Атына кір келтірмеуді ойлаған «Дарын» орталығының аудандардағы былықтарға бас қатырғысы жоқ

Олимпиада ата-аналардың келіспеушілігімен басталды

Ақтөбедегі білім олимпиадасының екінші күні басталмай жатып, бір ата-ананың шағымданып жатқанына куә болдық. Ол математикадан жарысқа қатысып жатқан қызына тапсырманың «түсінбейтін тілде түсіндірілгенін» жеткізді. Білім додасы басталмай жатып, тағы бір оқушының ата-анасы келіп, ұйымдастырушылардың жұмысына көңілі толмайтынын білдірді. Екі жыл қатарынан баласына «тегіңді (фамилиясын) дұрыстап жазбапсың» деген желеумен балдары өзгергенге ұқсайды. Ата-ана комиссия құрамын біле алмай тұрды.
«Комиссия құрамының тізімін бере қойыңызшы, қиын ба, не?», — деп қиылып тұрды таңнан бері күтіп жүргенін айтқан ата-ана.
«Олимпиадамды бастап алайын, сізбен сосын сөйлесемін», — деді оған «Ақтөбе Дарын» орталығының директоры Жания Есенжолова.

«Түсінбейтін ата-аналар бар»

«Ақтөбе Дарын» орталығы жетекшісінің пайымынша, «түсінбейтін ата-аналар» болады.
«Неустойчивый» ата-аналар болады, баланы жылатып қояды, неге ондай задание береді деп сөйлейтін ата-аналар бар», — дейді ол.
Дегенмен, олимпиада жюрилері өзгелер емес, осы ата-аналар қатарынан құралғанын да айта кеткен жөн. Әр мектептен ата-аналар бақылап отырады. Жарыс өтіп жатқан кабинеттерде бір-екі ата-анадан болды.

Тәуелсіз бақылаушылар кешігіп жетті

Облыстық білім басқармасы мен олимпиаданы ұйымдастырушылар қаңқу сөздер болмас үшін тәуелсіз комиссия құрылғанын жеткізді.
Бір қызығы, жарыстың алғашқы күні қатысқан бақылаушылар екінші күні төбе көрсетпеді. «Нұр Отан» мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен бақылаушылар келе алмады. Өз кезегінде, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің басшылығы комиссия құрамында екенін «Тілшіден» біліп, аң-таң болғанын жасырмады.
Ал ардагер педагогтар онсыз да кеш басталған олимпиадаға біршама кешігіп келді.

screenshot_2017-01-09-15-23-41

«Утечка болмайды»

«Дарын Ақтөбе» орталығының жетекшісі Жания Есенжолованың сендіруінше, ешқандай «утечка болмайды».
«Таңғы сағат жетіде электронды поштама тапсырма жіберіледі. Мен барып ашамын да, бала санына қарай көбейтіп аламын. Содан соң, осында жюрилерге тапсырамыз», — дейді ол.
Рас, таңға сағат 7 мен олимпиаданың сағат 11-ге таман басталуының өзі жағдайдын анау айтқандай керемет екеніне күдік ұялататын секілді. Бақандай төрт сағатта көп нәрсе үлгеруге болады емес пе?!

«Орындар сатып алынады деген әңгіме жыл сайын шығады»

«Олимпиадада орындар сатып алынады» деген әңгіме жыл сайын шығады екен. Оны орталық жетекшісінің өзі растап отыр.
«Осындай әңгіме азайсын, тіпт мүлдем болмасын дейміз. Сондықтан, биылдан бастап ата-аналар тарапынан бақылаушылар тартып отырмыз», — дейді орталық жетекшісі.

«Қаңқу сөздің тарауына ата-ана кінәлі»

Өздерін «судан таза, сүттен ақ» қылып көрсеткісі келіп отырған педагогтар қаңқу сөздердің тарауына ата-аналарды кінәлағасы келеді.
«Сатылады деген әңгіме шыққан бойда аудандарға хабарласамыз. Ол жақтағылар өз арасында тексеру жұмыстарын өткізіп, біз жақ тыныш дегенді айтады», — дейді орталық жетекшісі.
Ұйымдастырушылардың пайымынша, әңгімені ата-аналар тарататын көрінеді.

«Оқушылар, ондай әңгіме айтпаңдар»

Олимпиадаға қатысушылардың бірі, ауданнан келен мектеп оқушысы хабарлағандай, ұстаздары тарапынан «ондай әңгіме айтпаңдар, тыныш жүріңдер» деген «команда» да түскен.
Дегенмен, «балалы үйдің ұрлығы жатпайды» дегендей, орындардың сатылуы жайында алдымен өзге емес, алдымен оқушылар арасында гу-гу әңгіме тарайды.
«Бізді ауылдан қалаға әкелгенде арнайы интернетқа орналастырды. Жоғары сынып оқушылары бар, төменгі класта оқитындар бар, басым көпшілігігің айтып жүргені, орындардың сатылу мүмкіндігі, кей пәндер бойынша орын алу үмітінің жоқтығы», — дейді оқушылардың бірі.

  Педагог: «Өмірде барлығы сатыла бермейтінін балаға түсіндіру керек»

«Бала алдымен өзіне сенімді болсын. Ал, ата-анасы баласына өмірде көп нәрсе сатылмайтынын түсіндірсін». Бұл «Дарын Ақтөбе» орталығынан ата-аналарға берілген кеңес.
«Әйтпесе, орын сатып, ақша алып жатқан мұғалімде қолмен ұстап алмадық қой», — дейді ол.

«Дарын Ақтөбе» өкілі: «Атымызға кір келмесе дейміз»

Материал әзірленіп жатқанда «Дарын Ақтөбе» орталығы тарапынан қоңырау шалып, олимпиаданың әділ өтіп жатқанын түсіндіруге тырысты.
«Сіз ата-аналарды тыңдай бермеңіз. Олар айта береді. Біз үнемі таза өткіземіз. Сіздіңше, мәселен, қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары да орындарды сатып алады ма екен?», — деді телефон арқылы «Дарын Ақтөбе» атынан хабарласқан адам.

Тәуелсіз бақылаушы, ардагер ұстаз: «Бізде олимпиадаға дайындайтын мұғалім тапшы»

Олимпиада кезінде тәуелсіз комиссия құрамында болған ардагер ұстаз сайыс кезінде бір оқушыдан ұялы телефон тауып алғанын жеткізді.
«Бала ғой, отыра берсін дегіміз келген. Алайда, телефонын тексере келе, оның дәл сол тапсырма бойынша көшіріп жатқанын аңғардық. Дереу шара қолдандық. Мұғалжар ауданынан келген оқушы әрі қарай қатыса алмайтын болды», — дейді тәуелсіз бақылаушы.
Ардагр ұстаз бірқатар тапсырмалардың аса ауыр екенін жасырмады.
«Жалпы, балалар қабілетті болғанымен, дайындықтары төмен болуы мүмкін. Әсіресе, аудандардан келген оқушыларда дайындық жағы ақсаңдап жатыр. Олимпиадаға оқушыларды арнайы дайындайтын кадр жоқ. Сол себепті, бала біле тұра, сақтық ретінде осындай қадамдарға баруы мүмкін», — дейді ардагер ұстаз Гүлжан Тәуірбайқызы.

Білім саласының экс-қызметкері: «Біз олимпиадада орындарды сатып келдік!»

Аты-жөнін, тіпті, қай ауданнан екенін де атамауымызды өтінген білім саласының бұрынғы қызметкері өз ауданы бойынша орын сату схемасын егжей-тегжей айтып берді.
«Мен өзім комиссия құрамында болдым. Тапсырманы бала санына қарай баспаханадан шығарамыз. Флешка бір адамда болады. Кейін жағдайға байланысты тағы тапсырма санын көбейтіп отырады. Тапсырмаларды қаладағы оқу орындарының бірінде мамандар әзірлейді. Сол арада, ауданның имиджіне алаңдаған ұстаздар университеттен таныс іздей бастайды. Бұл іске ата-ана да кірісіп кетуі мүмкін. Алғашқы орындарды білімі бар оқушылар еншілейді, әрине. Содан ауысқан орындарға талас басталады. Олимпиада кезіндегі тәуелсіз бақылаушылар ештеңе шешпейді. Олар тек конверттің уақытылы әкелгенін, қорытынды жұмыстардың уақытылы әкетілгенін қадағалауы мүмкін. Олардың қолында тұрған ештеңе жоқ».

«Дарын Ақтөбе» жетекшісі: «Ауданда орын сатылса, онда ол олардың проблемасы»

Қаңқу сөздерді жоққа шығармағанымен, қылмыстың үстінен ешкімді ұстап та көрмеген «Дарын Ақтөбе» жетекшісі қандай да болсын жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейтінін жасырмады.

«Мен неге өзімнің мойныма аламын?!. Егер, аудандарда орындарды сатып алып жатса, онда ол өздерінің проблемасы» деп қысқа қайырды Жания Есенжолова.

Марат Төлепберген, «Тілші»

5 thoughts on “Атына кір келтірмеуді ойлаған «Дарын» орталығының аудандардағы былықтарға бас қатырғысы жоқ

  1. Дарынды балалардың алдың қалталы балалар орап әкететін уақытқа душар болдық. Бұл жүйенің ұйымдастырушысы да қадағалаушысы да бары айқын. Тік білімді ұрпақтын ақшалы ұрпаққа есе жіберуі болмаса. Бірінші кезеңнің қорытындысынан кейінгі жағдайды көрмейді кейбір ұстаздар сол жатақханадағы еңкілдеген жастардың дауысы бір тыңбайтыны құлақтан кетпейді. Білім саласындағы қаржыға деген құмарлық, қажеттілік жастардың көз жасынанда артықтау боп тұр.

    1. Я, ученик казахско-турецкого лицея-интерната для одаренных юношей, и я не согласен то что люди говорят о купленных местах. Есть люди которые занимались олимпиадой по 2-3 года и я не думаю, что они занимаются этим делом чтобы в конце-концов купить это место. Другие школы готовятся за месяц до олимпиады, а в лицее готовятся с 7 класса. Это очень упорный труд, где ученики готовятся по 5 часов в сутки, а то и больше. Мы проделываем колоссальный труд, не только ради себя, но и для нашей области, и страны.

  2. Сіздің жазған мақаланызбен келіспим. Олимпиаданың қалай өтетінің білу үшін, оның ішінде жүріп, толық процессін көру қажет. Өзім осы олимпиада саласында жүргеніме 8 жыл болды. Оның 5 жылын қатысушы ретінде, 3 жылын әділ-қазылық етіп жүрм, 8 жылдық тәжірибиемде парақорлық мәселесімен кездесіп көргенім жоқ. жоғарыда жазылған мақалада кейбір жерлерінде информациялық қателер жіберілген, кәзіргі танда олимпиада мүлде басқаша өтеді, және талаптары да басқа. Олимпиадада женіске жету үшін күш, қайрат, ақыл керек. Шын мәнінде олимпиада спорт секілді улкен дайындықты талап етеді, кез келген олимпиада қатысушысы моралдық фоны женіске де, жеңіліске де дайын болуы қажет. PS- Ақыл ойы таза, өмірдың ащщы жаман жақтарын көрмеген оқушыларға, парақорлық мәселесін емес, парақорлықсыз да жеңіске жету болатының түсіндіру қажет.

  3. Я участвую в третий раз на областной олимпиаде, и всегда брал именно то место, которое я заслужил. Научно-практический центр «Дарын-Актобе» из года в год поддерживает одаренных детей морально перед республиканскими и международными олимпиадами. Это, действительно, очень важно для учеников, потому что эта олимпиада является очень стрессовой. И это лишь один из многих примеров того, как «Дарын-Актобе» помогает школьникам защитить честь нашей области.
    Областная олимпиада проходит честно, и только самые достойные проходят на финальный этап. Во время олимпиады дежурные учителя очень тщательно следили за проведением олимпиады. В этом году им еще помогали наблюдатели. Добиться успехов на этой олимпиаде дается с трудом. Этот успех требует долгой подготовки и терпения. Поэтому я всегда буду благодарен научно-практическому центра «Дарын» за все хорошее, что они сделали для меня и для других учеников нашей области.

  4. Менің ойымша, орындарды сатып алу туралы сөйлеу — бос әңгіме. Себебі көп қатысушылардың айтуынша, олар ешқашан осындай парақор әрекеттерді байқап көрмеген. Өзім де олимпиадаға үш рет қатыстым. Бұл әңгіме өзінің нәтижелеріне риза болмаған қатысушылардан шығады. Олар депрессияға ұшырап, өзін төмен санамау үшін ойланбастан айта береді. Бұл проблеманың тек қана бір шешімі бар деп ойлаймын. Ол — тек қана өзіне сену. Олимпиада уақытында тыйым салынған заттарды қолданудың дым пайдасы жоқ. Бұл әрекет қатысушының өздеріне де, жюрилерге де қиындық туғызады. Оқушының білімі артпайды. Сол үшін олимпиаданы мақсат қылып, барынша дайындалу керек. Олимпиаданың нәтижесі тек адамның дайындығына байланысты.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *