер де жекеге өтпейтін болыпты.

Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы 12 аудандық газеттің де жекешелендіріп кеткенін хабарлаған едік. Кейбір аудандық газеттерде штат қысқартылып, журналистер мен редакция қызметкерлері жұмыссыз қалды.

«Ақтөбе облысындағы аудандық газеттердің жекеге өтіп кеткені рас. Енді, олардың кеткені сол кеткен. Өзге облыстарда аудандық газеттер «Шамшырақ Ақтөбе» секілді кәсіпорындардың құрамында қалды», — дейді Алмас Елбосынов.

Айта кетейік, екі газеттің қазіргі басшысы Раукен Отыншин («Шамшырақ Ақтөбе» ЖШС директоры — ред.) осыған дейін «Тілшіге» жекешелендіруге қатысты қолдан келген барлық жағдайдың жасалатындығы туралы хабарлаған болатын.

Марат Төлепберген, «Тілші»

фото: polit.ru

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *