Республикалық жол бойындағы жұпыны ауылды көрген Сапарбаев үйлердің сыртын әктеуге шақырды

Республикалық жол бойындағы жұпыны ауылды көрген Сапарбаев үйлердің сыртын әктеуге шақырды

Хромтау ауданының Бөгетсай ауылына барған Бердібек Сапарбаев ауылдағы жұпыны үйлерді көріп, тұрғындарына ренжіді, деп хабарлайды «Тілші».

«Аманғалидан (Бердалин, Хромтау ауданының әкімі — ред.) «ауылдарыңда неге ағаш аз» деп сұрап келе жатырмын. Тұрғындар неге бау-бақша екпейді екен? Одан қалды, үйлердің барлығы жұпыны. Бала кезімізде үйіміздің сыртын әктейтінбіз. Қоршауларды сырлаймыз. Қызылорданың сендерден артық жері жоқ. Көктемде барлығы үйлерінің сыртын әктейді. Кез келген үйден екі келі әк пен бір банка бояу табылатын шығар. Тазалық әрбіріңнің үйлеріңнен басталуы керек. Ертең көктем шыққанда ауыл әкімі осымен айналыссын», — деді облыс басшысы тұрғындармен кездесу барысында.

Сапарбаевтың айтуынша, Бөгетсай ауылы жолдың бойында орналасқан. Ол оңды-солды өтетін көлік жүргізушілерінің ауылды көріп не ойлайтынына алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Әкімнің пайымынша, егер ауыл жайқалып тұрса, жолаушылар бұл жердің мәдениеті жоғары екен деп ойлауы мүмкін екенін де айтты.

Әкімнің сөзіне қарағанда, Хромтаудан ауылға дейін жол бойында не тамақ ішетін орын жоқ, не машинаға май құятын, көлік жөндейтін орын жоқ.

«Неге осы жолды пайдаланбасқа? Бүгінде қаншама мемлекеттік бағдарлама бар. Соларды пайдаланып қалу керек. Ауыл әкімі халыққа оны түсіндіру керек. Кәсіпкерлікті дамыту керек қой. Сонымен қатар, «Құлан», «Алтын асық», «Сыбаға» бағдарламалары бойынша мал басы санын көбейтіп алмайсыңдар ма? Кепілдік мәселесі бар, білемін. Бірақ, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігіп, бұл мәселені де шешуге болады ғой. Келесі жылдан бастап кепілдік жағы жеңілдетіледі. Ауылдағы мал басы санын сұрастырдым. Сендер үшін өте аз. Мына жерден Ор өзені ағады, әкімдерің мұнда шөп жақсы шығады деп отыр. Сондықтан, жұмыс істеңдер», — деді Бердбек Сапарбаев Бөгетсай ауылының тұрғындарына.

Марат Төлепберген, «Тілші»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.