Бас прокурор: Жергілікті әкімдік көмек беруге, кеңесші болуға міндетті

Бөлісіңіз

Ақтөбеге келген астаналық 200 маман бүгін өз жұмысын қорытындылады. Құрамында 55 дәрігер, 16 әлеуметтік қызметкер, психолог, 10 теолог, 10 ғалым мен 13 қаржыгер, 14 имам бар топ бір айда 145 мың адамды қамтуға мүмкіндік алған. Яғни, өңір тұрғындарының әрбір алтыншысы астаналық мамандармен кездесті. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов топ жұмысының қорытындысында айтты, деп хабардайды Bnews.kz тілшісі.

Қыркүйек айының 29-ы күні Бас прокурор Жақып Асанов бастаған топ Ақтөбеге келіп, кейін аудан, ауылдарды аралап, медициналық, құқықтық көмек көрсету, кеңес беру үшін халықпен кездесті. 7 топқа бөлінген астаналықтардың бір тобы кәсіпкерлердің проблемаларын шешуге, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіруге бағытталды.
«Ауыл халқы нарық заманында белсенді болуы керек. Сондықтан, 108 ауыл әкімін оқытып, оларға халықпен жұмыс істеу жолын үйреттік. Олар 850 бизнес-идея туралы біліп, алдына келген ауыл тұрғындарының бизнес бастамаларын қолдау үшін жан-жақты тәжірибе жинады. Бетті әрлеп, жарнама жасау саласына ден қойған 237 қыз-келіншек шеберлік сабағын алды. Кейін арнайы сертификат берілді», – дейді Бас прокурор Жақып Асанов.
Астаналық мамандар шағын және орта бизнестің даму жолын бақылады. Даму институттарына бір ай ішінде қосымша 227 жоба түсіп, 5 миллиард теңге несие беру жұмысы жүріп жатыр. Нақтыласақ, 125 жобаға 3,1 миллиард теңге бөлініп, ақша шағын кәсіп иелерінің қолына тиіп үлгерген.
«Субсидия алу кезінде кәсіпкерлер бірқатар кедергілерге тап болған. Мәселен, ет цехына субсидия алмақ болған «Габр» шаруа қожалығы иесінің өтініші қанағаттандырылмай келеді. Себебі, өңделетін еттің салмағы жеткіліксіз. Енді біз, субсидия талабын өзгерту жолын министрліктерге ұсынамыз. Бір сөзбен айтқанда, өзін және отбасын өз еңбегімен асырағысы келетін адамға мемлекет қолдау институттарын ұсынады. Жергілікті әкімдер барыңыздар, олар сұрақтарға жауап беруге, кеңесші, көмекші болуға міндетті», – дейді Ж.Асанов.
Әлеуметтік көмек беру тобы 4,6 мың ақтөбелікке көмектесті. Ауыл әкімдеріне арналған деректер базасы іске қосылды. Базада әр тұрғынның аты-жөні, мемлекеттен алатын әлеуметтік көмек, мүгедектер саны жазылады. Мемлекеттік көмекке мұқтаждығы да дерек ретінде тіркеледі.
«Әлеуметтік бақылау тобы 502 мүгедекке барып, 136 мүмкіндігі шектеулі жанға көмек берілді. Мәселен, 44 мүгедектің протез, арба-кресло мәселесі шешілді. Мәселен, жедел жұмыс істеу нәтижесінде Ембі қаласы тұрғынының үйіне барып, мүгедектік рәсімделді», – дейді Бас прокурор.
Мониторинг кезінде халықтың әлеуметтік көмек, жәрдемақылар туралы толық ақпаратпен қамтылмағаны, мемлекеттік көмекті тиісті деңгейде алмайтыны белгілі болған.
Жұмыс тобы Ақтөбедегі 5 ауданда бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген. Бір айда 123 адам жұмысқа орналастырылып, жұмысшыларына жалақы төлемеген 153 кәсіпорын басшысымен кездесу өткізілді. Бас прокурордың айтуынша, қазіргі уақытта 232 жұмысшы бірнеше ай бойы қолы жетпей жүрген 9 миллион теңге еңбекақыларын алды.

фото: informburo.kz

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *