Ақтөбеде балалар үйі мен аурухана Дүниежүзілік банк гранттары арқылы жөнделеді

Ақтөбе жылу үнемдей алмайды. Қазір облыс республика бойынша 7-орында тұр. Өзге өңірлер Дүниежүзілік банктің гранттарын пайдаланып, бірқатар әлеуметтік нысанды жөндесе, биыл Ақтөбе бұл мүмкіндікті қолдан шығарып алған. Тек келер жылы Алға балалар үйі мен облыстық клиникалық аурухана жылу үнемдеу технологиясын қолданысқа енгізеді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Жылу үнемдеу, сөйтіп атмосфераны ластайтын қалдық мөлшерін азайту күн тәртібінде тұрған жұмыс. Ал Ақтөбеде бұл бағытта атқарылып жатқан іс мардымсыз. Жергілікті әкімдіктің селқостығы сонша, өткен жылы Дүниежүзілік банктің гранттарына жоба ұсынбаған. Биыл оянып, облыстық клиникалық аурухана мен Алға балалар үйіне жылу үнемдеу технологиясын енгізуді жоспарлап отыр.

 «Ақтөбе облысы жылу үнемдеу саласы бойынша 7-орында тұр. Бұл жұмыстар үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан біз әкімдік жанынан арнайы бөлім ашуды ұсынып отырмыз. Бұл бөлімдер мемлекет арқылы емес, түрлі халықаралық қорлар есебінен қаржыландырылуы шарт. Сол кезде жұмыс алға басып, тиімділік артады»,- дейді Инвестиция және даму министрлігінің өкілі Олжас Әлібеков.

Қазақстанда жылу үнемдеудің реестрі бар. Алдағы жоспар бойынша бес жылда 140 жоба іске асырылуы қажет. Бұл жұмыстарға шамамен 517 миллиард теңге жұмсалады. Биыл оның 19-ы іске асырылады. Яғни, ғимараттың шатырын жөндеу, терезесін ауыстырып, жылу сақтау жүйесін жаңарту арқылы үнемдеуге көшкен абзал.

«Қазақстан алдағы 5 жылда энергиялық тиімділік жобаларын іске асырып, 90-жылмен салыстырғанда үнемдеуді 15 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Энергиялық тиімділікті сақтап, үнемдеуге көшкен кәсіпорын үшін қалдық тастауда төлемақысы көтерілмейді. Бұл жеңілдік те кәсіпкерлердің ынтасын оятады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта тұрғын үй шаруашылығы саласында жыл сайын жаңа жобаны іске асыруды ұсынып отырмыз»,- дейді БҰҰ даму бағдарламасы жобасының менеджері Александр Белый. +

Айта кетейік, алғашында энергиялық тиімділік қорын құру жоспарланған. Бірақ, бұл жол алыс. Сондықтан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлерге субсидия, несие алуда жеңілдіктер ұсыну тетіктері қарастырылып жатыр. Бұл өз кәсібін ашқанда энерго үнемдеу құрылғыларын қондыратын өндіріс орындарына берілетін жеңілдік болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *