Ақтөбе субсидияға бөлінген 670 млн теңгені игере алмай, бюджетке кері қайтарды

Бөлісіңіз

Ақтөбе субсидияға бөлінген 670 миллион теңгені республикалық бюджетке кері қайтарды. Себебі, кәсіпкерлерден өтініш түспеген. Есеп бойынша 2020 жылға қарай облыстағы шағын және орта бизнес 2014 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсуі қажет екен. Бірақ, жыл өткен сайын көрсеткіш орта есеппен 13 пайызға төмендеп барады. Мұны облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі комиссиясының кеңейтілген отырысында мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалу барысы талқыланды. 9 айда атқарған істерді қорытындылаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева Ұлттық қордан бөлінген қаржы мен басқармалардың оны дер кезінде игеруі жайында сөз қозғады. Қазір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім мен денсаулық, экономика басқармалары кейбір тапсырмаларды межеге жеткізбеген. Мәселен, 2015 жылы Қарғалы ауданында жылу құбырын жаңарту жұмыстары басталып, бүгінде тек 800 метр құбыр жаңартылды.
«Қарғалы ауданының депутаттарынан бұл мәселені бақылауға алуды сұраймыз. Себебі, Қарғалы ауданындағы жылу құбырын жөндеу жұмыстары 2015 жылы басталды. Нысан ауыспалы болғанымен, 1 жарым шақырым құбырдың тек 800 метрі жаңарды. Әлі тең жартысы бар. Ал жыл болса аяқталып қалды. Алға ауданындағы орталық жылу қазандығына бөлінген қаржының тек 37 пайызы игерілді. Жоба ауыспалы болғанымен, игеру көрсеткіші өте төмен»,- дейді Рузия Айдашева.
Қателіктер кәсіпкерлік саласында да бар. Мәселен, 2020 жылға қарай орта бизнес 2014 жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсуі қажет екен. Бірақ, жыл өткен сайын көрсеткіш орта есеппен 13 пайызға төмендеп барады. Бұл кезде жауапты басқарма басшылары «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында субсидияға деп бөлінген 670 миллион теңгені кері қайтарып отыр. Себебі, кәсіпкерлерден өтініш түспеген.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өткен жылы өңірге 1,4 миллиард теңге бөлініп, 3 мектеп пен 1 балабақша салынды. Ал биыл балабақша мен Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласына 600 орынды мектеп салуға қаржы бөлінді. Дегенмен, облыста үш ауысымда білім беретін 15 мектеп бар. Оның біреуі Мәртөк, екіншісі Хромтау ауданында. Өзгелері Ақтөбе қаласына тиесілі. Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін 7 мектептің жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлген. 2017-2019 жылдары тағы 14 білім ордасы салынуы мүмкін»,- дейді басқарма басшысы.

фото: mansbest.ru

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *