Нұрқатова дауы жемқорларды тасада қалдырды

Бөлісіңіз

Ақтөбе облысы әкiмiнiң идеология жөнiндегi орынбасары Сара Нұрқатованың туған ұлы Максим Чаркин облыстық бiлiм басқармасының орынбасары, ал келiнi Алуа Қасымова жастар саясаты iстерi басқармасының орынбасары болып қызмет атқаратыны республика көлемiнде айтарлықтай шу туғызды. Облыстың әлеуметтiк саласына жауапты Сара Нұрқатова жергiлiктi журналистердi шақырып, ұлы мен келiнiн бiр айдан берi барынша қорғап бақты. Мемлекеттiк қызметтi жеке отбасылық бизнеспен шатастыр­ған Нұрқатованың iс-әрекетiн “Нұр Отанның” орталық аппаратында Қайырбек Сүлейменовтен бастап, Нұрлан Ерiмбетовке дейiн айыптап шықты. Соңғы нүктенi “Нұр Отанның” партиялық бақылау комитетiнiң төрағасы Қуаныш Сұлтанов қойды. Сенатор Сұлтанов Нұрқатованың келiнi Алуа Қасымованың басқарма бастығының орынбасарлығынан босағандығынан хабардар еттi, ал бiзге жеткен мәлiмет бойынша Қасымова декреттiк демалысқа кеткен.

Бiр қарағанда, “Нұр Отанның” Нұрқатова отбасын аңдығаннан бас­қа iсi қалмағандай көрiнедi. Екiншi жағынан, баласы мен келiнi­нiң қызметiн жанталаса қорғаған Нұр­қа­това өзiнiң алдына жәр­дем сұрап келген, өмiр­ден әдiлетсiздiк көр­ген бейтаныс жанды дәл осы­лай қорғап бақса, онда сөз басқа. Шешесi­нiң қорғап-қолпаштауымен қызметтiк лауазымы асқан жылдамдықпен тез өскен 28 жастағы Максим Викторұлы Чаркиннiң облыстық бiлiм басқармасы бастығының орынбасарлығына тағайындалуының өзi де заңсыздық.
Себебi Бiлiм министрлiгiнiң 13.07.2009ж. бұйрығы бойынша, бiлiм басқармасындағы басшылық қызметке жету үшiн үмiткер қатардағы мұғалiмнен бастап, мектептiң оқу iсi жөнiндегi орынбасары, мектеп директоры болып кем дегенде 8-10 жыл жұмыс атқаруы керек. Ал Сараның ұлы Максим мектепте жұмыс iстемеген, бала оқытып, шәкiрт тәрбиелемеген. Нұрқатованың iс-әрекетi қоғамда қандай жеккөрушiлiк тудырғанын айтып жатудың өзi артық.
Сара Нұрқатованың ұлы мен келiнiн ғана емес, алыс-жақын туыстарының бәрiн де қорғап бағуда. Мәселен, оның қабылдау бөлмесiндегi көмек­шiсi Дана – Сара Нұрқатованың декреттiк демалысқа кеткен келiнiнiң туған әпкесi. Дананың шешесi Күләнда Талмырзақызы Шолтаева Нұрқатовамен құдағай болғанға дейiн Мұғалжар ауданының Құмжарған орта мектебiнде мұғалiм, балаларды оқытып, тып-тыныш өмiр сүрген едi. Нұрқатовамен құдандалас­қан соң көп кешiкпей Құмжарған мектебiнде директор, iле-шала аталмыш ауылдық округ­тiң әкiмi болып тағайындалды. Алайда Құмжарған ауылының адамдары құдағай-әкiмнiң қыз­метiне көңiлдерi толмай, айқай-шумен оны орнынан кетiрдi. Егерде “Нұрқатова дауы” кө­терiлмегенде, құдағайдың қыз­меттiк лауазымы қай нүктеге дейiн өсетiнiн кiм бiлсiн.
Ақтөбеде соңғы 2-3 жылда алаяқтық қылмыспен iсi сотқа жеткен келiншектер (әсiресе, мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасымен пәтер алып берем, жер алып берем деп алдағандар) сот залдарынан жүктiлiгiне байланысты құтылып кетiп жатыр. Бұл жерде Чаркин-Қасымова туралы айтып тұрғанымыз жоқ, мәселе басқада, жастар ендiгi жерде шешенiң көмегi­мен емес, өз күштерiмен елге қызмет етiп, абыройға жетудiң жолы қандай ауыр жол екендiгiн жақсы сезiнетiн болар. Бұл – бiр жағы, балаларын сүйрелеумен жүрген талай лауазымды әке-шешелерге жақсы сабақ. Әке­нiң лауазымы балаға бедел емес екендiгiн түсiнетiн кез жеттi.
Облыстық мәслихаттың заңдылық, құқықтық тәртiп және депутаттық этика жөнiндегi тұрақты комиссияның отырысында Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агент­тiгiнiң Ақтөбе облысы бойынша департамент бастығы Қайрат Сүнтаев өз баяндамасында бiраз дерек келтiрдi. Қаржы полицейi бастығы бiлiм, денсау­лық, iшкi iстер, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласы былықтарға батқанын хабарлады. Мәселен, соңғы үш жылда облыстық бiлiм саласында 92 қызметкер iстi болған, биылдың өзiнде 12 сыбайлас жемқорлыққа қатысты дерек тiркелген. Пара алу арқылы кезексiз жолдама берген қалалық бiлiм бөлiмiнiң қыз­меткерлерi бар. Балабақшаға 80-100 мың теңгеге жолдама сататын қалалық бiлiм бөлiмiнiң делдалдары жөнiнде кейбiр ашулы тұрғындар бiзге де хабарлаған. Ақтөбе қаласы бо­йынша балабақшаға кезекке тұрған бүлдiршiндер саны ­31 870 бала болса, жыл сайын тек 3 мыңына ғана жолдама бе­рiледi.
Сол сияқты облыстық бiлiм басқармасында да жемқорлық деректерi толып жатыр. Күнi кеше ғана Алға ауданы Бестамақ орта мектебiн аралау ке­зiнде, Бердiбек Сапарбаевқа мектептен қарға адам жерде –бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан медресе-пан­сио­натты көрсетпеуге тырысып бақты. Осы медреседе Бестамақ орта мектебiнiң 60 оқушысы оқиды. Кiшкене сақал қой­ған кәмелет жасына жетпеген оқушылар мектеп жанындағы кафеде жасалатын садақаларда даяшы қызметiн де атқарады. Осы медреседе Бестамақтан 12 шақырым жерде орналас­қан Бесқопаның балалары да оқиды. Медресе мен мемлекет­тiк стандартпен бiлiм беретiн мектепте қатар оқитын оқушылардың жағдайына облыстық бiлiм басқармасы көзжұмбайлықпен қарап отыр. Бестамақ орта мектебiнiң директоры Қанат Дәулеталиннiң директорлық лауазымға сәйкестiлiгi бар ма, жоқ па? Ол дiн мен бiлiмдi қалайша араластырып жiбер­ген? Осындай шектен шыққан жағдайға ешкiм назар аудармады.
Өткен жылы Ақтөбе қаласы бойынша 65 мектеп оқушысы жүктi болып қалған. Кәмелет жасына жетпей босанып жат­қан оқушылардың денi – тұрмысы төмен, әке-шешенiң бақылауы аз, қысқасы, ата-аналық құ­қықтарын жеткiлiктi түрде орындамайтын отбасылардан. Бiр қызығы, кәмелет жасына жетпегендер iсi бойынша комис­сия­ны қала әкiмiнiң орынбасары Айгүл Арынғазиева басқарады. Бала-шаға тәрбиесiне нем­құрайлы қарайтын отбасылардың мәселесiн май шаммен қарауға тиiс Арынғазиева мектеп пен ата-аналарды бақылау­да ұстаса, дәл мұндай өрескел жағдай болмас едi. Осыдан екi жыл бұрын қыс кезiнде Ақ­төбе қаласының кейбiр мектеп­терiнiң жоғары сыныптағы оқу­шы қыздарын жұманың кешiнде арнайы ұшақпен Атырауға апарып, жексен­бiде қайтып әкелiп, жезөк­шелiкпен айналысуға мәжбүр­леген қылмыстық топ әшке­релендi. Қылмыстық iс қозғалып, iс сотқа жеткенде, сот залына журналистер жiберiл­медi, тек жеңгетай рөлiндегi 40 жастағы бiр әйелдi соттаумен бұл iс жабылып қалды. Мiне, осы iстiң бiр ұшы 65 қыздың жүктi болуымен байланысты емес пе екен? Осы ұйымдас­қан қылмысты Айгүл Арынғазиеваның бiлмеуi мүмкiн бе? Мектеп оқушыларын жезөкшелiкпен айналысуына итермелегендердiң арасында қандай ықпалды тұлғалар болды? Бiлетiнiмiз, мұндай әрекетке барған қыздардың әке-шешелерi көбiне ата-аналық құқықтарын жет­кiлiктi түрде орындамайтын жандар. Яғни қылмыскерлер қамқоршысы, iздеушiсi жоқ оқушыларды әдейi таңдаған.
Өткенде облыстың алыс аудандағы мектеп мұғалiмi хабарласып, кәсiподақ ұйымынан еш қайран жоқтығына ашуланды. Ауырып-сырқаттанған жағдайда емделуге кәсiподақ ақшасынан еш көмек ала алмай отырғанына налыды. Ол ай са­йын жалақыдан 1 пайыз мөлше­рiнде ұсталатын кәсiподақ жарнасының қайда кетiп жат­қанын бiлiп беруiмiздi сұрады. Ауыл мұ­ғалiмiнiң айлығы 80 мың теңге көлемiнде болса, ай сайын оның 800 теңгесi кәсiподақ жарнасына аударылады. Бiр мұғалiм жылына кәсiподақ үшiн 12 мың теңге қаржы аударады. Сонда Ақтөбе облысында 400 мектептiң 32 мың мұғалiмi болса, ай сайын аударылатын 24 миллион теңге кәсiподақ қаражаты қай қазанға құйылып жатыр? Мұны мектеп директорларынан сұрастырған жөн. Заң бойынша кәсiподақ қаржысының 65 пайызы сол мекеменiң есепшотына қайтып келiп, ұжым қызметкерлерiнiң мұқтаждықтарына жұмсалуы тиiс. Iс жүзiнде бұлай болмай тұр, кәсiподақ қаржысынан қарапайым мектеп мұғалiмдерi ешқандай да кө­мек алмаған..

Баян Сәрсембина,
«Жас алаш»

фото: Рика ТВ

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *