Сапарбаев, PR және абыройсыз әрекет

Бөлісіңіз

Бүгінде PR түсінігі өмірімізге дендеп кірді. Бұл сөздің мағынасын түсінсек те, түсінбесек те, оңды-солды, қолданатын болдық. Әсіресе, журналистикада.  Бет-жүзіне қарамай мақтаса болды, жұмыс-жоспар орындалды деген түсінік бар.

Мақтауға келер болсақ, қазақ журналистикасының, әсіресе, аймақтық баспасөзде мақтау деген кеңес дәуірінен бар. Халықтың алдында, көзінше. Мақтайсың. Артынан, көзден тасада сықпытып жамандайсың. Жетістіктерге қол жеткізе бастағанда, кедергі жасайсың, аяғынан шаласың. Өлген соң, жаназаға жиналған көпшіліктің алдында тағы бір мақтарсың. «Өлген туралы жаман айтуға болмайды» — деген қағида бар. Сол себепті де, «марқұм, жақсы еді» — дерсің. Жә, тірілерге оралайық.

Сән әлемінде пиар түсінігі қандай? 19-20 жастағы аяғы оқтаудай түзу, қыпша бел сылқымды арулар сайысына қатыстырамыз. Одан модель жасаймыз. Реті келсе, супермодель қылып та жібереміз. Эйнштейн секілді ғұламаның фонына тұрғызып қойып, видеоға түсіресің. Ақылды сөз айтқызып, ақылды ару қылып көрсетесің. Мейлі, ол бойжеткен қауақ болса да, айналада болып жатқан жайттан хабары болмаса да. Ресей шоу-бизнесінде де ақылсыздар өте көп. Екі сөздің басын қосып сөйлей алмайтын әншісымақтардың аузына әдемі сөз салып, халықтың көңілінен шығару үшін жасалатын жағдайлар аз емес.

Қазақ шоу-той бизнесінде де пиар түсінігі жоқ емес. Бірақ сәл басқа. Инстаграмда оңды-солды бірін-бірі мақтап, дастарханнан не жеп, не ішіп жүргенін салып, пиарлаттық деп сенеді. Әдетте, дастарханды, онда тұрған тамақ атаулыны суретке түсіру этикаға жат екенін сол ерке әншілеріміз бен мәдениет саласының өкілінің дені түсіне бермесе керек.

Ал шенділер арасындағы PR ше? Жасыратыны жоқ, Ақтөбеде билік саласында PR түсінігі болмады. Бір шенді бар, келе сала қолына сыпырғыш алып көше тазартты, күрек алып тал екті. Жүрген-тұрғанын пиарщиксымақтары шыртылдатып суретке түсіріп, ғаламторға сала береді, сала береді. Жұмысы сол болса керек. Қайтсін енді, бала асырау керек, несие төлеу керек. Пиарлатып берсе болды, оның артында халық жек көріп кетеді-ау деген ой келе қойса, қәнеки?! Ал мұны ойлап тұрған ол жоқ.

Халық арасында облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың да «PR-ы мықты» деген түсінік бар. Құдды бір айналасында PR мамандары қаптап жүргендей. Ақтөбеден өзге қалаларға жолың түскенде, «Сапарбаевтың пиары мықты, кім оны сонша көтеріп, әспеттеп отырған?» — деген сарында сұрақтың астында қаласың.

Рас, әкімнің жүрген-тұрғанының бәрі БАҚ бетінен түспейтін болып кеткен кездер болды. Сыртта (сарапшысымақтары ғой сол) отырғандар «әй, пиарщиктер, бәсеңдетіңдер» деген сарында ақыл-кеңес те жаудырып жатқан түр танытып қояды. Мақтаудың бәрін PR деп түсінетін болса керек.

Облыс басшысының істеген тірлігіне халық тамсанады. Бұрын-соңды мұндай әкім көрмеген соң, журналист атаулы да оның жұмысын шын ықыласпен көрсете бастады (пиарлату емес). Алайда, билікте отыруды дәреже көретіндер жоқ емес. Клан деген бәлі бар. Жақын жерде де бар, алыста да отыр. Мұндай мақтауды көтере алмаса керек, Сапарбаевтың халық махаббатына бөленгеніне шыдастық танытпай, ара-тұра бірдеңелерді жазып, бомба қойған болады. Біраздың былығын ашып, оңай ақшадан қаққан соң, өш алғыштар армиясы да артатыны сөзсіз. Биліктегі азаматтар да екіге бөлініп, бірі жақтайды, бірі сүрінгенін тілеп отырады.

Таяуда, журналистермен болған кездесуде «дұшпандарыңыз бар шығар, әсіресе кландар соғысы деген түсінік бар, сондайлардың соққысына дайынсыз ба?» деген сарында сауал тастағанбыз.
Сапарбаевтың жауабы қысқа болды: «Мен халық үшін жүгіріп жүрмін. Егер бәзбіреулер маған қарсы шықса, халыққа қарсы шыққаны» (мағынасы осындай – ред.) деп қайырды.

Өңірдегі тілшілердің бірі ретінде көзіміз көріп жүргені – Бердібек Мәшбекұлының жанында ешқандай пиарщик жоқ. Галстугін түзетіп, шашын дұрыстап, осылай сөйлесеңіз, халық сізді жақсы көріп кетеді деп жатқан пиар маманын көрмедік. Үлкен кісі ғой. Өзінің көрегендігі мен мемлекеттік қызметтегі жылдар бойғы тәжірибесі, өмірлік ұстанымы, қарапайым халыққа мейлінше жақын болуы көпшіліктің ықыласына бөлеп отыр.

Ал бұлардың барлығы пиаршының еңбегінің нәтижесі десеңіз қателесесіз.

Рас, кейде әкім демократиялық принциптерге қайшы мәлімдеме жасап қояды. Осы кезде пиаршылары ма, кеңесшілері ме, қайда қалды?

Тағы бір жайт, соңғы кездері БАҚ Ақтөбе облысына қатысты сыни материал жариялай бастады. Әсіресе, беделді, жетекші басылымдар жергілікті әкімдікті «отырса опақ, тұрса сопақ» қылды. Оқырман ретінде, қарапайым тұрғынның бірі ретінде, әлгі басылымдағы әріптестерімнің көп сөзімен келісемін. Әрі-беріден соң, оларды қолдайтынымды да жасырмаймын. Одан қалды, облыс басшысын аяймын.
Жеке өз ойым, келгеніне бір жыл енді толған Сапарбаевты көпшілік алдында, одан қалды қас-дұшпандарға күлкі қылып отырған менің әріптестерім дегенге келіспеймін.
Бұл ретте, Алматы, Астана қалаларында ғаламторда отырып алып, «Сапарбаевтың пиарщиктері тым артық жұмыс істеп кетті» дейтіндердің «сол пиарчиктер қайда?» деп сауал тастамай отырғанына таң қаламын. Пиаршылар тек жалақы алып, баласын асырап, несиесін жабушылар емес қой, осындай сыни дүниеге де мән беріп, әрекет жасауы керек емес пе? Ондай байқалмайды. Бәлкім, сынап жүргендерді (журналистерді) «оңбағандар, сауатсыздар, басы істемейтіндер» армиясына қоса салу оңай ма деп қаласың.

Алайда халық сол ақпарат құралдары өкілдерінің көзімен көреді, құлағымен еститітін ұмытпау керек.
Шын кінәліні әкімдік айналасынан іздеу керек. Әкімдіктен ішінен іздеу керек. Күні кеше «алтын жалатылған кресло керек» деп бір шенді шықты. Тағы бірінің қымбат ыдыстан тамақ ішкісі келсе керек. Құны миллионнан асатын картина керегіп қалыпты. Тығындары ашылып кеткенге ұқсайды. Мұндайлар бұрыннан жасалып жатқан да шығар.
Ақпараттар ашық болмаған соң, халық біле де бермейді ғой. Соңғы кезде мемлекеттік сатып алуға қатысты сайтта барлығы ашық көрсетілген соң, астаналық әріптестер қазбалап-қазбалап, Ақтөбе әкімдігін жерге қаратты. Ақтөбе облысы әкімдігі ғимаратының суретін жанына қонжитып қоя қойыпты. Әкімдіктің бас «тұрғыны» әкім болған соң, аппетиті мықты шенділер алдымен Сапарбаевты абыройсыздықта қалдырып келеді.
Реті келіп тұрғанда, айта кетейік, таяуда ақпарат құралдары «Сапарбаевтың берген уәдесі уақытылы орындалмай келеді» деген сарында көлемді материал жариялады. Жүрген жерінде әкім тұрғындардың мұң-мұңтажына құлақ асып, одан қалды араға абыройы мен беделін салып, шетелдіктерді шақырып, тың бастама көтеріп, орынбасарларына тапсырма беріп жататыннын көзіміз көріп жүр. Өкінішке қарай, уақытында орындай алмаған орынбасарлары да айналып келгенде әкімдерінің атына кір келтіруде.

Асқар Ақтілеу, «Жас қазақ»

фото: «Капитал» 

You May Also Like

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *