Қатардағы журналист қалай облыс әкімінің оң қолына айналды?

Бөлісіңіз

30 жасқа толмай Атырау облысы әкімінің орынбасары атанған Шыңғыс Мұқанның даяшы болғанына сенесіз бе? Өткір проблемаларды көтеріп жүрген журналистің шенеунік болуына қолдау білдірген кім? Екі баланың әкесі екінші әйел алғысы келе ме?

«Газетте 18 жасымнан жұмыс істедім, 3 курстан бастап жұмысқа кірдім. Оқу мен жұмысты қатар алып жүруге тура келді. Түске дейін жұмыста, кешке дейін сабақта, кештен кейде түнгі 12-ге дейін жұмыста дегендей. Ауылдан келген студенттің жағдайы белгілі, үнемі ақша жетпейді. Ата-әжем мен ата-анам ауылда тұрады. Журналистикаға келер алдында, 1 курста жазғы демалыста Алматыдағы «Жерұйық» деген мейрамханада даяшы болдым. «Атакенттің» жазғы кафесінде жұмыс істедім. Сөйтіп ауылға барып-келуге ақша таптым, жаңа оқу жылына киім алып, қуанғаным әлі есімде»,- дейді Шыңғыс Мұқан.

Шенеуніктің алғашқы еңбек жолы студент кезден басталған. Өткір ойлы студентті республикалық газет жұмысқа шақырады.

«3 курста «Түркістан», «Жас Алаш» газеттеріне алғашқы мақалам шықты. «Жас Алаш» газеті жұмысқа шақырды. Жарты жыл қаламақымен жазып, кейін толық жұмысқа алды. Журналист болған себебім, әкем өмір бойы аудандық газеттің редакторы болды, туған әпкем журфакта оқыды, журналист. ҚазҰУ-дың журлистерге арналған әйгілі 5 жатақxанасында тұрдым. Көз ашқалы жазудың ортасында өскен соң, ақпарат құралдары — таныс ауыл сияқты көрінді, тез үйреніп кеттім. Мен еңбек жолымды осылай журналист болып бастадым. Бес жыл қатардағы тілші болдым. Журналистің бірінші мақсаты — мақаланы оқылымды жазу. Әртүрлі сыни мақалалар жаздық.  «Анау істелмей жатыр, мынау ақсап тұр» деп жазып жүрдік. «Ауызбен айтқаныңды енді қолмен жасап көрші» дегендей,  тілшінің жазбаша тіршілігін іске асыруға мүмкіндік берілгендей. Сөзбен айту оңай, қолмен жасап көрсету қиын», — дейді бұрынғы журналист.

Білім алу үшін шетелге жиналып жатқан 23 жастағы жігітке министрлікте жұмыс істеу мүмкіндігі туады. Журналистен шенеунікке айналған ол қызметтік мансапқа таза өз еңбегімен жеткенін айтады.

«2007 жылы «Болашақ» бағдарламасымен шетелге оқуға кетейін деп жатқам. «Жас Алаш» газетінде төрт жылдан аса жұмыс жасаған тәжірибем бар. Елге белгілі журналист ағамыз Энергетика министрлігі баспасөз хатшысын іздеп жатқанын хабарлады. Бағыңды сынап көр деді. Барсам барайын. Оның үстіне, елордамыздың Астана болғанына 9 жыл болса да, Астанада әлі болмаған екенмін. Алматыда жүрген жерімнен Астанаға ұшып бардым. Адасып жүріп іздеген жерімді әзер тауып алдым. Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақытқожа Ізмұхамбетовпен әңгімелесуден өтіп, жұмыс жасауға мүмкіндік алдым. Кейін Бақытқожа Салихатдинұлы Батыс Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Сауат Мыңбаев министр болып тағайындалды, ол кісімен үш ай жұмыс істедім. Бақытқожа Салихатдинұлы Орал қаласына шақырды. «Жайық пресс» аймақтық ақапарттық холдингке үш жыл жетекшілік еттім. Содан кейін облыс әкімдігінде аппарат басшысының орынбасары қызметін атқардым. Сол кезде президент әкімшілігінен жұмысқа шақырту алдым. Ол жерде ішкі саясат бөлімінде мәдениет секторының меңгерушісі болдым. Одан кейін Атырау облысының әкімінің орынбасары қызметіне келдім»,- дейді еңбек жолына шолу жасаған шенеунік.

Мемлекеттік қызметтің жарты жұмысы — сауатты жазу, ойыңды түсінікті жеткізу. Сол жағынан мемлекеттік қызметке жылдам кірігіп кеттім. Оған қоса, университетте ағылшын және испан тілдерін оқығам, негізгі кәсібім аудармашы. Тіл білімінің көмегі де ұшан теңіз.

Шыңғыс Мұқан Шымкент қаласында туып өскен. Ата -анасы туған жерінде тұрады. Алматыда 7 жыл, Астанада, Орал қаласында 5 жыл жұмыс жасаған. Атырау облысында әкімнің орынбасары болғанына 4 жыл. Қысқаша еңбек өтіліндегі 14 жылда  бес қалада жұмыс істеп үлгеріпті.

«Қабілетін байқаған қыз-жігіттерге мемлекеттік қызметке келіңдер деп айтамын. Жастар кәсіпкерлікке ұмтылады. Бизнес те жақсы, әрине. Өз уақытыңа өзің қожайынсың. Қанша табыс табарың өзіңе байланысты. Дегенмен, мемлекеттік органдарда да жұмыс жасайтын адамдар керек. Мемлекеттік қызметке тест тапсырып, әңгімелесуден өткен адам келеді. Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі өте күшті. Журналист болған кезде айтатыныңды айтып қаласың. Мемлекеттік қызметтің жүгі ауыр, жауапкершілігі мол. Мен журналистиканы шенеуніктермен салыстырып, оны төмендетіп көрсеткім келіп тұрған жоқ.  Журналистиканың қоғамдағы, қоғамдық қатыныстағы орны ерекше. Ашық қоғамда мемлекеттік қызметкерлер журналистермен тығыз байланыста болу керек. Олар мемлекеттік қызметкерлерді халықпен байланыстырып отырған көпір іспетті. Ол берік болса, ел дамып, халықтың мұқтаждығы шешіледі. Мемлекеттік қызметкер ретінде екі мәселе бойынша қызмет ету керек деп ойлаймын. Ең бірінші — барлығын адам үшін жасауымыз керек. Екінші барлық дүние уақыт үшін жасау керек», — дейді жас шенеунік.

Шымкенттің жігіті Ақтөбенің сұлуына ғашық болған. Көңілін білдіріп, жары етеді. Шыңғыс 5 және 1 жастағы екі ұлдың әкесі. Жеті жыл бұрын шаңырақ құрған шенеуніктің екінші әйел алу туралы ойы жоқ.

«Адамның жаратылысынан табиғаттың тепе теңдігі бар. Негізі қыздар сәл көберек туылады. Ер балалар сәл тентектеу болады, көп нәрсеге ұрынады. Бірақ, жұптасу, отау құру жасына келген кезде қыздар мен ер балалардың саны теңеседі. Табиғаттың өзі тепе тең-етіп жаратып тұр.  Сондықтан бір еркекке бір әйел болу керек деп ойлаймын. Әйелдер ер адамнан көп деген дұрыс емес. Алла Тағала тепе теңдікті сақтаған. Егер бір еркек екі не төрт әйелден алатын болса, басқа ер адамдар қайда қалады»,- дейді жарына адал екенін жеткізген шенеунік.

nur.kz

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *