Көшербаевтың үстінен іс қозғағанда тергеушілер неге асықты?

Көшербаевтың үстінен іс қозғағанда тергеушілер неге асықты?

Тергеу материалдары тым асығыс әзірленгенге ұқсайды. Өйткені айыптау дәлелдемелері тек жәбірленуші тарап пен “куәгерлердің” сөздеріне ғана негізделіп тұр.

Білім саласын бақылайтын департаменттің бұрынғы басшысы Әкімгерей Көшербаев үш эпизод бойынша айыпталып жатыр. Айыптау актісіне сәйкес, ол үш мектепті аттестациядан сәтті өткізу үшін ақша талап еткен, бірақ аттестацияның нәтижесіне ешқандай ықпал ете алмаған. Сондықтан оған “алаяқтық жасады” деген айып тағылуда.
Алғашқыда “Көшербаев өзінің жұбайы – Елек мектебінің директоры Сырбаева және басқа да тұлғалар арқылы облыс мектептерінің өкілдерінен аттестацияның оң шешімі үшін 1 150 000 теңге көлемінде пара алған”, — деген ресми баспасөз парағына негізделген ақпараттар кең тарап кетті.

Жарты жолда 50 мың теңгелер жиі жоғалады

Ал қазір ол жемқорлық емес, алаяқтық бабы бойынша “1 100 000 теңге жымқырды” делінген. Өкінішке орай, 50 мың теңгенің қайда жоғалып кеткені белгісіз. Ең қызығы, сот құжаттарына сүйенсек, 50 мың теңгелердің жиі жоғалатына куә боламыз. Мәселен, Шалқар ауданындағы №44 бастауыш мектебінің меңгерушісі Ботагөз Әбдіғалиева өзінің арызында 200 мың теңгенің бергендігі жөнінде жазады. Ал айыптау актісінде бұл сома 150 мың теңгеге айналып кеткен. Сондай-ақ, Қос Естек мектебіне қатысты эпизод бойынша куәгер боп атанғандар Көшербаевқа 500 мың теңгенің жинағандығын айтады. Алайда айыптау құжатына сәйкес, Көшербаевтың қолына тек 450 мың теңге тиген. Орта жолда Райса Игибаева есімді “куәгер” өз қалтасына салды деп көрсетіледі.

Тергеушілердің асыққаны соншалық, тіпті дәлелдемелер жинауға үлгермепті

Әншейінде жемқор шенеунікті ұстағанда, оның параны қалай алып жатқаны бейнетаспаға түсіріледі. Содан соң бұл бейнематериал республикалық теледидарда сенсация ретінде жарияланады. Бұл жолы бұндай сенсация болмай қалды. Істі қарап жатқан прокурор айтқандай, Көшербаевтың кінәсі Кушимова, Игибаева, Оралбаева есімді куәгерлердің жауаптарымен дәлелденеді. Сондай-ақ, №18 орта мектептің директоры Серік Тойшымановтың, №44 бастауыш мектебінің меңгерушісі Ботагөз Әбдіғалиеваның және Қос Естек мектебінің директор орынбасары Жырбаеваның арыздары іс материалдарына тіркелген. Ал Көшербаевтың әрекетін әшкере қылатын не бейнебаян, не аудиожазба табылмай отыр. Осы ретте тергеушілер тым асыққан сияқты. Адамдар жәбірленген соң, Көшербаевты бақылауда ұстай тұру керек еді…

Асығудың себебі

Самұратованың орнына Ләззат Оразбаева білім басқармасына келуге дайындалып отырған. Алайда желтоқсан айында ол мемлекеттік емтиханнан сәтті өте алмайды. Бірақ 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Мемлекеттік істер жөніндегі министрдің бұйрығына сәйкес, “Б” корпусындағы әкімшілік мемлекеттік бос орындарға байқау жүргізу рәсімі өзгеріске ұшырайды. Ендігәрі ішкі байқауда тест тапсыру міндетті емес. Әлбетте, алғашқыда емтиханды тапсыра алмаған қалалық білім бөлімінің басшысы мұндай мүмкіндікті пайдалануға тырысты. Бірақ бұл жолы Бердібек Сапарбаев облыстық білім бөлімінің басшысы қызметіне Көшербаевты шақырады. Ол өз еркімен арыз жазып, 19 қаңтар күні ресми түрде білім саласын бақылайтын департамент басшысы қызметінен босайды. Осы кезде Әкімгерей Көшербаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросының бақылауында болған.

Ештен кеш жақсы

Жәбірленуші тарап пен “куәгерлер” Көшербаевтың үстінен арызды кеш түсірген. Бүкіл қылмыс жасалып болғаннан кейін бірнеше айдан соң ар-ұяттары оянған жәбірленушілер құзырлы органдарға шағымдана бастайды. Көшербаев пара талап еткенде олардың қайда болғаны түсініксіз. Мәселен, №44 бастауыш мектебі аттестациядан сәтті өткен. Дегенмен соның меңгерушісі Ботагөз Әбдіғалиева арыз жазып шағымданады. Ең қызығы, өзі ақша жинап береді, өзі де арыз түсіреді.

Сондай-ақ, №18 мектептің мұғалімдері де, Қос Естек мектебінің жұмысшылары да дәл солай өздері бірінші ақша жинайды. Бұл айыптау актісінде көрсетілген. Бірақ түсініксіз себептерге байланысты олар жәбірленуші тарап ретінде сотқа келіп жүр.

Заңға сәйкес жаза
Сот процесінде жәбірленуші тарап Көшербаевқа заңға сәйкес жаза беруін сұрады. Ал прокурор Көшербаевты 3 жыл және 6 айға бас бостандығынан айыру керектігін айтты.
— Жырбаева ханым, алдымен адамның кінәсін дәлелдеу керек, тек содан кейін ғана жаза беруін сұрау керек. Билік өкілі мені кінәлі деп айтқаннан жаза талап ету дұрыс емес. Өйткені мені бірінші рет көріп тұрғаныңызды алдында сотта айтып кеттіңіз. Сөйте тұра, арызыңызда мен сізден 500 мың теңге талап еткенімді жазасыз. Осылай өтірік айтуға бола ма? Егер сіз соншама адал болсаңыз, неге әріптестеріңізбен бірге ақша жинайсыз? Өзіңіз сабақ бересіз, тәрбие ісі жөнінен директор орынбасары болып табыласыз, жоғары білімді азаматсыз. Ал азаматтық ар-ұятыңыз тек бірнеше айдан соң ғана оянады. Бұны қалай түсінуге болады? – деді Көшербаев.

Амангелді Қойшыбай

фото: aktobetimes.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.