Мемлекеттік қызметкерлер уақытпен санаспайтын, шамадан тыс жүктемесі бар қызметтен бас тартып жатыр

Бөлісіңіз

Ақтөбеде бір жыл ішінде 533 мемлекеттік қызметкер жұмыстан шығып кетті. Оның 200-ден астамы мемлекеттік саладан мүлде бас тартқан  екен. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Қайыржан Токушевтің айтуынша, жұмыстан бас тартқандар  уақытпен санаспайтын, шамадан тыс жүктемесі бар қызметтің қиындығын алға тартқан, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі 473 мемлекеттік органда 4400-ден астам мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда 351 ваканция бар. Бір қызығы, мемлекеттік қызметте жүргендердің тең жартысынан астамы нәзік жанды.

«Биыл 553 адам жұмыстан шықты. Біз жұмыстан кеткендер арасында арнайы сауалнама жүргіздік. Белгілі болғаны, олар еңбекақы аз, жұмыстың шамадан тыс көп екенін алға тартқан. Тіпті, уақытпен санаспайтындарын, жұмыс уақыты бітсе де тапсырмаларды орындау міндеттелетінін себеп ретінде көрсеткен. Сонымен қатар, ынталандыру сыйлықтарының жоқ екенін айтты»,- дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Қайыржан Токушев.

Биыл Ақтөбе облысында мемлекеттік қызметкерлерге қатысты 22 тәртіптік іс қаралды. Екі қызметкер жұмыстан босатылып, 12 адамға қызметіне сай емес деген ұйғарым шығарылды. Төртеуі қатаң сөгіс алып, үшеуіне сөгіс берілді. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізген Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Қайыржан Токушев жиналыс кезінде смартфон ұстап, қалғып отыратын ақтөбелік шенеуніктер туралы өз пікірін білдірді.

«Шенеуніктің жиналыста ұйықтап отырғанын дәлелдеу қиын. Біз мемлекеттік қызметкерлерге үнемі айтамыз, олар біледі. Сын болып жатқанын жақсы түсенеді. Менің айтайын дегенім, әркім сергек жүруі керек. «Сен осындай жиналыста ұйықтап қалыпсың» десек, ешқашан мойындамайды. Оған бірнеше адам куә болуы керек. Егер бейнежазба болса, агенттікке арнайы жіберуге болады. Біз қарап шығамыз. Бірақ, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңда жиналыста қалғып отырғандар туралы ештеңе айтылмаған. Заңгерлер мұндай мәселе болмайды деп есептеген ба, заңда арнайы нормалар жоқ. Ол үшін жауапқа тарту қарастырылмаған», — дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департамент басшысы Қайыржан Токушев.

Айта кетейік, Ақтөбеде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг те жүргізілді. «Азаматтық бақылау» жобасы кезінде сауалнамаға 176 адам қатысты. Олардың үштен бірі мемлекеттік қызмет сапасына сын айтып, көңілдері толмайтынын жеткізген. Сауалнамаға қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың туындауына халықтың құқықтық сауатсыздығымен, заңдардың қатаң сақталмауымен байланыстырады. Сот жүйесінің нашарлығын да атап өткен.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *