«Егер мен әкім болсам…» байқауына! Нияз Маратұлының ұсыныстары

«Егер мен әкім болсам…» байқауына! Нияз Маратұлының ұсыныстары

Кадр мәселесін шешер едім
Көп жағдайда “кәсіби мамандар мемлекеттік қызметте жетіспейді” деп шенеуніктер желеу етеді. Бұл олай емес. Іздеген адам табады. Бірақ іздеуге ешкімнің құлшынысы жоқ-ау. Сондықтан бұрынғы басшылар бір орыннан екінші орынға ауысып, отыра береді. Бұның бәрі “тума-туыс, рулас, таныс, жерлес” деген бәледен болып тұр. Таныс арқылы келген қызметкер өз міндетін алғаш тағайындалған сәтінде ғана адал атқарар. Кейін әдеттегідей “лағып” кете береді ғой.
Ағаттық жіберген шенеунікті бір сатыға түсірер едім
Қазақстандық қоғамда әлеуметтік лифт тек белгілі бір топ өкілдеріне ғана жұмыс істейді. Сол баяғы туыстық пен руластық қой кедергі болатын. Ағаттық жіберген бастық шенеунік неліктен басқа корпорация не басқармаға барып, бастық бола салады? Бұны жою керек. Әйтпесе Конституцияда көрсетілген меритократия принципі ешқашан орындалмайды. Сондықтан қателік жасаған шенеунікті басқа департамент немесе салаға ауыстырмай, бір сатыға түсірер едім. Егер ол мықты білікті маман болса, тырмысып, қайтадан көтеріледі. Ал егер ол қайтадан ағаттыққа бой ұрса, онда жұмыстан шығып кетпейінше, саты сайын төмендей береді.
Ашықтық принципін ұстанар едім
Егер мен облыс әкімі болсам, аудан аралап жүріп, халықпен кездескен жиналысты бейнебаянға түсірткізер едім. Бұл ретте журналистерді тобыр-тобыр етіп ертудің қажеті шамалы. Түсірілген бейнебаянды (өңдеусіз, қысқартусыз) әкімдіктің ресми сайтына жариялайтын едім. Тіпті жаңа технологияның жетістігін пайдаланып, бұл бейнекөрсетілімді онлайн қылатын едім. Осының арқасында менің де жұмысым көрінеді, аудан әкімдерінің де жетістіктері немесе, керісінше, қателіктері сыртқа шығады.
Сондай-ақ, облыстық бюджеттен қанша ақша қандай салаға бөлінгендігі жөнінде тиынына дейін көрсету керек. Бұл ақпаратты да әкімдіктің ресми сайтына жариялайтын едім. Жариялап қоюмен іс шектелмеуі тиіс. Бөлінген ақшаның нәтижесі туралы егжей-тегжей ақпаратты әр басқарма беріп тұру керек. Мәселен, “осындай да спорт мектептеріне осыншама ақша бөлінді, осының нәтижесінде белгілі бір спорт мектебі оқушылары республика немесе халықаралық жарыс жеңімпаздары атанды”, — деп спорт басқармасы жыл сайын жариялап тұруы тиіс.
Омбудсмен қызметін тағайындар едім
Әділдіктің сақталуын қадағалайтын адам облыс әкімінен басқа ешкімге есеп бермеуі тиіс. Оның қызметі: жергілікті атқарушы биліктің үстінен түскен арыз-шағымдарын қабылдап, құзыретті органдарға жіберу және арыздарға қатысты тиісті шаралардың орындалуын қадағалау; қай басқармаға арыздың жиі түсетіндігін бақылау, соның негізінде басқармалар мен бөлімдердің рейтингісін құру. Рейтингке қарай басқарма басшыларының жалақысын қысқарту немесе көтеру керек.
Қазақ тілді баспасөз қызметін жасақтар едім
Өзімнің баспасөз қызметімді қазақшалатып, алдымен орыс емес, қазақ тілінде ақпарат таратуды міндетті қылатын едім. Мұндай талапты тек баспасөз қызметіне емес, барлық басқармаға да қояр едім. Біріншіден, Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Екіншіден, жыл сайын қазақ тілінің мәртебесі жоғарылап бара жатыр. Яғни қаланың өзінде қазақ мектебін бітіретін түлектердің үлес салмағы 70-75 пайызға тең. Және бұл көрсеткіш жыл сайын артуда.

Нияз Маратұлы,
Ақтөбе қаласы

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.