Қытайдың Hunan TV арнасы 2 млрд xалыққа қазақ әншісі Димаш Құдайбергенді таныстырды

Қытай елінің ең беделді орталық Hunan TV телеарнасы 2 млрд xалыққа жаңа қазақ әншісін таныстырды, деп хабарлайды «Тілші».

Бұл туралы жас әнші Димаш Құдайбергеннің досы Алпамыс Шаримов әлеуметтік желіде жазыпты.

«I am singer» («Мен әншімін») деп аталатын байқаудың биыл 5-ші маусымы. Қытайдың, тіпті, алыс-жақын шет елдің «сен тұр, мен атайын» әншілері, танымал жұлдыздары, күллі әлем, стадион мен ареналарды жинап жүрген 6 әншісіне қарсы біздің Димаш @kudaibergenov.dimash бағын сынап, бәйгеге түседі. Бұл жас әншілердің жарысы емес, Димашқа қарсы «Қытайдың Роза Рымбаевасы, Алла Пугачевалары (сіздерге түсінікті болу үшін жазғаным)» қарсы шықпақ. Біздің бала ең жасы. Бұл бұрынғы байқаулардан мүлдем бөлек. Ақтық сынға дейін жету үшін, Сіздерге беймәлім, үлкен еңбек, үлкен дайындық болды», — деп жазады ол.

Алпамыс Шаримовтың пайымынша, бұл сайыс 2 млрд xалыққа Димашты, Димаш арқылы Қазақты танытатын үлкен мүмкіндік.

«Стиль, имидж, бағыт-бағдар бәрі жаңадан! 2017 жылдан бастап Димаш жаңа қадамға, әлемге қазақ атын таныту баспалдағына қадам басты. Бүгін біз Қытайдың шоу бизнесі шоғырланған, климат жағынан ең оңтайлы Чанша қаласындамыз! Ертең байқаудың бірінші күні! Әуелі, бір Алла, одан соң жерлестеріміздің қолдауын күтеміз! Димаш үшін әр біреуіңіздің айтқан тілектеріңіз бен ниеттеріңіз өте маңызды! Сондықтан, бәйгеге шапқан ұлдарыңыз үшін «тақымдарыңызды» қысып, дұға-тілектеріңізді оқып, баталарыңызды беріп отырсаңыздар, содан асқан шабыт бар ма?! Қазақ, қолда қазақ баласын!», — деп жазады Димаштың өнердегі досы Алпамыс Шаримов.

Өз кезегінде, «Тілшіге» жас әншінің анасы Светлана Айтбаева санаулы Ақтөбеге Қытайдан түсіру тобы келіп, Димаш жайлы фильм түсіретінін жеткізді.

«Байқауға біраз уақыт бұрын өтініш жолданды. Шара басталмайынша ол туралы ешқайда хабарламауымыз керек болды. Шарт сондай. Байқау әділ өту үшін Димаштың қасында оның жүріс-тұрысы, ішетін тамағына дейін қадағалап отырады. Қобалжимыз, әрине! Енді осы айдың ортасында Қытай телевидениесінің өкілдері келіп, баламыздың оқыған оқуы, ортасы жайлы фильм түсірмек», — деді «Тілшіге» Светлана Айтбаева.

Асқар Ақтілеу, «Тілші» 

 

Мақала ұнаса, бөлісіңіз...
Email this to someoneShare on FacebookShare on Google+Tweet about this on TwitterShare on LinkedInShare on VKPrint this page

11 thoughts on “Қытайдың Hunan TV арнасы 2 млрд xалыққа қазақ әншісі Димаш Құдайбергенді таныстырды

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.