«Егер мен әкім болсам…» байқауына! Мәншүк Мапутованың ұсыныстары

«Егер мен әкім болсам…» байқауына! Мәншүк Мапутованың ұсыныстары

Ғылымға терең бойлап, ой сауа білген қоғамды қашан да өздері тәрізді адамдар басқарады. Һәм осы басқарушылар сол қоғамның маңызы мен қаймағы іспеттес. Сүттің қаймағы сүттен болғаны тәрізді түбінде қайнаған ғылым мен ой-пікір болса, бетінде соған лайық қаймағы болады. Аллаһ елшісі Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) осыны меңзеп: «Өздерің қандай болсаңдар, басшыларың да сондай болады»,- деп өте ғажап айта білген.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Егер мен әкім болсам…» байқауы арқылы қалың қоғамның көкейінде жүрген, әкім болмаса өзін бір сәт әкім орнына ойша қойып көрген, халық даналығындағы «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қанатты сөздің тура мағынасындағы кейіпкерлері  қоғамның осал тұстарын ашып көрсете біледі деген ойдамын.
Өзім де бір сәт ойға шомып, қолыма біреу сиқырлы таяқша ұстатқандай күйдемін. «Өшетін жарық өлеусіреп тұрады» деп Құтып айтқандай, бізге өлеусіреген емес, өшпейтін, тың идеялар керек.
«Халықтың хақы әкімде» деген екен Ж.Баласағұни. Депутаттыққа сайланар «болашақ депутаттардың» бағдарламасын көргенде басың дал болып, қайсысын сайласам екен дейсің. Көптеп, көмектеп арамыздан сайлаймыз, әйтеуір. Бірақ кейін әлгі халық сайлаған «қалаулылар» өз бағдарламасын жүзеге асырып жатыр ма екен?! Кезінде сол депутат үшін дауыс берген адамдар әлдебір жағдайын айтып барғанда «қалаулылар»  мұңын тыңдар ма екен?! Әлде Мөңке әулие айтып кеткен «халыққа бір тиын пайдасы жоқ, ай сайын бас қосқан жиында» болар ма екен? Мен ең алғашқы ұсынысыма өзіміз сайлаған, халықтың даусымен сайланған әкім, депутат ағаларымыз халқына жақындығын жатқызар едім. Бұл тек мен тұратын аумақта емес, барлық жерге тиісті ұсыныс дер едім. Ең бірінші әкім қара халықты ойлар болса, арадағы айырмашылық жер мен көктей болмас еді. Әкім бір аралап шыққанда елдің жағдайы «өте жақсы» болады. Қайдан жақсы болмасын, егер бәрі алдын ала жоспарланып қоймағанда??? Әкім ел аралағанда ақар-шақар қылып сырнайлатып, тек әдемі жерлермен жүргізу керек емес, ол қай жерге барса да халқының жағдайын көруге барады. Неге басшымыз келіп тұрғанда кемшін тұстарымызды көрсетпеске? Әкім ауылдық жерлерге барғанда ұшақпен ұшып бармайды, көлікпен келеді. «Жол азабын тартқан білер» дейді қазағым, осы Ақтөбе өңіріне қарасты ауылдық жерлердің жолының жағдайы мәз емес. Жылап тұр. Бұл бұрыннан да айтылып келеді. Бесенеден белгілі, Шалқар – экологиялық аумаққа жататын қала. Қаланы бір айналып келсеңіз, көзіңіз жетеді. Онсыз да экологиясы басым аймаққа жататын қаламыздың жол жағдайы нашар, сортаң жақ күл-қоқыстың отаны десек қателеспейміз. Жақсы жолдар да бар, жасырмаймын, бірақ тұрғындар қатынайтын жерлердің көзге көргісіз болып жатқаны қынжылтады. Күзге салым, көктем шыға барлық ұжым, барлық мектеп сенбілікке шығады. Сол уақытта қаншама қол күші тұрғанда көзге түрпідей тиген қоқыс жерлерді түп-тұқиянымен жоймасқа? Бұл – екі.
Халықтың басты байлығы – денсаулығы. Қазір барлық ауру түрі жасарып барады, белгісіз сырқат түрі көбейді. Емін таптық, емделдік. Есепке тұрдық. Ал есептегілер өзіне тиесілі дәрі-дәрмегін ай сайын алып тұрар ма екен? Әлде бұған тамыр-таныстық керек пе? Бір күн кешігіп барсаң, айтатындары: «дәрі бітті, келесіде келіңіз». Ал кезек күтіп, межелі жерге бара алмайтын қарттарымыздың жағдайын кім ойлайды? «Ақсақ кісі сапарға шығып жарытпайды» дегендей, бір күннен бір түнге әзер жетіп, тек дәрімен ғана отырған жандар кезек күтеді дегенге сенесіз бе? Әлде келген дәрі-дәрмектің толығымен мұқтаж жандарға таратылып береді дегенге нанасыз ба? «Сау адам біреудің жарасы ауырып отырғанын білмейді» десек те, денсаулық саласына да әкімнің бір сенімді өкілі болған дұрыс деймін. Бұл – үш.
«Білімдіге – биік орын» дейді Ж.Баласағұни. Бұл – ертеректе айтылған сөз. Қазір қолданғың-ақ келеді, әттең, қолданысыңнан шығып кетеді. Биік орын үшін «биік» адамдар керек. Айтайын дегенім – жұмыс жайы. Қоғамдағы жаралы жанның дерті секілді бұл мәселе. Екі қолға бір күрек табылар-ау, бірақ мамандықпен емес. Жыл сайын қанша түлек бітіріп келеді, келер жылы көрсең олар басқа салада жүреді. Бұл жастардың мамандық таңдауда шатасқандығы ма, әлде қолдың қысқалығы немесе қаражаттың жоқтығы ма? Ақшасы мардымсыз болса да, тіршілік үшін маңдайыңды тіреп баратын адам керек. Адамың болмаса қанша жерден білімді болсаң да, биік орын түгілі, жай орынның табыларына күмәнмен қарайсың. Сонау биік-биік орында отырғандардың білімді екеніне ойыңыз қандай? Кейде мінбеде сөз сөйлеп тұрған «халық қалаулыларының» қазақша әріпке тілі келмей, бұраңдатып тұрғанда әліппе үйреткің-ақ келіп кетеді. Білімі соншалық терең болса, қазақ тілінде сөйлеуден неге бастамайды? Білімін жетілдіремін деп шетелге шыққанша, неге қазақ тілін жетілдіруден бастамайды? Қазақ тілінің маманы жазып берген бір парақ құттықтау, баяндаманы судыратып оқығанша, аз да болса уақытын сарп етіп, сол жазылғандардың мән-мағынасына үңілмей ме?  Бұл – ащы болса да шындық. Сонымен, білім, құқық, заң саласында жұмыс іздеп, әлі де өз мамандығы бойынша жұмыс таппай жүрген жастарға әкімдік тарапынан шынайы қолдау керек. «Мына күні кел, бәлен уақыт күт» деген құрғақ уәдеге халық тойды. Бұл – төрт.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі – әр аймақ, әр қалаға қатысты ұсыныс, тілектер. Енді тұп-тура өз туған жеріме қатысты бір нәрсе айтқым келеді. Кезінде «Шалқар вальсі» деп ән жазып қалдырған Ү.Уайдиннің:
«Шаhарда Шалқар деген болдыңыз ба?
Осында ер жігіттер, өңді қыздар.
Көлі бар құралай көз мөлдіреген,
Жағаға шатыр тігіп қондыңыз ба?
Шалқар көлі көзімізге,
Шағалалы көк теңіз.
Шалқар құмы өзімізге,
Күндей ыстық теп-тегіс»
өлеңі көзіне жылы ұшырайды. «Көлі бар құралай көз мөлдіреген» дейді ақын. Осы өлеңді әнімен бірге тыңдағанда көз алдыңа шалқыған көл, ондағы тігілген шатыр,  көл бетінде тербетілген қос аққу, қос аққуға қызыға қараған қос ғашық, жағажай маңында асыр салып жүрген балалар елестейді. Елестейді тек. Қазір барсаңыз, тартылып тұрған көлді көресіз. Бір жылдары көлімізге су келді. Келеді, тартылады, көзден бұлбұл ұшады. Біз Шалқар көлімен мақтанушы едік. Келген қонақтарымыздың да аңсары бірінші көлге ауып тұрады. Апарғың келеді-ау. Апарып тұрып суға түскің келмейді. Ластығы өз алдына. «Жабылып кетсе, құмырсқа да арыстан терісін сыдырып алады» дейді, әкімдіктен бастап осы келелі істі қолға алса, бұл түйткілдің де шешілері анық секілді. Сонда жағажайдағы  тіршілік те қызар еді. Жазда басқа көл іздеп, басқа қаладан сая іздегенше, өз барымызды неге бағаламасқа? Бұл – бес.
Діни саясат, халықаралық жағдай, тағы да басқа мәселелер көп-ақ. Оны ел болып шешерміз. Шешерміз деймін-ау, бұрын ел болып шешетін едік. Қазір оны халықтан сұрап жатқан кім бар? Жоғарыдағылар талқылайды, шешеді, қол қояды ғой. Дегенмен, жүрегімен осы істің салмағын сезінген әкім болар адамға Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тілер едім.

P.S. Лауазымды тұлғалардың бәріне бірдей күйе жағудан аулақпын. Істер атқарылып жатыр, десек те кемшін тұстарымыз көп. Бүгін біраз көңілге желік беріп, қиялға қанат бітірдім. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де әйгілі Шалқар көлінде жүзіп жүргендей әсердемін. Әйтсе де ертеңгі күні қиялдағы сиқырлы таяқтың екінші ұшы өзіме тимес деген үміттемін. Шындық таяқ та жегізген…

Шалқар ауданы

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.