Ақтөбе облысында әкімдерін білмейтін ауыл тұрғындары шаруаларын өздері дөңгелетіп отыр

Ақтөбе облысында әкімдерін білмейтін ауыл тұрғындары шаруаларын өздері дөңгелетіп отыр

Хромтау ауданының Қарлау ауылында 25 үй түтін түтетеді. Ауыл үлкендерінің бірі, әрі белсендісі Тәрбие Әбдібаеваның айтуынша, мұнда жергілікті халық әкім атаулыны іздей бермейді. Олар шенді-шекпенділерсіз-ақ ауылдағы шаруаларын өздері дөңгелетіп отыра береді, деп хабарлайды «Тілші».

«Қарлау ауылында дүниеге келдім. Малшының отбасында туып өстім. 67 жастамын. Мұнда кезінде 18 отар қой болған. Кіндік қаным тамған жер, берекелі. Бұл жерге әкім келмейді. Бұрын-соңды облыс әкімімен мұндай кездесу болмады. Ол түгілі аудан әкімі Аязбайды (Хромтау ауданының бұрынғы әкімі Османғалиев — авт.) көрмедік, — деп бастады әңгімесін Қарлау ауылының тұрғыны Тәрбие Әбдібаева.

Өңірдегі жағдайды ол облыс басшысы Бердібек Сапарбаевпен болған кездесуде тізбелеп берді. Батыр ана кеңес одағы кезінде ақша болғанымен, сатып алатын тауардың тапшы болғанын еске алды.

«Құдайдың барбарис кәмпитін де ала алмадық. Базарда екі кемпір тығып, шай сатып жүретін. Құдайға шүкір, егемендігімізді алдық. Өмір сүруге болады. Бүгінде адамның жанынан басқасының барлығын сатып алуға болады», —  деп жалғастырды әңгімесін ол.

Ауыл тұрғынының айтуынша, жастар жағы да әкімдерді жағаламайды. Мал бағады, ақша жоқ демейді.

«Ауылда соғысқа қатысқан ардагерлер болды. Соларға деп өз күшімізбен ескерткіш тұрғыздық. Аталарымыз соғысқа барған. Қазіргідей мерекеге жете алмай кетті. Оларға не үй бұырмады, не үкіметтен үлесін алмады. Содан өз күшімізбен ескерткіш тұрғызып беруді жөн көрдік», — дейді Тәрбие апай.

Оның айтуына қарағанда, ауыл шетінде құдық бар екен. Электр жарығы сөніп қалса, ол да істен шығатын көрінеді.

«Ауыл маңында өзен болса баяғыда байып кетер едік. Тұрғындар ақша жинап, қыс мезгіліне дайын отырамыз. Бүгінде 130 мың теңгеден ұстап отырмыз. Ауылда газ да жоқ. Егер, оны тарту қиын десеңіздер, сауатсыз емеспіз ғой, түсінеміз. Дегенмен, құбырды тартып беруге шаруа қожалықтары көмектесеміз деп отыр. Шығынның бір бөлігін көтерісуге даяр. Мектеп жөнделіп жатыр. Ал, медициналық пункт кішкене «шаршаңқырап» тұр», — дейді ақ жаулықты ана.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.