Шетел асқандар неге өз елін жамандайды?

Бөлісіңіз

Таяуда бір танысым Түркияға барып келді. Еңбек демалысының бір аптасын Анталияда өткізген. Ол елді алғаш көрсе керек, есі кетіп, аузының суы құрып, мақтауын мақтап-ақ келеді. Одан қалды, «шетелге кетемін, елде тұрмаймын» деп қиғылық салатынды шығарды.

Осыдан тура бір жыл бұрын сапарлас болған тағы бір танысым да Түркияның екі-үш қаласын көріп, қайтар жолда сандыраққа басып еді. «Еліміз дамып келеді», «Алға», «Біздің болашағымыз…» деген сарында жаттанды ұран-сөздерінің бірін айтып, біріне секірді. Жүзінен мұң байқалады, ашуланып келеді.

Расында, шетелге барған адамның сәл де болса ойы өзгереді. Өз елі мен өзге елдегі жағдайды салыстыра түседі. Жақсы-жаманын ажыратып, өздігінше іштей ой түйеді.

Жақында бір жолдас балам да мұңын шақты. Танысы мұхит асып, Америкада жүрсе керек. Сонда қызметке орналасқан. «Америкаға кетсе, шүкір ету керек, ол жаққа бара алатындай мүмкіндік беріп отырған біздің ел ғой, еліміздің саясаты» дейді сөзін жалғастырып.

Сәл кідіріс жасап болған соң, «Неге батыс көрген адам, Америка асқан қазақ өз елін жек көріп кетеді екен, а?» деп сұрақты төтесінен тік қойды. «Мұхит асқандар неге Қазақстанды жамандап жазады екен?» деп тағы бір сұрақтың шетін тарқатты.

Сәлден соң, «Сен неге елді жек көріп кетпедің, неге жамандамай отырсың, әй, бірақ, осыдан жамандап көр, араласпай қоямыз» деп, аяқ асты әзіл-шыны аралас шарт қойды.

Айтпақшы, елден кетем деп қиғылық салған танысым еліміздің Түркиядай болуы үшін әлі 40-50 керектігін айтып қалды. Неге сүйенгенін, қандай дәйек келтіретінін сұрамадық та. Неге 40-50 жыл, неге 100 жыл емес?! Тарқатып айтпады да!

Жалпы, мұндай сауалдар мені бұрын да мазалайтын. Таяуда АҚШ-қа кетпес бұрын да, мені мазалаған ойлар осы болды. Жолға не алам, не кием, не ішем дегеннен гөрі, ол жақты көруге дайынмын ба, көрген соң, менің де сандырақтап кетуім мүмкін бе деген ойлар келді.

Жолға шықпас бұрын да өзіме сөз беруге тырыстым. Оралған соң, ол жақты аса көп мақтамауым керек, өз елімді жек көріп кетпеуім керек.

Өйткені, Американы дамытқан американдықтар, Түркияны Түркия қылған да түріктер. Қазақстанның да Қазақстан болуы өз тұрғындарының қолында! Тек соны қазақтарға, қазақстандықтарға титтей де болса, түсіндіру керек…

Асқар Ақтілеу, «Жас қазақ»

 

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *