Аян Сейітов

Алақандай құм іші біздің ауыл,
Уайымы қысқы қар, күзгі дауыл.
Алда-жалда барғанда жолың түсіп
Алақанға салады сізді де ауыл.

Теке жездем алғалы ешкі апаны
Тек қана жаңарыпты ескі атауы.
Асфальті, газы, суы болмағанмен
Бұл жақта да таң атып, кеш батады.

Таң атса Тоқпан жаққа қой шығарып
Мен де талай тұрғанмын тай суарып.
Қайта келмес күндерім күрең тайдың
Құлагында кетіпті қайшыланып.

Ауылдың күрең қасқа жабылары,
Мінем десем қазір де табылады.
Күрең мұңның үстінде жүрген ұлың
Күрең тайды не істейді, не қылады?

Жатқан ауыл жүректің қуысында,
Туғаным да сен жақта туысым да.
Сені уыста ұстаған ағаларым,
Отыр қазір жеңгемнің уысында.

Жау келгенде тұратын жарауылда,
Жау жоқта да тұратын қарауылда.
Тұрмағанбет айтқандай белдеудегі,
Бедеу аттай інілер бар ауылда.

Жын жыраға итеріп сайтан орға
Жол түспей жүр көп болды Байқадамға.
Қайта келмес күндерім сенде өткізген
Қайта келсе тұрады ау қайталауға.

Мақала ұнаса, бөлісіңіз...
Email this to someoneShare on FacebookShare on Google+Tweet about this on TwitterShare on LinkedInShare on VKPrint this page

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.