ТАХАУИ ТЕАТРЫ НЕГЕ ДҮРЛІКТІ?

Бөлісіңіз

 

Облысқа жаңа әкім болып Бердібек Сапарбаев келгелі Ақтөбедегі мемлекеттік орындарда тыным жоқ. Жұрттың бәрі «ол кісі ескертусіз, нөкерлерсіз келе береді» деген соң, біздің мәдениет басқармасының да мазасы қашты. Олардың мазасы қашса бізге тыным жоқ.
«Т.Ахтанов театрының жаңа маусымының ашылуына облыс әкімі келіп қалуы мүмкін» деген сыбыс тарағалы театрдың төрт есігіне қарауыл қойылды. Әрине, ол кісі келсе жақсы ырым ғой. Содан не керек, күн ұзақ күткеніміз келмеді.

Кешке театрдың маусымын Т.Ахтановтың «АНТ» шығармасымен бастап жібердік. Залда жарық өшті, қойылым енді бастала бергенде қою қараңғыда үш кісі сау етіп кіріп келді де алдынғы орындарға жайғасты. Билет тексеретін бір келіншек «ойбай, ойбай, театрға әкім кіріп кетті» деп, шошып ентігіп жүгіріп келді. Мен орнымнан ұшып тұрып сыртқа шықтым. Ғимаратта жүргендер абдырап қалды. Хабар жеткізген қызметші, тілге келе алмай жатыр.

— Шырағым, неге шошисың? Ол да адам баласы ғой, — деді бір аға әртісіміз.

-Мен осы уақытқа дейін ешқашан спектаклге әкімнің келгенін көрген емеспін, -дейді әлгі келіншек ентігіп. Шыныменде көзі шарасынан шығып кеткен. Бетіне мұздай су бүркігеннен соң қалпына келе бастады.

-Көрмесең міне көрдің, бұл біз үшін үлкен қуаныш, — деп жатыр театрдағылар.

Бұл әнгіме қас қағымда сахнадағы әртістердің құлағына да жетті. Мен қуандым ба, қорықтым ба, білмеймін, театрды үш айналып жүгіріп келдім. «Театрға өзі келген облыс басшысымен қалай болғанда тілдесіп қалуымыз керек» деп бір ақ шашты апайымыз ұсыныс тастады.

Қойылым біткенше шағын дастархан әзірлеп үлгердік. Ойымыз өнердің қара шаңырағында отырып, театрдың шешілмей жүрген үлкен мәселелерін айтып қалу ғой. Тарихи драма өте керемет өтті. Халық жылы ықыласпен қабылдады.

Залда жарық жанған кезде, жүрегіміз орнына түсті. Облыс әкімі деп күтіп отырғанымыз, қаламыздағы белгілі ұстаз, профессор академик Алтай Тайжанов ағамыз болып шықты. Қасында Келдібай деген атақты зейнеткер бар. Содан бәріміз бірге терлеп шәй іштік. Енді, «ЕКІ ЕЗУ» сатира труппасының «БЕУ, ҚЫЗДАР-АЙ» атты жаңа қойылымы болады.
Енді кім келеді екен?…

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН, театр директоры

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *