Сеулде Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Сеулде Ақтөбе облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Сеулде Ақтөбе облысы және Оңтүстік Корея компаниялары арасында ынтымақтастық жөнінде бірнеше меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды 24.kz.

Құжаттар мұнай-газ, тау-кен және медицина салаларында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяны өзара экономикалық ынтымақтастық біріктіреді деу жеткіліксіз. Қос елдің арасындағы тығыз байланыс тарихи тұрғыда қалыптасқан. Дәл осы атмосфера Сеулде өткен бизнес-семинарда айқын көрінді. Мұндағы қалталы азаматтар біздің елге инвестиция құйғысы келеді.

 Хонг Донг Пхё, Ақпараттық қатынас компаниясының басшысы:

— Ақтөбе облысының аумағы өте үлкен және бұл жерде коммуникация мен логистикалық байланыстардың маңызы зор. Ал, біздің компания байланыс және логистика саласында Кореяда алдыңғы орында тұр және біз аталған өңірдің дамуында өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.

Медицина, көлік және логистика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, құрылыс, ақпараттық коммуникациялар, және, әрине, мұнай-газ өнеркәсібі. Бұлар Ақтөбе облысы әкімімен кездесу барысында оңтүстіккореялық кәсіпкерлердің қызығушылық танытқан салалары. Әсіресе, оларды біздің елдегі салықтық жеңілдіктер, нарықтың кеңдігі және қауіпсіздік пен кепілдік қызықтырып отыр. Бүгін денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және металл өнеркәсібі салаларындағы меморандумдарға қол қойылды. Олардың басым бөлігі Ақтөбе облысы әкімдігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орнату бағытындағы жобалар. Бұл бастама – кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік.

Бұған қоса өңір басшысының сапары барысында Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай компаниялары жетекшілері мен кездесу болды. Тараптар мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, қара алтын өндіру көлемін бір деңгейде сақтауға және қосымша инвестиция тарту жөнінде келісімге келді.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail-ңыз жарияланбайды.