«ЭКСПО-2017» көрмесіне Ақтөбе 25 жоба әзірледі — TILSHI.KZ

«ЭКСПО-2017» көрмесіне Ақтөбе 25 жоба әзірледі

Бөлісіңіз

Халықаралық көрмеге Ақтөбе облысы жан-жақты дайындалып жатыр. Жоспар бойынша көрмені өңірден 100 мың адам барып тамашалайды. Ал 25 жоба ұлттық көрме павильонына қойылады. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы, қоқыс өңдеу, қуат үнемдеу секілді тақырыпты қамтитын жобалар ҚР Энергетика министрлігінің қарауына жіберілді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық ішкі байланыс және туризм басқармасының бөлім басшысы Жанна Бүркітбаева айтты, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Қазақстан» ұлттық павильонындағы жасыл экономика жобасы қатарына ақтөбеліктердің де туындылары қойылады деп жоспарланған. Барлығы 25 жоба дайын. Олар су ресурсы, ауыл шаруашылығы, қуат үнемдеу, қоқыс өңдеу саласын қамтиды. Сонымен қатар, ауаның ластануын төмендету, қоршаған ортаны қорғап, экожүйені сақтау да қарастырылған. Қазіргі уақытта жобалардың барлығы ҚР Энергетика министрлігіне жолданды»,- дейді Ақтөбе облыстық ішкі байланыс және туризм басқармасының бөлім басшысы Жанна Бүркітбаева.
Халықаралық көрмеге Ақтөбе рельс-арқалық зауытының қалдықсыз өндірісі ұсынылады. Мұнда пайдаланылған су қайта өңделіп, кәдеге асырылады. Ал тұзды су арнайы құрылғы арқылы тазартылып, түзелген тұз қыстағы көктайғақта тасжолға себуге арналады. Бұл инновациялық технология көрме келушілеріне ұсынылады деп жоспарланған. Сонымен қатар, «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның №4 цехындағы тазарту құрылғысы ұсынылады. Бұл – атмосфераны ластаудан сақтайтын жоба. Көрмеде ауданындардағы жел, күн электр станциясы, ет пен сүт өндірісі де көрсетіледі.
Ақтөбе өңірінде үш айдың кестесі жасалды. Яғни, келер жылы жаз айынан бастап 100 мың адам «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін тамашалап, ондағы заманауи технологиялармен таныса алады. Есеп бойынша, күн сайын Ақтөбеден Астанаға 1088 адам аттандырылып, олар үшін қосымша пойыз, ұшақ және автобус шығарылуы мүмкін.
«Қазіргі уақытта көрмеге баратын адамдардың жалпы құрамы анықталып жатыр. Олардың арасында оқушылар, студенттер мен зейнеткерлер, жетімдер мен аз қамтылған отбасылардың балалары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мүгедектер де бар. Шамамен 1 мың жетім, 2 мың аз қамтылған отбасы балаларын қамту қажет. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының 5 мың, мемлекеттік мекемелердің 7 мың қызметкерін қатыстыру жоспары дайын. Жоғары оқу орнының 5 мың студенті, 8 мың зейнеткер, 10 мың колледж оқушысы, 15 мың мектеп оқушысы, білім саласының 22 мың қызметкері, өндіріс саласының 25 мың жұмысшысы тізімге алынды. Барлық адамды дер кезінде Астанаға жеткізу үшін 20 вагоннан тұратын қосымша пойыз қажет. Ақтөбе-Астана-Ақтөбе бағытындағы арнайы әуе рейсіне де сұраныс берілді. Қазір бұл ұсынысты ҚР Инвестиция және даму министрігі қарап жатыр»,- дейді Жанна Бүркітбаева.
Жоспар бойынша желтоқсан айынан бастап Ақтөбеде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне билет сатыла бастайды. Ірі супермарметтер мен сауда орындарында арнайы касса ашылуы ықтимал. Оқу үздіктеріне, мектеп белсендісі мен алғыр балаларға ірі өндіріс орындарының демеушілігімен билет сатып алынады.
Ақтөбе халықаралық көрмеге еріктілерді арнайы дайындап жатыр. Шетелдіктерге 100 ерікті көмек береді деп жоспарланған. Өткен жылы облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы 30 еріктіні оқытты. Қазіргі уақытта тағы 17-24 жас аралығындағы 172 жас арнайы таңдалды. Жыл соңына дайын олар тағы бір іріктеуден өтіп, арнайы дәріс беріледі.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне арнап Ақтөбеден екі туристік маршрут дайындалды.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ мен «Зере тур», «Эпоха» туристік операторы «Қобда батырлар елі», «Көлдер мекені» атты бағытты дайындады. Бірі – Қобда ауданы. Онда Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың патриоттық тәрбие беру орталығы, Абат-Байтақ кесенесі мен Жиренқопадағы Қобыланды батыр мемориалды кешені бар. Мәртөкте этномұражай, Казанка, Механизатор секілді құстар мекендейтін бірнеше көл бар. Көрмеге келген қонақтар үшін осы екі маршрут ұсынылады»,- дейді Ж.Бүркітбаева.
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ «Recommended by EXPO» серіктестік бағдарламасын іске асырып жатыр. Яғни, талапқа сай қонақ үйлермен қамтамасыз ету үшін арнайы тексерулерден өткен жөн. Қазіргі уақытта өңірдегі 7 қонақ үйге ұсыныс түсті. Әзірге, біреуі таңдаудан өтіп, серіктес болды.
Ақтөбе көрмеге қатысудан бұрын оның құрылыс жұмыстарына да көмек беріп келеді. Мәселен, «АЗПО» ЖШС-і алғашында көрменің бас мердігерімен 27 миллион теңгенің келісімін жасады. Келісім бойынша өрт сөндіруге арналған құрал-жабдық шығаратын өндіріс орны тауарды жеткізіп береді. Бірақ, бұл тапсырыс 56 миллион теңгеге дейін көтерді. Қазіргі уақытта тағы 47 миллион теңгенің арнайы құрылғысын жеткізуге уағдаласты. Ал «Ұлан компаниясы» серіктестігі «МегаПлаза» орталығының мердігерімен келісім жасап, электр тоғын жүргізу жұмыстарын атқарып келеді. Сонымен қатар, жүргіншілер жолының тасын төсейді. Жұмыстың жалпы құны 110 миллион теңгеге жетті.

фото: Kazakhstan — OrexCA.com

 

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *