Сапарбаевтың тұсындағы азаматтық қоғам: Мектеп оқушылары да әкімге талап қоя бастады

Бөлісіңіз

Архимедтің тұсында азаматтық қоғам қандай болды? Сағындықовтың ше? Сапарбаев билігінің тұсында халықтың санасы қаншалықты оянды? Кейінгі әкім атаулыға талапшыл халықпен жұмыс жасау қаншалықты оңай болуы мүмкін? Осы және өзге сауалдарға өздігімізше жауап іздеген болдық. Ойларыңыз болса, «Тілші» алаңында бөлісемін десеңіз, мархабат, орын беруге даярмыз.

Әзірге, шама-шарқымызша, жоғарыда тізбектелген жайттарға жауап іздеп көрелік.
Асылы, азаматтық қоғамдық қалыптастыру үшін миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаражат бөлініп жатыр. Халықаралық құрылымдар да, Қазақстан үкіметі де аянып жатқан жоқ. Ондаған, жүздеген шаралар ұйымдастырылады. Көздегендері орындалып жатыр ма?!
Орындалмай жатқан сияқты. Рас, шетелдің халықаралық ұйымдары донор болған жобалар бойынша көзге көрінер дүниелер жасалып-ақ жатыр. Алайда, азаматтық қоғамның бөлігі саналатын үкіметтік емес ұйымдардың арасында да грант игеруде өзара келіспеушіліктер кезігеді. «Грантоедтер», мол қаражатты игеріп, есебін тапсырады, іс сонымен бітті.
Мұндай, тек есеп үшін жасалатын жұмыстар да аз емес. Билік құрылымдарында о бастан бар, әрі аз емес те! Бұл тенденция халықаралық ұйымдардан грант алып отырған қазақстандық қоғамдық ұйымдар арасында да баршылық. Түпкі мақсаты, демократияның бір белгісі – халықты белсенді болуға шақыру, өздерін қорғай алатын халге көтеру, сөз, пікір бостандығы, тағысын, тағы сондайлар. Жә, азаматтық қоғамның не екенін тәптіштеп айтудың өзі артық. Бүгінде бұл түсінік қолданысқа да еніп келеді.
Өңірлерде бұл жайт қалай екен, өздігімізше шолып көрмек болдық. Қазақстан бойынша, көбіне, Атырау, Орал облыстарының санаулы азаматтары белсенді. Билік олармен, ашығын айту керек, санасады. Ақтөбеде де бұрын белсенділер болды. Сотталды, өлді, елден кетуге мәжбүр болды. Жағдай бүгінде қалай? Азаматтық қоғамның рөлі нешік? Біздіңше, жағдай жақсы емес. Қоғам үшін. Билік үшін керегі де осы шығар. Міндетті түрде өңірдің қазіргі билігі деген сөз емес. Жалпы айтқанда.
Тәуелсіз, аса белсенді қоғамдық ұйымдар жоқтың қасы. Мүлдем жоқ деуге болады. Бірді-екілі белсенді бар еді, олардың да үні көп шықпайды. Мемлекеттен тапсырыс алып отырған үкіметтік емес ұйымдар, жасыратыны жоқ, мемлекеттік арналар мен басылымдар алдында «эксполатып» айқайлап береді. «Ақпыз, сары, қарамыз», «Тату-тәтті өмір сүріп келеміз» деген сарындағы репетициядан әбден өткендерін дәлелдеп береді. Есеп үшін өткізілетін патриоттық шараларда да ұрандатып беруден алдарына жан салмайды. Қоғам үшін, халық үшін игі іс, егер «трезвый» көзбен қарасақ, жасалып жатқан жоқ.
Дегенмен, келгеніне бір жылдан енді асқан Сапарбаевтың билігінің тұсында азаматтық қоғам қалай дегенге тоқтап өтсек. Бұл кісі «планканы» асыра орындап, «потолокты» қойып тастаған секілді. Бұдан кейінгі басшыға халықпен жұмыс жасаудың оңай соқпасы анық. Қит етсе, «Сапарбаевқа жазам», «әкімге айтам» деген батыл мәлімдемелер жер-жерде жиі айтылатын болды. Жұрттың бір шаруасы келіспесе, шенділердің жұмыстарына көңілдері толмаса, Бердібек Сапарбаевты құдды бір әкесіндей көріп, арыз-шағымын жеткізуге дайын тұрады. Рас, бұл да бұл белсенділіктің, халықтың өз мүддесін билік арқылы қорғау үшін жасап жатырған әрекеті деп түсіну керек.
Бұрынғысынша, халықты қой құрлы көрмейтін мемқызметкерлердің, шенділердің еңселері түсіп, баяғы рахат өмір, «лафа» жұмыс келмеске кеткендей болды. «Энерджайзер» басшысының темпіне шыдағамағандар қызметтерінен де кетіп үлгерді. Әкім есіктен кеткен күні, тесіктерден қашатын мемлекеттік қызметкерлер үшін оңай жұмыс келмеске кеткендей қазіргі таңда.
Қарапайым халық «билік тарапынан көмек болмайды», «жолық не, жолықпа не» деген күй кешті. Құлақ кескен басқарушыларға шағым да айтқысы келмей кеткенде, өңір үшін былтырдан бері тың өзгерістер ене бастағаны жасырын емес. Демократиялық элементтер пайда болып, қарапайым тұрғындардың кеуделерінде үміт оты жана бастады. «Айтсақ, естиді екен ғой» дейтін болды. Артында бір қорғаушысы тұрғандай, өз құқықтарын тиіп-қашып жер-жерде жеткізіп бағуда.
Алысқа бармайық, ақпарат құралдарының өкілдері де көптеген тақырыптарды тереңінен қазбалап, ашық сөйлей бастады. Бұрын қолында билігі бар дөкейлердің тарапынан болатын кедергілер бүгінде байқалмайды. Сын жазылса, тілшінің ізінен шам алып түсіп жатқан әкім жоқ. Керісінше, санаса бастады. Сынды ескеретін болды. Мәдениетті түрде. Конструктивті диалог та орнады.
Санаулы күн бұрын ғана асабалар да алаңға шықты. Әрине, азаматтық қоғамның көрінісі деуге болмас. Дегенмен, өз үнін жеткізудің бір амалы. Араға күн салып мектеп оқушылары мен студенттер аттандады. Жай шықпады. Бірінші топ қызылды-жасылды сахналық образ ұстанған жас әншілерді қалаға келтірмейміз деп, екіншілері (мектеп оқушылары) Сапарбаевтан көмек сұрап, мұңдарын шақты.
Халыққа мүмкіндік берген сайын, талаптары да күшейе бастады. Бір қызығы, билік бір орында тұрмайды. Облыс басшылығы санаулы жылда ауыса жатар. Сонда, жаңадан келген басшы нетпек? Пікірін ашық айтып қалған халық онымен қалай қатынас орнатпақ?
Азаматтық қоғам күш ала бастағанда, басып-жаншып, күштеп немесе алдап, не болмаса, тіпті, қорқытып-үркіту әдісін ұстанатын басшылар келсе не болмақ? Қарапайым халық та бұрынғыдай емес. Халықаралық ұйымдардың не үкіметтің миллион-миллиардтарынсыз-ақ тұрғындардың санасын оятқан, демократияның иісін сездірген Сапарбаев қызмет ауыстырса, әкімдіктен кетсе, демократия құндылықтары не болмақ?

P.S. Алматы облысындағы ауылдардың бірінде тұратын Әзиз есімді оқырман «Сапарбаев күнін ұйымдастырса қалай болады, біз оған тілекшіміз» деп хат жазыпты.

P.P.S. Ақтөбеде Сапарбаевты жақтырмайтындар да бар. Сәйкесінше, «биліктен кетсе екен» деген пиғылын да білдіріп қояды. Ал, ондайларға, біле білсеңіз, АЗАМАТТЫҚ қоғамның құны КӨК тиын! 

Асқар Ақтілеу, «Тілші»

фото: Forbes.kz

Ұқсас жаңалықтар

One thought on “Сапарбаевтың тұсындағы азаматтық қоғам: Мектеп оқушылары да әкімге талап қоя бастады

  1. Әкім бол, халқыңа жақын бол деген, Ағамыз мықты! Ашыққаннан құныққан жаман. Халықтың өскені жақсы, қандай мықты болмасын,
    ол халықтың ішінен шығады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *