Каримовтан кейiнгi Өзбекстан. Оны кiм қалай елестетедi? — TILSHI.KZ

Каримовтан кейiнгi Өзбекстан. Оны кiм қалай елестетедi?

Бөлісіңіз

Каримовтың көзi жұмылды деген ақпарды ресми Ташкент жоққа шығарды. Қазiр оның атына тәуелсiздiк мере­кесiне орай құттықтаулар түсiп жатыр. Өзбек президен­тiнiң сайтындағы мәлiметтерге қарағанда, Каримовты айтулы мерекемен құттықтағандардың арасында Украина, Тәжiкстан, Түркiменстан, Ауғанстан президенттерiн былай қойғанда, АҚШ пен Қытай басшысы да бар. Барак Обама Өзбекстанның территориялық тұтастығын қолдай бере­тiнiн бiлдiрсе, Си Цзиньпин тiптi Каримовке денсаулық тiлеген. Алайда өзбек лидерiнiң қазiр қандай жағдайда екенi Ташкенттегi шағын топқа ғана белгiлi. Ел тә­уелсiз­дiгiнiң 25 жылдығына арналған мерекелiк шаралардың кейiнге шегерiлуiнiң өзi көп нәрсенi айғақтап тұрғандай. Бiрақ бастысы, бұл емес. Дәл қазiр прези­денттiң өлi-тiрi­сiнен гөрi әлем жұртын Каримовтан кейiнгi Өзбекстанның қандай болатыны көбiрек толғандырады. Бұл туралы «Жас алаш» жазады. 

Каримов қайтыс болды деген суыт хабарды “Фергана” сайты таратқан едi. Алайда бұл мәлiмет ресми тұрғыдан нақтыланған жоқ. Президент әкiмшiлiгi керiсiнше Каримовтың жағдайының “тұрақты” екенiн мәлiмдедi. Осыдан кейiн “Фергана” агенттiгiнiң бас редакторы Даниил Кислов үкiмет пен президент әкiмшiлiгiнiң баспасөз қызметiнен Каримовтың тiрi екенiн айғақтайтын сурет жариялауды ұсынған. “Фергананың” бұл ұсынысы жауапсыз қалды. Осыдан кейiн жұрт көңiлiнде ресми Ташкент жаманат хабарды шынымен жасырып отыр ма деген күдiк күшейдi.
Ал жасыруы мүмкiн бе? Әбден мүмкiн. Себебi диктатор басқар­ған елдегi өлiара кезең ешбiр билiкке оңай соққан емес. Мұн­дай сәтте өз мүддесi үшiн халықтың арасына iрiткi салып, от тұтатқысы келетiн ықпалды топтар кездеспей тұрмайды. Экономикасы тұралаған мемлекет хал­қының дүрк көтерiлуi тез. Сондықтан бүтiн бiр елдi ашса алқанында, жұмса жұдырығында ұстаған адамның қазасы туралы хабарды таратпай тұрып, iшкi мәселелердi шешiп алған жөн. Iшкi мәселенiң ең iрiсi – “бос кетiкке” кiрпiш болып қаланатын тұлғаны белгiлеу. Тiптi пре­зи­денттiң әзiрге аман, екi әлем­нiң арасында жатқаны расталғанның өзiнде бұл мәселенiң құны төмен­демейдi. Себебi Каримовтың ендi қайта таққа мiнуi неғайбыл.
Билiкке кiм келуi мүмкiн? Қазiр бұл ең жиi талқыланатын тақы­рып­қа айналды. Сарапшылардың аузына алғашқылардың бiрi болып iлiгетiн үмiткер – 13 жылдан берi үкiметтi iркiлмей басқарып келе жатқан Шавкат Мирзияев. Оның жасы 58-де. Каримовтың ең сенiмдi серiктерiнiң бiрi.
Әрi жерлестiк жақындығы да бар. Оның үстiне соңғы жылдары Конституцияға енген өзгерiстер үкiмет басшысының құзыретiн бiршама кеңейттi. Мұның бәрi Мирзияевтың таққа аяқ арту мүмкiндiгiн арттыра түседi. Алайда басты мәселе – басқа. Сарапшылардың бiрқатары қазiргi үкiмет басшысын Мәскеудiң ыңғайына келетiн адам деген пiкiр айтып жатыр. Өйткенi оның Ре­сей­дегi саясаткерлермен және белдi кәсiпкерлермен байланысы түзiк. Ресейлiк миллиардер Алишер Усмановпен құда. Осындай себептердi көлденең тартқандар Шавкат Мирзияев президент бола қалған жағдайда Өзбекстанның сыртқы саясаты күрт өзгеруi мүмкiн деп санайды.
Және бiр үмiткер – Рустам Иноятов. Ол бiр орында ұзақ отыру жағынан Каримовтен ғана кейiн тұр. Ұлттық қауiп­сiздiк комитетiн сонау 1995 жылдан басқарып келедi. Пре­зиденттiң сенiмдi серiгi ғана емес, қандыкөйлек досы десе де болғандай. Бiрақ ата сақалы аузына түскен адам. Жасы 72-де. Сондықтан оның президент болу мүмкiндiгiне сенетiн­дер сирек.
Өткен жылы ғаламторда “Каримов мұрагерiнiң атын атады” деген ақпарат тарағаны есiмiзде. Ондағы мәлiмет­терге сүйенсек, Көксарайдағы резиденциясында өзбек басшысы былай деген: “Менiң таңдау бiлдiрген адамым билiктi қауiпсiз әрi у-шусыз ауыстыра алады және сендердiң де көңiлдерiңнен шығады деп есептеймiн.  Бiз бұл орынға Лоланы дайындай бастасақ қарсы болмассыңдар деп ойлаймын. Гуляға қарағанда ол қарапайымдылығымен және дипломатиялық салмақтылығымен ерекшеленедi. Сонымен бiрге халықаралық ортада да оның жақсы абырой-беделi бар”. Өзбекстан Халық қозғалысы ұйымының хабарлауынша, Каримов бұл сөздi санаулы адамның көзiнше ғана айтқан. Сол санаулының iшiнде Ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң төрағасы Рустам Иноятов, iшкi iстер министрi Адхам Ахмедбаев, премьер-министр Шавкат Мирзияев, бiрiншi вице-премьер Рустам Азимов болған. Қазiр бұлардың денi Каримовтың орнын басуы мүмкiн адамдар ретiнде аталып жатыр. Демек, түкiрiгi жерге түспейтiн президенттiң кешегi сөзiнде бүгiн құн жоқ. Лола Каримованың әке орнына отыруы қазiргi жағдайда еш мүмкiн емес. Оның негiзгi себебi, оған алдымен халық қарсылық танытады.
Келесi бiр үмiткер Қаржы министрi Рустам Азимов едi. “Эхо Москвы” радиосының хабарлауынша, ол Каримовтың өлiмi туралы хабар тараған соң үйқамаққа алынған. Әдеттегi­дей мұны ресми Ташкент растаған жоқ. Руслан Азимовты батысшыл едi деп бағалайтындар көп. Егер қамауға алынғаны рас болса, оның үмiткерлiк­тен үмiтi үзiлдi деген сөз. Тiптi “байтал түгiл бас қайғының” кебiн құшуы да ғажап емес.
Бұл ендi БАҚ бетiнде анда-санда жылт етiп қалып жатқан деректерден белгiлi болған дүниелер. Ал Ташкенттегi би­лiк үшiн нағыз тартыстың қалай жүрiп жатқаны жұмбақ. Тақта тапжылмай ұзақ отырған басшылар оқыс жағдайға ұшырағанда осындай өтпелi кезең туындайды. Кландар арасындағы қақтығыста аяқасты талай шенеунiк жазықты болып шығады. Түрмеге тоғытылғандар көбейедi. Сыртқы күштер де өз ықпалын жасайды. Өйткенi Өзбекстанның ендiгi тағдыры оны басқарған адамның қандай саясат ұстанып, қандай жолды таңдайтынымен байланысты. Ал бұған әлемдiк ойыншы деңгейiндегi iрi мемлекеттер бей-жай қарай алмайды. 32 млн халқы бар Өз­бекстанда тұрақсыздық орнай қалса, оның зардабы көршi елдерге де тиерi анық. Сол себептен Ташкенттiң тыныш бол­ғаны Орталық Азия үшiн өте маңызды. Өзбек ағайындардың сын сағаттан сүрiн­бей өтуiне ең бiрiншi тiлекшi – бауырлас қазақ халқы.
Бұл тiлек орындала ма? Билiк басына кiм келедi? Оны халық мойындай ма? Ел дүрлiгiп, халық толқып кетпей ме? Қазiр мұның бiрiне де жауап жоқ. Тек болжам ғана бар. Ал болжам әманда өлi-тiрiсi белгiсiз Ислам Каримовтың қазiргi тағдыры секiлдi бұлыңғыр келедi. Демократиялық құндылықтар сақталса, сайлау әдiл өтсе, президенттер бiрi­нен кейiн бiрi ауысып отырса, мұның бiрi де болмас едi. Бүкiл халқы бiр адамның аузына қараған мемлекет күндердiң күнiнде бiр тұйыққа барып тiреледi. Өзбекстан қазiр осы тұйыққа келiп тоқтады.
СIЗ НЕ ДЕЙСIЗ?
Досым Сәтбаев, саясаттанушы: ИСЛАМ КАРИМОВ КҮРДЕЛI МӘСЕЛЕЛЕРДI МҰРАҒА ҚАЛДЫРЫП БАРАДЫ
– Өзбек елiнде болып жатқан қазiргi жағдайдан Қазақстан сабақ алуы тиiс. Ел болашағы мемлекет басшыларының денсаулығына тәуелдi болатындай саяси факторға айналмағаны абзал. Әйтпесе, тарихтан бiлетiнiмiздей, империялар мемлекет басқарушылар қазасынан кейiн қағаз үй сияқты құлайды. Бұл бiздiң антикалық немесе ортағасырлық заманнан алысқа ұзай қоймағанымызды аңғартады.
 Орталық Азиядағы аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету тұрғысынан қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан негiзi ойыншылар екенiн айта кету орынды. Сондықтан көпшiлiгiмiз жақсы түсiнемiз: егер осы екi елдiң бiреуiнде дүрбелең, дүмпу туатын болса, ол әрi тiкелей, әрi жанама түрде екiншi мемлекетке ықпал етедi. Саяси тәуекел тұрғысынан алып пайымдасақ, соңғы жылдары бұл елдерде билiктiң транзиттiк мәселесi бiрiншi орында тұрды.
Дейтұрғанмен, билiктiң ауысу үлгiсiнiң Орталық Азияға тән түрлерi бар: мысалы, Қырғызстандағыдай радикалды жүйеден төңкерiске дейiн немесе Түркiменстанды алып қарайтын болсақ, мұндағы “жылы-жұмсақ” ауысу сарай iшiндегi интрига арқылы жүзеге асты.
Әйтсе де, Өзбекстанда Ислам Каримовтың мұраға тастайтын ұзақ жылдар бойы кейiнге ысырылған немесе мүлде шешiмiн таппаған iрi түйткiлдер көп. Халықтың әл-ауқаты нашар, жұмыссыздық деңгейi өте жоғары, әсiресе, жастар арасында жұмыссыздық басым. Бұл жер-жердегi гастарбайтерлердiң санын өсiрдi, ел iшiнде жемқорлықтың өрiс алуына әсер еттi. Билiкке деген халықтың сенiмi бұзылды, аймақтық экстремизм, көршiлермен арада шекара және су мәселесi туындады. Бұған Ауғанстан сияқты жалпы жағдайы тұрақсыз мемлекетпен көршi отыру мәселесiн қосыңыздар. Мұның бәрiн Ислам Каримов күнi кешеге дейiн қолының астында қатал ұстады, ендi сол қоспалардың жарылып кету қаупi жоқ емес. Егер Каримовтен кейiн билiкке келген элита мұның бәрiн бақылауда ұстай алмаса, онда бұл мәселе елдi дүрлiктiредi. Оның ұшқыны бiзге сөзсiз жетедi: көшi-қон мәселесi жаңа лаңкестiк тәуекелдiң өсуiне әсер етедi.
Сондықтан Өзбекстанда билiктiң тыныш әрi қалыпты ауысуына көпшiлiк мүдделi. Мұны сыртқы геосаяси ойыншылар да, Орталық Азиядағы көршi елдер де, шетелдiк инвесторлар да қалайды. Бiрақ мұндай тұрақтылыққа тоқырау, дағдарыс арқылы емес, даму негiзiнде жеткен жөн. Әйтпесе, ерте ме, кеш пе, ел iшiн тұрақсыздық жайлап, дүмпу туады.
Ислам Каримовтың мұрагерi кiм болса да, оны өте күрделi проблема күтiп тұр. Әр клан, әр топ өздерiнiң адамын ұсынып, билiкке талас оп-оңай басталып кеттi десек, артық айтқандық емес. Қауiпсiздiк пен ұзақ мерзiмдi тұрақтылықты Конституция аясында саяси ойынның белгiлi бiр заңдарын сақтайтын мықты саяси институттар ғана қамтамасыз ете алады. Сондай саяси институттың бiрi – бәсекеге қабiлеттi және электоралды саяси партиялардан құралған бiлiктi парламент. Бiрақ мұндай мүмкiндiктi Өзбекстан әлдеқашан уысынан шығарып алған. Өйткенi, ол елде жоспарлы, сауатты, саяси реформа жүрген жоқ.
Мұндай мемлекеттердi басқару үшiн “преториандық гвардияға”, яғни әрi қатал, әрi сұмпайы темiр қолға сүйену керек деген пiкiр де ұшырасады. Әйтсе де, араб елдерiнiң тәжiрибесi көрсеткендей, мұндай жүйе түбi құлайды. Демек, өзбек халқы қазiр сыналар сын сағатты басынан кешуде. Билiкке кiм келсе де, оған оңай соқпайтыны белгiлi.
Жанболат Мамай журналист: ЕКI ЖОЛ БАР: ДИКТАТУРА ӘЛДЕ ДЕМОКРАТИЯ
Өзбекстанды көп жылдан басқарып келе жатқан диктатор Ислам Каримов инсульт алып, ауруханаға түстi. Өзбек билiгi мен Каримовтың қызы – Лоланың мемлекет басшысының денсаулығы сыр бергенiн растап, ресми мәлiмдеме жасағанында үлкен мән бар. Бұл Каримов ауруынан айығып шықса да, мемлекет бас­қаруға мүмкiндiгi болмайтынын айқындайды. Ислам Каримов – өлiм аузындағы арыстан. Ендi өзбек билiгiнiң iшiндегi шибөрi­лер мен көртышқандардың майданы басталады. Мұның арты неге әкеп соғады, орынтақ кiмге бұйырады, жалпы, Өзбекстандағы тұрақтылық сақтала ма, әлде жұрт жiк-жiкке бөлiнiп, елдiң құты қаша ма, — бұл үлкен әңгiме. Қалай болғанда да, өзбек халқын жарқын болашақ күтiп тұрған жоқ: билiкке кiм келсе де, бұл елде демократия орнап, экономиканың дамуына мүмкiндiк туа қоюы екiталай.
Өзбекстанда болып жатқан жағдайдан бiз де сабақ алуымыз тиiс. Бiр адамға тәуелдi, бiр басшының денсаулығына, көңiл-күйiне, қас-қабағына, өмiр жасына бағынышты елдiң жағдайы оңай болмайтынын Каримовтiң дертi көрсетiп тұр. Өзбекке туған күн қазаққа да келуi мүмкiн. Өмiр жасы ұзақ болуына тiлек­теспiз, әрине, бiрақ ғайыптан тайып, Нұрсұлтан Әбiшұлы мемлекет басқара алмайтын жағдайға келсе, Қазақстанда қандай оқиғалар орын алады? Сенаттың төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың билiктi ұстап, өтпелi кезеңнен елдi ың-шыңсыз алып шығарына күмән басым. Оған Тоқаевтың жеке басының мүмкiндiгi де, абыройы, беделi, легитимдi күшi де жоқ. Сенатты кiм сайлады? Оның төрағасын орнына қонжитқан кiм? Сол сияқты Нығматуллин мен Мәсiмов те саяси бе­делдерi жоққа тән шенеунiктер. Бұлардың барлығы Назарбаевтың көлеңкесiнде, президент шатырының астында ғана жүре алатын саяси кембағалдар. Топтар арасында тартыс, халықтың наразылығы күшейсе, Қазақстан билiктiң өзi қорқытатын елдерге бiр сәтте айналып шығу қаупi аз емес.
Бұл жағын президент Н.Назарбаев та ойламайды емес, ойлайтын шығар. Бiрақ кез келген диктатордың әлсiздiгi – басшының қай уақытта денсаулығы сыр берiп, мемлекеттiк қызметiн ат­қара алмайтын жағдайға жететiнiн бiр Құдай ғана бiледi. Бүгiн аттай шауып, шетел аралап, олимпиада чемпиондарын марапаттап жүрiп, ертең-ақ мұрттай ұшуға болады. Ислам Каримовтың мысалы – соған дәлел.
Дәл қазiр Қазақстанның алдында екi жол тұр. Бiрi – Өзбекстан. Бiр адамның аузына қарап, бiр басшыға бағынып, автократтың тағдырына тұтас мемле­кеттiң, елдiң болашағын байлау. Күндердiң күнiнде сол басшының денсаулығына бiр жағдай туса, ел iшiнде де қатерлi оқиғалар орын алуы мүмкiн. Бұл – тұйық­қа, тығырыққа бастайтын жол. Екiншiсi – Польша. Естерiңiзде болар, 2010 жылы Польша президентi мен бiрқатар жоғары лауазымды басшылар отырған ұшақ Смоленскiде құлап, билiк өкiлдерi түгел қаза тапты. Бiрақ бұдан Польшада азаматтық соғыс, қақтығыс, билiкке қанды талас басталмады. Билiкке демократиялық жолмен басқа адамдар келiп, Польша басшылығы ауысты. Качиньски кеттi, ендi қайте­мiз? Польша бола ма, жоқ әлде бордай тоза ма деген бiр әңгiме көтерiлмедi. Қаза болған басшының рәсiмдерi атқарылды, бiрақ қарапайым жұртқа мұның бiр терiс әсерi тиген жоқ.
Қазақстан осы екi жолдың қайсысын таңдайды – әлi бел­гiсiз. Қазiргi жағдайға қарағанда, Өзбекстанның жабық жолымен кетiп бара жатырмыз. Жақсылыққа апармайтын, орта ғасырға қайта әкелетiн жол бұл. Егер соны таңдасақ, онда бiздiң елдiң де болашағы бұлыңғыр.
Дос КӨШIМ, қоғам қайраткерi:БАҒЫТЫН ӨЗГЕРТЕ ҚОЙМАС
– Өзбекстан президентi өзгерсе де, менiңше, ешқандай да бiр ерекшелiк бола қоймайды. Себебi онда осы уақытқа дейiн басқа ниеттегi талпыныстар байқалған емес. Сондықтан адам ауысқанмен де, жүйе ауыспайтын сияқты. Мұның Орта Азияға да, Қазақстанға да әсерi болмайды деп ойлаймын. Өзбекстанға сыртқы күштер де ықпал ете қоймайды. Бiздiң орыстармен дос болғанымыз сияқты, Өзбекстанның осы кезге дейiн қандайда бiр мемлекетпен қатты жақындасқанын көрген жоқпыз. Ол – әр уақытта өзiн бейтарап ұстайтын ел. Сол себептi де, не АҚШ, не Ресей немесе Қытай тарапынан сыртқы әсер бола қоймайтын тәрiздi.
Сондай-ақ билiкке кiм келсе де, мемлекеттiң ұстанған саясаты өзгермейтiнi айдан анық. Не демократиялық жағынан, не дiни тұрғыдан бағытын өзгертуi, менiң ойымша, мүмкiн емес.
Сансызбай НҰРБАБА

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *