«Егер мен әкім болсам…» байқауына! Әділбек Пұсырмановтың ұсыныстары

«Егер мен әкім болсам…» байқауына! Әділбек Пұсырмановтың ұсыныстары

«Егер мен әкім болсам…»

«Егер мен әкім болсам…» алдымен облыстың немесе аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық, саяси негіздеріне кешенді талдау жүргізіп, ауқымды мәселелерді анықтап аламын. Содан кейін осы мәселелерге сәйкес басшыларға тапсырма беріп, нақты шешу тетіктерін енгіземін. Әрине бұл бір ғана әкімнің қолынан келмейді, әкім аппараты мен осы өңірге орналасқан тұрғындар, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкерлермен, т.б. бірлесіп атқаратын істер болып табылады.

Тағы бір мәселе Қазақстан Республикасының Бюджет заңнамасына сәйкес облыс, аудан, қала бюджетінің үш жыл мерзімге бекітілетінін ескерсек, онда бұл бірден жұмысқа кірісу мен жаңашылдық енгізуде қайшылықтар туындатуы мүмкін. Сондықтан да келген жаңа басшыдан бірден жаңа істер күтетін тұрғындарға жергілікті мәселелерді талқылауда ашық әрі олардың толыққанды хабардар болуын қамтамасыз ету керек. Өз тұрғындары өз жерінде болып жатқан немесе атқарылар істерден тысқары болса бұл қандай әкімдіктің жұмысына серпін береді?.

Осыған байланысты «Қоғамдық кеңестер туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 2 қарашадағы № 383-V Заңы маңызды. Өйткен осы заңның мақсаты халық алдында есеп беретін мемлекет қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға, барлық деңгейлердегі мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдауына коммерциялық емес ұйымдардың, азаматтардың кеңінен қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған қызметін қалыптастыру және ұйымдастыру болып табылады.

Осы ұсыныстарды жазу түрлі ойлар тоғысын қалыптастырып, аз да болса ұсынымдар арқылы қазіргі өзекті мәселені көрсетуге тырыстық. Облыс әкімдігі, я болмаса Ақтөбе облысының тұрғылықты тұрғыны болып жүрсем мәселені жаңа қырынан көрсетуге болатын еді. Алайда, студенттік өмірім Астана қаласымен байланысты болғасын Астана мен туған жерім Шалқар атты кең байтақ даласы арасын Ақтөбе қаласы жалғап жатыр. Осы ретте құлақ естіп көз көріп жүрген, БАҚ беттеріндегі мәліметтер негізінде келесі ойды ұсынамын. Бұл ұсынымдар мен көзқарастар тек өзіндік тұрғыда, Абай атамыздың сөзімен айтсақ «өз сөзім өзімдікі» болып табылады.

ЖҰМЫС ҚҰРЫЛЫМЫ:

КІРІСПЕ.

  1. ӘКІМ ТҮСІНІГІ, ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН ЖҮКТЕЛЕТІН МИССИЯЛАР.
  2. АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНЕ ҰСЫНЫМДАР.

ҚОРЫТЫНДЫ.

КІРІСПЕ

«Әкім бол, халқына жақын бол!». Әрине, әкім болу жауапкершілігі ауыр әрі салмақты саясатты талап ететін іс. Өйткені билікті бағындырудың орнына билікке бағынып кетіп жүрген мемлекеттік орган басшыларын, оның ішінде әкімдіктің бірінші басшыларын көріп те жүрміз. Әкім лауазымы табиғатын ұғыну немесе мәнін түсіну бұл мемлекеттік қызметтің белгілі бір жүйесінде қалыптастыратын тәжірибе болуы тиіс.

Әкімдікке алдымен ұсыныс берер бұрын оның атқаратын қызметі мен олардың құзыреттілігін анықтап алған орынды. Егерде, ұсыныс немесе өтініш, арыз, шағым, т.б. тиісті құзыреттілік бойынша жолданса осының өзі саяси-құқықтық тәртіптің, мәдениет көрсеткішін арттырады. Ал, оған берілер сәйкес жауап қанағаттандырылса немесе қанағаттандырылмаса нақты негіздері болуы шарт. Бұл мемлекет қызмет принциптерінің бірі болуы заңды да.

Өйткені, «Қазақстан Республикасының Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 1-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары»,-деп анықталған.

Мемлекеттік саясаттың кезеңдері, мемлекеттің жалпы даму жолы бәрі де жоғарыда айқындалған басымдықты ескере отырып, іске асады. Бұл Қазақстандық жол… Қазіргі жалпыұлттық идея Мәңгілік ел!.

Осы аталған жайттардың бәрі өңір көлемінде әкімдіктің бірінші басшысына, аудандарда аудан әкімдігі, т.б. жүктеледі.

Бүгінгі күні конкурсқа арқау етіп алған осы мәселелеріңіз (Егер мен әкім болсам…) саяси-құқықтық тұрғыдан таразылап, өзіндік саяси ой мен шешімдерді іздеудің жаңа жолын ұсынса керек. Осы әдіс арқылы да халықпен, оның ішінде белгілі бір топтармен (бірақ Конкурс жағдайында жас мөлшеріне, тұрғылықты жеріне шектеу қойылмайды) жұмыс жасауда өзекті.

Бұдан шығар қорытынды, әр мемлекеттік орган, ұйымдар, арнайы әскери құрылымдар, мемлекеттік емес ұйымдар, әлеуметтік институттар, т.б. өз жауапкершілігін сезініп, өздеріне жүктелген міндеттерін кешенді абыроймен орындаса онда қоғамда азаматтық даму үдерісі жеделдей түседі, мемлекеттік органдардың басым функциялары біртіңдеп, жеке секторларға беріле бастайды. Ең бастысы азаматтық институттар әкімдіктерге (оның ішінде әкім және оның аппаратына) сұраныс немесе ұсыныс қалыптастырады және олармен санасуға алып келеді. Бұл нарықтық экономика жағдайындағы саяси, әлеуметтік институттардың бәсекелестігінің жолы.

Қарапайым тілде, адамдар үшін құрылған мемлекет нақты өміршеңдігін көрсетеді.

«ӘКІМ» ТҮСІНІГІ, ҚҰЗЫРЕТІ ЖӘНЕ ОҒАН ЖҮКТЕЛЕТІН МИССИЯЛАР

Конституцияның 85-бабына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асырады, ал 87-бап бойынша:

1. Жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтың мүддесі мен даму қажеттілігін ұштастыра отырып, атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді.

      2. Жергілікті атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жергілікті бюджетті әзірлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету; 

2) коммуналдық меншікті басқару; 

      3) жергілікті атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелерді шешу; 

      4) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесіне сай Республика заңдарымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. 

3. Жергілікті атқарушы органды Республика Президенті мен Үкіметінің өкілі болып табылатын тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің әкімі басқарады. 

«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы № 148 Заңының 1-бабының 1) тармақшасына сәйкес «әкім — жергілікті атқарушы органды (ол құрылған жағдайда) басқаратын және тиісті аумақта мемлекеттік саясаттың жүргізілуін, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінің үйлесімді қызмет істеуін, тиісті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарға басшылықты қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті мемлекеттік басқару өкілеттігі және өзін-өзі басқару функциялары берілген, тиісті аумақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының жай-күйіне жауапты Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің өкілі».

Біздің жағдайымызда (Ақтөбе облысы) Облыс әкімін тиісті мәслихаттардың келісімімен Республика Президенті тағайындайды, ал өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдері Мемлекет Басшысы айқындаған тағайындалады немесе сайланады. Жергілікті өкілді орган Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік туралы мәселені қоюы мүмкін. Егер Мәслихат өз депутаттарының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдірсе Республика Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына оны қызметтен босату жөніндегі тиісінше мәселе қоюға қақылы.

Облыстың (сондай-ақ, Алматы, Астананың) әкіміне мынадай өкілеттіктерді заңгер-ғалым Ғ. Сапарғалиевтің жіктеуімен бөліп көрсетуге болады:

  1. Өкілдік өкілеттіктер. Облыстың (Алматы, Астананың) әкімі мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және азаматтармен қарым-қатынастарда облыстың (Алматы, Астананың) мүдделеріне өкілдік етеді. Әкім өз қызметін жүзеге асыру барысында Парламент және сот органдарынан басқа, Үкіметтен бастап орталық атқарушы органдардан төмен тұрған атқарушы органдарға дейінгі барлық органдармен қарым-қатынаста болады. Әкім мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес ұйымдармен қарым-қатынастарда облыс мүддесін білдіреді.
  2. Бақылау өкілеттіктері. Орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері әкімдіктің аумағында орналасады. Олардың қалай жұмыс істейтіні, өздерінің міндеттерін қалай атқаратыны, нормативтік құқықтық актілер талаптарын орындайтыны облыс әкімдігі үшін бәрібір емес. Сондықтан облыс (Алматы, астана) әкіміне орталық атқарушы органдардың басшыларына олардың аумақтық бөлімшелерінің заңдарды, Президент және Үкімет актілерін, облыс әкімдерінің өздерінің және әкімдіктердің актілерін орындау бөлігінде қызметі туралы ұсыну енгізу құқығы берілген.
  3. Кадрлық өкілеттіктер. Облыс әкімі төмендегі лауазымды адамдарды:

  • Жоғары тұрған уәкілетті мемлекеттік органдармен келісім бойынша облыс (Алматы, астана) әкім орынбасарларын; орынбасарлардың шекті санын Үкімет белгілейді;

  • Облыс (Алматы, астана) әкімі аппарат басшысын және оның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларын;

  • Заңдарда белгіленген тәртіппен нысанды киім кию құқығы және әскери немесе өзге арнайы атақ берілген басшыларды қоспағанда, облыс бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларын қызметке тағайындайды және қызметінен босатады.

4. Тәртіптік өкілеттіктер. Облыс әкімі облыс (Алматы, астана) бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларына, сондай-ақ аудандар (облыстық маңызы бар қалалар, Алматы қаласы және астана ауданының) әкімдеріне заңдарға сәйкес тәртіптік жауапкершілік шараларын қолдану мәселелерін шешеді.

5. Үйлестірушілік өкілеттіктер. Облыс әкімі аудандық (облыстық маңызы бар қалалардың) әкімдіктер мен әкімдерінің жұмысын үйлестіреді. Алматы және Астана қалаларының әкімдері осы қалалардағы аудандық әкімдіктер мен әкімдерінің жұмысын үйлестіреді.

6. Жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен байланыстар жөніндегі өкілеттіктер. Облыс (Алматы, астана) әкімі қала аудандарының әкімдері арқылы жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен өзара әрекет етеді. Бұл облыс әкімінің жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен тікелей байланысы жоқ екендігін білдіреді. Бірақ бұл облыс (Алматы, астана) әкімі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметіне жәрдемдесе және қолдай алмайды дегенді білдірмейді. Заң облыс әкіміне жергілікті өзін-өзі басқару органдарына қатысты белгілі бір өкілеттіктер бергендіктен, ол оларды іске асыруға құқылы (және, мүмкін, міндетті).

7. Басқарушылық (әкімшілік ету) өкілеттіктер. Облыс әкімі өз құзыреті шегінде жалпыға бірдей әскери міндеттілік және әскери қызмет, азаматтық қорғаныс, сондай-ақ, жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру мәселелері жөніндегі заңдардың орындалуын ұйымдастырады және қамтамасыз етеді; кәсіпорындарды, кенорындарын және басқа да мемлекеттік меншік объектілерін жекешелендіру, жалға беру, сату мәселелері бойынша келісімшарттарға қол қоюға, олардың орындалуын Республиканың уәкілетті мемлекеттік органдарымен тең дәрежеде бақылауға қатысады.

Облыс әкімінің аталған өкілеттіктері түпкілікті болып табылмайды. Заңмен өзге де өкілеттіктер берілуі мүмкін. Облыс әкімі өз өкілеттіктерін өзі жүзеге асырады. Ол жекелеген өкілеттіктерін төмен тұрған әкімдерге беруге құқылы. Бұл облыс әкімі төмен тұрған әкімдерге өкілеттіктерінің кейбірін табыстауға құқылы дегенді білдіреді, бұл ақылға қонымды да. Бірақ облыс әкімінің төмен тұрған әкімдерге қандай да бір өкілеттіктерін жолдай алатынын заң нақтыламайды.

Белгілі бір өңір әкімі болған жағдайда мына мәселер ескерілуі керек (Ақтөбе облысы жағдайында):

  • Республикада Ақтөбе облысының ауылдары қала орталығынан тым шалғайда орналасқан. Осы мәселе инфрақұрылымды қиындатып, байланысты ажырата түсетіні белгілі;
  • Облыстың геосаяси әлеуеті, жер көлемінің кеңдігі (Республика бойынша екінші орында);
  • еліміздің Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарымен байланыстыруы. Осы өңір арқылы темір жол торабы, көлік жолы, жалпы Республиканың батыс жұртшылығының қозғалысы мен айналымын реттеуі;
  • Солтүстікте Ресей Федерациясының Орынбор өлкесі, Оңтүстікте Өзбекстан Республикасының Қарақалпақстан автономиясымен шектесетіндігі (көзқарастар мен мәдениеттің әралуандылығы);
  • Тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының әртүрлілігі;
  • Инфорақұрылымдар жүйесінің басымдығы мен кемшілігі;

  • Әлеуметтік топ құрамы;

  • Жергілікті тұрғындардың мінезі мен психикасы;

  • Мемлекеттік жүйе аясындағы азаматтардың құндылығы, оларға ықпал етуші күштер және оның идеологиясы, т.б.

Қазіргі таңда Ақтөбе облысы аудандары мен ауылдары шашыранқы күйде әрі экономикасы төмен тұрпатты жағдайда екені белгілі (Кандыағаш, Хромтау қаласын қоспағанда). Жастарға қолжетімді мәдени орындар жоқ. Бір мәдениет үйі мәдениетті дамытуда деп айтуға келмес. Жастар қыдырар жер жоқ (пікір алмасар, ойдың дамуына мүмкіндік қалыптаспаған. Бұлай дейтінім, мәдени орындардың болмауы зиялы қауымды тәрбиелей алмайды, тіптен азаматтық тұлға қалыптастыруға әлеуетті бола алмайды). Ал жастардың рухын қалыптастыру қалай жүзеге асырылып жатыр?

Мерекеде жиналатын бір алаң көз тартар көркі жоқ?. Жастарды спортқа баулу, спорт жүгіруден, жеңіл атлетика қимылдарынан басталады. Ал Шалқар, Ойыл, Байғанин, т.б. қайсысында ірі аудандарда, қалаларда жеңіл атлетикалық кешен қалыптасқан?

Осы негізде бұл спорт түрлерін қалай дамытуға болады? Осыдан кейін жастар қалайша саналы ой деңгейіне жетеді. Жүгірудің қыр-сырын білмей жатып, шыдамдылықты бойларынан қалай күтуге болады?. Қазақстан халқы ассамблеясы арқау еткен «төзімділік», «толеранттылық», «қоғамдық келісім» негіздерінің басты қайнары шыдамды азаматты жасау. Грек ойшылдарының «Денің сау болсын десең жүгір, әдемі болғың келсе –жүгір. Ақылды болғың келсе – тағы да жүгір» деуінің түбінде шыдамды, рухы биік спарта әскерін дайындаған. Сұрақ көп, қанағаттанарлық жауап жоқ.

Аталған қарапайым сауалдар облыстың әлеуетін көтеруге, қоғам тұтастығын сақтауға әкеледі деп айтып отырмыз.

Жергілікті жерлердегі бизнес өкілдерінің немесе инфрақұрылымға жауапты мамандарды әлеуметтік әріптестік нығайтуға шақырып, мүмкіндік қалыптастыру керек. Дүкендер салынып жатыр, бірақ мәдени-көпшілік орындарды орнықтыруды ойлау орынды. Ел бірегейлігі қалай қалыптасады? Осындай бас бірегер мәдени-көпшілік орындар арқылы жүзеге асады.

Бұл мәселені көтеріп отырғанымыз, жоғарыда аталғандай облыс бюджеті үш жылға бекітіліп қойылады (ҚР Бюждет кодексіне сәйкес) және бұл мемлекет қаржысының өзге бағытта жоспарланатындығын білдіреді.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНЕ ҰСЫНЫМДАР

Кәсіби мемлекеттік аппарат құру жолында облыс әкімшілігінің қызметшілері өз құзыреттері мен функцияларын сезіне отырып, мемлекеттік қызмет антына, мемлекетке адалдығын көрсетуі тиіс.

Мемлекеттік органдар Астанаға бой түзегенімен Ақордадан (ҚР Президентінің Әкімшілігі) немесе ҚР Үкіметінен (ҚР Үкіметінің Кеңсесі) күнделекті тапсырма күту болмайтын іс. Сондықтан жергілікті мәселелерді түпкілікті шешу мен түбегейлі өзгерістерге әкелу осы облыс әкімдігіне жүктелген.

Үйлестіру мен бақылау функцияларының жеткілікті орындалмауы немесе тиісті табиғатын түсіне алмауы қиындықтар қалыптастырып жатқаны белгілі.

Бір ғана мысал, апта сайын күнделікті сенбілікке шығу Еңбек кодексінің белгілі талаптарын ескермеуі бұл азаматтар құқығы мен бостандығын шектеуге, заңнаманы бұзу мен назарға алмауға әкелуі мүмкін. Осы жерде көзқарастар біржақты қалыптаспауы тиіс. Әр адамның өз пікірі мен сөз еркіндігіне Конституциямен кепілдік берілген. Бұл тұрғыда саналы бұқараны өз еркімен отансүйгіштік тұрғыда сенбілікке алып шығар тетік қалыптастыру керек. Мемлекеттің үйлестірушілік тетігін (мемлекет ресурстары немесе құралдары) осы бағытта қолдану үшін берілмеген. Ұғынар сәт келіп жетті. Арты белгілі бір қарсылық немесе кикілжіңге алып баруы мүмкін. Мемлекеттік органдардың басты міндеті – саналы түрде дамуды ұйымдастыру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұрттың ар-бостандығы мен еркіндігін сақтау, нығайту.

Тағы бір өзекті мәселе, әдемі сөз бен әділ сөздің аражігін ажыратар кезең де осы тұс. Әр сөздің мәні шынайылық пен іске бағытталуы керек. Сонда ғана сөзден іс, істен нәтижесі қағидаты орнығады.

Ішкі саясат басқармасына:

Ұсыным: Ақтөбе облысында халық көп шоғырланатын өңірлер мен тәуекел дәрежесі жоғары жерлердің электронды картасын жасау (алдымен нақты индикаторларды анықтап алған орынды, мысалы этностық құрам, белгілі бір топтың орнығуы, орта топтың немесе әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың орналасуы, т.б.).

Күтілетін нәтиже: саяси тұрақтылық сақтау, қайшылықты жағдайды жедел реттеп, ыдырату. Осы карта өңделіп, кейін көпшілікке ақпараттық түсіндірумен ұсынылса, тұрғындар жедел жұмыс қарқынын сезінеді. Өз кезегінде кейбір мәселелердің алдын алуға септігін тигізетіні сөзсіз.

Әрине бұл бір басқармаға жауапты орындаушылықты жүктегенімен бұл жерде дін істері басқармасы, күштік құрылымдар, прокуратура органдары қатынасуы керек (ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық сервисі кеңінен қолданылуы керек. Осы сервисте қылмыстар картасы жасалған).

Білім басқармасына:

Ұсыным: «Ата-аналардан заңсыз ақша жинауға тыйым салу туралы» бұйрық шығару және ақпараттандыру мақсатында инфографикалық кішкене көлемде нұсқама тарату керек. Барлық көрінетін орындарға осы бұйрықты орналастыру маңызды.

Негіздеме: Қазақстан Республикасы Конституциясының 30-бабының  1-тармағы азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті. 

Күтілетін нәтиже: Ата-аналар, оқушылардың құқықтық сауатын көтеруге, мектеп қызметі мен ұстаздар қауымының өз құзыретін тиісті орындауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әділдік, әділеттілік қағидаты нығая түсіп, бұл өз кезегінде жемқорлықтың алдын алуға септігін тигізеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің де профилактикалық жұмысын жетілдіруге оң өзгеріс әкеледі.

Білім, кәсіпкерлік басқармалары:

Ұсыным: Әлеуметтік әріптестік пен мектеп қатынасын күшейтіп, әлеуметтік жағдайы, экономикалық мүмкіндігі төмен, көпбалалы отбасыдан шыққан білім алушылардың ішіндегі оқу озаттары, жарыс жеңімпаздарын қолдау бағытында тоқсандық немесе жылдық стипендиялар, өзге де қаржылық қолдау жолдарын қалыптастыру керек. Бұл ретте мектептің үздік жас ұстаздарында көтермелеу басты назарда болуы тиіс. Тек мемлекеттік қолдаудан тыс шараларға мемлекеттік орган жол көрсетуімен бірге негіз қалыптастыру маңызды.

Негіздеме: «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 2-тармағының 24-1) тармақшасына сәйкес Облыстың жергілікті атқарушы органы қамқоршылық кеңестерге жәрдем көрсетеді. Ал Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 22 қазандағы № 501 бұйрығымен «Қамқоршылық кеңес қызметінің және оны сайлау тәртібінің үлгілік ережелері бекітілген.

Мемлекеттік қолдау бағытында «Білім туралы» ҚР Заңының 6-бабының 2-тармағының 11) тармақшасы: мемлекеттік білім беру мекемелерінің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын өзге де санаттағы білім алушылар мен тәрбиеленушілерге жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы ұстауға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде бір пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат жұмсайды;

 18) тармақшасы: жетім балаларды, ата-анаcының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгіленген тәртіппен мемлекеттік қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

Алайда бұл мемлекеттік қолдау. Сондықтан мемлекеттік қолдаудан тыс өзге жолды қарастыру бүгінгі күн тұрғысынан мемлекеттік органның басты міндеттерінің бірі. Тағы бір мәселе мемлекеттік қолдау бағытында мектеп басшылығының өз көзқарастарына сәйкес немес бірыңғай үлгідегі заттарды көмек есебінде ұсынуы кейбір оқушылардың ар-намысына әсер ететіндігі бьасшылыққа алынбайды. Өйткені, қазіргі балалардың талғамы жоғары. Бұл бүгінгі күн талабы. Талапқа сәйкес жауап қалыптастыру керек екендігі белгілі.

Күтілетін нәтиже: Білім алушылардың алаңдаушылығы төмендеп, оқуға ынтасы артады, ұстаздарды қолдау жауапкершілікті парызын толыққанды түсінуге әкеледі. Ең бастысы азаматтық қоғам тетіктері жүзеге асыра отырып, мемлекетке деген көзқарас дұрысталады. Мемлекетке деген сенім артады.

Тілдерді дамыту басқармасына:

Ұсыным: Үштұғырлы тіл саясаты аясында ағылшын тілдерін үйретуге арналған орталықтардың бірыңғай базасын жасақтап, ынталандыру тетіктерін қарастыру, рейтинг жүйесін қалыптастыруға негіз қалау.

Күтілетін нәтиже: тұрғындар сауатты әрі адал қызмет ететін орталықты білетін болады, ағылшын тілінің қолданыс аясын кеңейту арқылы облыс жастары шекарасыз бәсеке қалыптастырады. Мұның өзі әлемге жаңа қырынан қарауға әкеледі. Дамуға серпін беретін тың идеялар туындауы мүмкін. Тіл үйрену арқылы ақпаратты ағылшын тілінде сұрыптауға үйренеді. Осының астарында мемлекет мүддесін көтеру екендігі белгілі.

Дене шынықтыру және спорт басқармасына:

Ұсыным: Аудандар мен елді мекендерде бұқаралық спортты дамыту бағытында қажетті құрылыстар салу, оның ішінде сұранысқа ие жеңіл атлетика залы, бассейн орталығы. Саябақтарда фитнес (street workout) құрал-жабдықтарын кеңінен орналастыру (айналасында жүгіруге ыңғайлы жері бар орын таңдалуы керек. Бұны атап отырғанымыз, көпшілік ортаға орналастыру әрине бұл жақсы бәрі күнде көріп жүреді, кейбіреулері дайындалады. Бірақ логикалық мән, қисын ескерілмеген болып табылады).

Күтілетін нәтиже: Облыста өзге спорт бағыттары қалыптасады. Тұрғындар бос уақытын осы денешынықтырумен айналысуға жұмсайды. Нәтижесінде ықпалдастық жүріп, татулық, сыйластық күшейеді. Спорт, денешынықтыру арқылы бірегейлікті де түзіледі.

Жастар саясаты мәселелері басқармасы, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесіп:

Ұсыным: Жастарды жұмысқа орналастырудың жастар практикасынан, «жасыл ел» бағдарламасынан бөлек тетіктерін қарастыру. Қазіргі таңда ауылдық жердегі әкімдіктердің өздері жастарды жұмысқа орналастыруға мүдделі емес. Мүдделі болса көптеген жастар жұмыссыз жүрмесі анық. Олардың қолдарынан келетін істі анықтап еңбекке баулу керек. Осы ретте кедергілерді жою мақсатында Ақтөбе облысының Мемлекеттік қызмет істері департаменті өкілдерімен бірлесіп жұмысты мобилді ұйымдастыру міндет. Жол картасын әзірлеп нақты жұмыссыз жастардың деректік базасын жасап, сайтқа орналастыру өткір мәселе. Бұл есептілікті күшейтеді міне, бақылау функциясы іске асады, осыған сәйкес әр аудан, әр ауыл әкімінің жастармен жұмыс жасауы байқалады. Деректік база үнемі жаңартылып отыруы, әрі орталықтанған бір база болуы маңызды. Осы деректі пайдалана отырып, әкімдік қызметкері, өзге де азаматтар ішінара таңдау арқылы сол жастардың шынайы жұмыспен қамтылған немесе ақпараттың жалғандығын анықтауға мүмкіндік туады. Жастармен тікелей жұмыс осылай қалыптасады.

Күтілетін нәтиже: Шынайы ақпарат ашық, қолжетімді орналасса әкімдіктер жедел жұмыс қарқыны күшейеді (Өйткені, қоғамдық бақылау нығаяды). Осы база арқылы мамандықтар тобы анықталады, сұрыпталады. Жастарды жұмысқа орналастыру өзге арнаға бұрылып кетуден сақтайды. Міне мемлекеттік отансүйгіштікті осы негізде де арттыруға болады.

Бүгін мемлекет яғни мемлекеттік орган жастарды қолдаса, ертең жастар мемлекетке қолдау білдіру, сенімді қалыптастыруды жүзеге асырады. Логикалық қисын осылай байланысып жатады. Қазір жастар сұранысын қанағаттандыра алмасаң жастардың өң бойында ашудың алдынғы орынға шығуына, тіптен басқа теріс қылықтардың жасалуына жол қалыптастырып беретіндігін ұмытпаған жөн.

ҚОРЫТЫНДЫ

Өзге де қысқа әрі жедел, ұзақ мерзімді ұсынымдар қалыптастыруға болады. Ол үшін тиісті мәселені кешенді зерттеп, Ақтөбе облысында шоғырланған ірі ғылыми әлеуетті пайдалану керек. Бүгінде бұл тұрғыда жұмыстар әлсіз түрде жүзеге асуда. Егерде, ғылым мен мемлекеттік билік өкілдері өзара үндестік таппаса мемлекеттік биліктің пиарлығы (PR — public relations, паблик рилейшнз) ұзаққа бармайды. Қазіргі таңда БАҚ беттерінен Облыс әкімінің жеке тұлғалық пиарлығы мемлекеттік орган бейнесінен (облыс әкімі лауазымынан) басым түсіп отыр. Сондықтан бұл тұрғыда БАҚ өкілдерімен шынайы мемлекеттік органның беделін көтерумен бірге қордаланған кадр әлеуетін (Облыс элитасы) тиімді қолданатын уақытта осы кезең.

Бұл жұмыстардың барлығы саяси-құқықтық мәдениетті арттыруда оң септігін тигізіп, оқыс оқиғалар мен өзге идеологиялардан сақтануға әкеледі. Қазақ менталитеті берік қалыптасқан Ақтөбе облысының бүгінгі жай-күйі қанағаттанарлық болғанымен қатер тәуекел дәрежесінің жоқ еместігін айғақтайды.

Әр басшы өзіне жүктелген қызметті жүйелі әрі ұтымды жүзеге асырса нұр үстіне нұр болар еді.

Облыста түрлі шаралар мен көпшілік істерді атқаруға болады. Алайда осы іс-шаралардың астарында Мәңгілік елмен қапталған идеологиялық қорғаныш тетігі құрылуы тиіс.

Азаматтарға қазіргі таңда ең қажетті жағдайлар:

  • қауіпсіздігі, яғни облыс көлемінде еркін әрі күдіксіз жүріп тұру,

  • әл-ауқатының артуы – жұмыстың болуы, кедергісіз жұмыс жасау, ешкіннің құқығын бұзбау, өзінің құқығының бұзылуына жол бермеу;
  • экономикалық мүмкіндікті пайдалану, демалыс, спорттық, мәдени орындарының қолжетімділігі және осындай орындардың болуы;

  • ұрпағының өсіп-өнуі, сауатты тәрбие, саналы білім, тұлғалық жетілуге жағдайдың болуы.

Бұдан шығар қорытынды, қауіпсіздігі оның да қауіпті іске бармауын туғызады, әл-ауқатының артуы дұрыс ойдың жалғасын арттырады, бос уақытын жояды, экономикалық мүмкіндік отбасы институты күшейіп, қоғам бірегейлігі нығаяды, ұрпағының өсіп-өнуі туған жерге деген сезімін арттырады, отансүйгіштігін берік қалыптастырады, болашаққа деген сенімі пайда болады.

Түйіндей келе, Облысқа ұсыным ретінде қысқа мерзімді ұсыныстар берілді. Осы ұсынымдар тиісті қолдау тауып, жедел қолданылған жағдайда серпінді жағымды өзгерістер қалыптасатынына сеніміміз мол.

Осы орайда, Ақтөбе облысы — Қазақстанның Батыс өңірінің алтын көпірі іспеттес. Осы алтын көпіріміздің тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық нығаюы баршамыз үшін ортақ міндет болып қала бермек.

ПҰСЫРМАНОВ ӘДІЛБЕК СЕРІКҰЛЫ

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,

Құқықтану мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.