Алматыда Ұлттық баспасөз клубын бұза бастады

Бөлісіңіз

Алматыда Фурманов көшесінде орналасқан Ұлттық баспасөз клубының үшінші және төртінші қабатын бұзып жатыр деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Ғимаратты сырттан арнайы техникамен емес, іштен жұмысшылар үлкен темір балғамен ұрып бұзып жатыр.

Өзін Арнұр Бақберген деп таныстырған сот орындаушысының айтуынша, ғимарат Алматының ауданаралық мамандандырылған сотының шешімімен бұзылып жатыр. Бұзу туралы шағымды Алматының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы берген.

Сот орындаушысы Арнұр Бақберген Ұлттық баспасөз клубын бұзуға қатысты жауап беріп тұр. Алматы, 23 тамыз 2016 жыл.

Сот орындаушысы Арнұр Бақберген Ұлттық баспасөз клубын бұзуға қатысты жауап беріп тұр. Алматы, 23 тамыз 2016 жыл.

Ұлттық баспасөз клубының басшысы, Астанада сотқа тартылып жатқан Сейітқазы Матаевтың ұлы Асқар Матаевтың Азаттыққа айтуынша, ғимарат аресте тұр. Оның пікірінше, аресте тұрған ғимаратты бұзу заңсыз. Асқар Матаев сот ғимаратты өз күшімен бұзуға бір ай бергенін, бірақ ол аз екенін айтады.

— Сот шешімінде «сейсмикалық нормаларға сай емес» делінген. Қазіргі заманда сейсмикалық жағдайын күшейтуге мүмкіндік бары ескерілмеді. Сот өз еркімізбек бұзуға бір айдан артық уақыт бермеді. Ал өзіміз бұзып алуға бір ай жеткіліксіз, — дейді Асқар Матаев.

Ұлттық баспасөз клубы ғимараты Астанада клуб басшысы, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаевтың соты басталған күні бұзылып жатыр. Сот Астананың Есіл аудандық №2 сотында өтіп жатыр.

Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев 24 ақпаннан бері үйқамаққа алдынған. 28 наурызда оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігі бас директоры Әсет Матаев та үйқамаққа алынды. Әкелі-балалы Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, «келген зиян» туралы айыптау толыққанды аудиторлық тексеру жүргізілместен тағылғанын айтады. Мамыр айында Сейітқазы Матаевтың адвокаттары оған тағылған айып «қызмет өкілетін пайдаланып өзіне артылған сенімді теріс мақсатқа пайдаланды» деген ауыр бапқа өзгергенін хабарлаған. Әсет Матаевқа қатысты айып та осыған ұқсас өзгертілген.

3 тамызда өткен алдын ала сот тыңдауында судья адвокаттардың Матаевтарды кепілге үйқамақтан босату, сотты Алматыда өткізу және қосымша сот-экономикалық сараптама тағайындау туралы өтінішін қанағаттандырмай тастаған.

«Азаттық»

Copyright (c) 2013. RFE/RL, Inc. Reprinted with the permission of Radio Free Europe/Radio Liberty, 1201 Connecticut Ave., N.W. Washington DC 20036.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *