Белсенді Ринат Кибраев түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты

Белсенді Ринат Кибраев түрмеден мерзімінен бұрын босап шықты

Азаматтық белсенді, тамыз айында «жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және сутенер болу» айыбымен сотталған Ринат Кибраев мерзімінен бұрын бостандыққа шықты.

Ринат Кибраевтың Азаттыққа айтуынша, ол өзіне кесілген бір жарым жыл бас бостандығынан айырылу жазасы мерзімінің үштен бірін өтеп, соттың жазаның қалған бөлігін айыппұл төлеумен ауыстыру туралы шешімі күшіне енген соң 28 желтоқсан күні бостандыққа шыққан.

Бұған дейін ол соттан жазасының қалған мерзімін айыппұлмен алмастыруды сұраған. «Қорыта келгенде, мен жазаның қалған бөлігі үшін мемлекетке 180 мың теңге төлеуге міндеттелдім» деді Кибраев.

Заң бойынша, ауыр емес және орташа ауыр қылмысы үшін сотталғандар жазасының үштен бір мерзімін өтеген соң мерзімінен бұрын бостандыққа шығарылуы мүмкін.

Ринат Кибраев 2016 жылы 19 мамырда қамалған. Алмалы аудандық соты 10 тамыз күні Ринат Кибраев пен әйелі Сайран Бекбергенованы қылмыстық кодекстің 309-бабы («Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және сутенер болу») бойынша айыпты деп тауып, Кибраевты бір жарым жылға, Бекбергенованы бір жылға соттаған. Сот Кибраевты жазасын еңбекпен түзеу колониясында өтеуге, Бекбергенованы аяғы ауыр болғандықтан жазасын өтеуді екі жылға дейін шегеруге үкім еткен.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.