Кітапханашы қандай болуы тиіс?

Бөлісіңіз

«Кітап — білім бұлағы». Осы білімнің бұлағымен бүгінгі талғампаз оқырманды сусындату мәселесінде алға оқу — білім ошақтарын тартамыз. Ал, бүгінгі таңдағы кітапхананың мәселесі қандай? Кітапқұмарларды көбейту жолындағы кітапханашылардың рөлі қай деңгейде?
Көкейде сауал көп. Тоқырау кезінде кітапханалар жаппай жабылып жатқан тұста оқырмандардың махаббаты талай кітаптардың қара құлыпқа қамалмауына және қайта жандануына тікелей әсер еткен деседі. Себебі, ол кездің кітапханашыларының өзі оқушымен бірге ізденіп, кітапқа ерекше құрметпен қарайтын еді. Ал, бүгінгі тәуелсіз елдің жас кітапханашылар қауымы қандай?
Осынау сұрақтарға жас буын кітапханашылардың айтар уәжі бар. Бірге қызмет жасап жүрген екі маманның пікірін оқырман қауымға жариялағанды жөн көрдік. Жас кітапханашылар жас буын оқырмандар туралы қандай пікірде?

 

 

Бақтыгүл Хамидулина,
С. Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы:

14885811_10205675366842554_344106880_n
— Негізі, мен, Орал қаласынан педогог — психолог мамандығы бойынша диплом алған маманмын. Осыдан бес жыл бұрын Ақтөбе қаласына келіп, жұмыс іздеп жүрген болатынмын. Кітапхана жанынан өтіп бара жатып, түйіндемемді тапсырып көрейін деген оймен осында келдім. Менімен біраз сөйлескен кітапхана әкімшілігі мені бір айдан соң жұмысқа қабылдады. Әрине, әр түрлі ойдағы оқырмандар болады. Оларға бірінші кезекте психологиялық бағыт беруге, мүмкіндігінше жақын болуға тырыстым. «Кітапханашы тек оқырманның сұраған кітабын тауып беріп, тыныш отырады » деп ойлаушы едім. Олай емес екен.
Ең бірінші әнші Роза Бағланова туралы мәдени шара өткізгенім есімнен кетпейді. Оқушылардың алдында дірілдеп, қорқып тұрдым. Ол аздай, телеарнаға сұхбат беруім керек болды. Алғашында бұл қиын жұмыс екен деп ойладым. Бірақ, үйренісе келе мәдени шараларға қатысуды, жүргізуді өзім сұрап алатын болдым. Және әр оқырманға ой салуды негізгі борышым деп білемін. Мәдени шараларға қатысқан және өз керегін іздеген оқырмандар алғысын білдіріп жатса, жұмысымның нәтижелі шыққаны үшін өзімді бақытты сезінемін. Кітапханашы үшін өзгенің ақшасы да, мақтауы да емес, біздің жұмысымызды шынайы бағаласа, сол біздің бақытымыз.
Өткенде автобуста келе жатсам, бір жігіт амандасып: «Сіз мені таныдыңыз ба? Мен сіздің оқырманыңызбын. Сіз маған қандай кітап оқуым қажет екендігін айтып жүретін едіңіз ғой. Міне, сол білімнің арқасында Қарағанды университетіне грантпен оқуға түстім. Сізге рахмет!» дейді. Мені ерекше шаттық биледі.
Бүгінгі елдің кітапханашысы заман талабына сай білімді, технологияны меңгерген, ерекше ынталы болу керек. Сонымен қатар бүгінгі қоғамда барлық кітапханалардағы кітаптар сандық жүйеге көшу керек. Сонда оқырман кітапханаға келіп, уақыт алмай, үйінде отырып, кітапхананың қызметін пайдалана алады. Кітапханашылардың қоғамдағы рөлі жоғары болуы үшін алдымен білімді және өнерге құштар кітапханашылардың саны артса жөн болар еді.
Тәуелсіз елдің кітапханашысы – алдымен патриот болуы тиіс. Себебі, оқырманға егеменділіктің бағасын сездіруге де, рухын оятуға да кітап керек. Ал, кітапханашы осы дүниелердің насихатшысы. Мен кітапханашы болғаным үшін, осыншама қазына – байлықтың ортасында қызмет жасағаныма өзім мақтанамын және кітапты көп оқитын замандастарымның, құрдастарымның көбейіп келе жатқанына қуанамын.
1999 – 2013 жылдар аралығында интернетті пайдаланушылар көп болды. Қазір, керісінше, кітапты пайдаланушы жастар саны артып келеді. Осыған мен қатты қуанамын. Тәуелсіз елдің жастары әсіресе классикалық шығармаларға, қазақ әдебиетінің көлемді туындыларын оқуға құмар.
Жанат Есенаманова,
С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының инженерлік жүйе маманы:

14914900_10205675368322591_1039688319_n
«Менің ойымша кітапхананың бәрін дерлік сандық жүйеге көшірудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, оқырман кітапхананың оқу залын босатпау керек. Егер оқырманның барлығы үйінде жатып, кітап оқи беретін болса, кітапхана ғимаратын салудың қажеті болмай қалады. Ал, кітап көздің көру қабілетін жақсартуға себеп болады және адамның ойлануына, оқиғалар мен кейіпкерлерді көз алдына елестетуге мүмкіндік береді. Сол себепті, оқырман мен кітапхана тығыз байланыста болуы қажет деп есептеймін.
Оқырманды кітапханаға тарту үшін алдымен кітапханашылардың өзі жаңа технологияны меңгерген болуы тиіс. Себебі, қазіргі оқырманның талғамы жоғары. Кітапханашылар кітап берумен қатар, сол кітап туралы видео немесе слайдты оқырманға ұсынса, оның талабынан шығар еді деп ойлаймын.
Кеңес кезінде кітапханашы деген мамандық аса құнды мамандықтардың бірі болған дегенді естиміз. Бірақ, мен өзім осы кітапхана саласына келгелі бұл мамандықтың да қиындығы көп екенін білдім. Мәселен, біздің ұжымның 70 пайызы қыз – келіншектерден құралған. Кейбір ер адамдар өздерінің оқырман екенін ұмытып, қыздарға басқаша көзқарастарын байқатып жатады. Әрине, кітапханашылар оларды бірінші кезекте оқырман ретінде бағалайды, ал, шектен шығып бара жатса, қатты айтуына тура келеді. Тіпті, кітапхананың интернет жұмысын пайдаланып отырған бір оқырмандарды да біз қадағалап отырамыз. Олардың әдептен аспауын бақылаймыз. Ал, кейбіреулер оны түсінбейді, « Мен оқырманмын, не қарасам да өзім білемін» деп қарсылық білдіретіндер де болды. Оларға кітапхана білім мен тәрбиенің орталығы екенін түсіндіріп айтамыз. Міне, осындай сәтте оқырмандарға жаңа технологияны пайдаланып, рухани азық беретін сапалы видеолар көптеп шығарылса , техника мен кітаптың байланысы нығая түсер еді.
Кітапхана саласында ІТ мамандары болғаны дұрыс деп есептеймін. Мен
С. Жиенбаевтың мерейтойы қарсаңында интернет конференцияға жауапты болдым. Ол кезде техникалық байланыс әлі де сапалы емес еді. Алматы қаласында тұратын ақынның жары Уазипа апаймен тікелей интернеттік байланысқа шығу міндеті берілді. Біздің жақта болып жатқан концертті апай өз көзімен көріп отыру керек. Сол күні қатты қиналдым. Себебі, интернет байланысы қалай болады, қашықтықтан онлайн байланысқа шығу, барлық дауысы, көрінісі сәтті шығу үшін қалай жұмыс жасау керек, сол маған қиындық туғызды. Бірақ, оны да үйрендім. Бұл шараны өткізгеннен кейін кітапхана сайтын жасауда қиналдым. Ал, қазір техника жаңарды, күн сайын жаңа бағдарламалар енуде. Қазір маған бұл атқарған жұмысымның ешқандай қиындығы жоқ. Дегенмен, кітапханашылардың қай – қайсысы болса да техниканы меңгерген маман болғанын қалаймын. Сонда оқырман сұранысын да жылдам қанағаттандыра аламыз, жастардың да қызығушылығын арттырамыз деп айтар едім. Және кітапханалар мен кітаптар жаңа технология бойынша безендірілсе деген ойым бар. Себебі, қазіргі жас оқырмандардың талғамы жоғары.

PS: Бұл бүгінгі дәуірдегі жас кітапханашылардың ойы. «Ал, жастар кітап оқымайды» деген сыңаржақ пікірге жас буын кітапханашылардың өзі осылай жауап береді. Олардың да өз мамандықтарына деген сүйіспеншілігін, алға ұмтылысын көріп, марқаямыз. Бұл да көңілге медет!

Гүлжайнар Қалдина,
Ақтөбе қаласы

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *