Қазақстанның Сыртқы істер министрі БҰҰ Сирия мәселесі жөніндегі Арнайы уәкілмен келіссөздер өткізді

Бөлісіңіз

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Сирия мәселесі жөніндегі Арнайы уәкілі Стаффан де Мистурамен келіссөздер өткізді, деп хабарлайды «Тілші» СІМ-ге сілтеме жасап.

Кездесудің басты тақырыбы Астанада өтетін сириялық дағдарысты реттеуге бағытталған Сирия Араб Республикасы Үкіметі мен сириялық қарулы оппозиция арасындағы халықаралық кездесуге қатысты болды.

С. Де Мистура сириялық келіссөздерді Астанада өткізуге келісімін берген Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің атынан алғысын білдіріп, жаһандық ұйым Астана басқосуын өткізу бастамасын бірінші боп қолдағанын атап өтті.

Өз кезегінде Қ. Әбдірахманов Қазақстан БҰҰ-н Сирия дағдарысына қатысты келіссөздерді ұйымдастыру үрдісінің басты қатысушы тарапы ретінде танитынын және Астанада өтетін кездесу Женевадағы бейбіт келіссөздердің кезекті отырысын өткізуге оң әсерін тигізетінін білдірді.

Әңгіме барысында дипломаттар сонымен қатар Астана кездесуіне қатысты барлық ұйымдастырушылық мәселелерді де талқыға салып, сириялық дағдарысты реттеуді көздеген белсенді іс-қимылдарды одан әрі жалғастыру қажет екенін атап өтті.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі С. Де Мистураны еліміздің бейбітшіл бастамалары жайында және Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі ретіндегі жұмысының басымдықтарынан хабардар етті.

Сондай-ақ, дәл сол күні Қ. Әбдірахманов Астанада өтетін Сириядағы жағдайды реттеу бойынша халықаралық кездесуге қатысты түрлі мәселелерді талқылау мақсатымен Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы және Түркия Республикасы делегацияларының басшыларымен кездесу өткізді.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *