Ақтөбеде Назарбаевпен 50 жыл көрші тұрған әжейді шенеуніктер президент келеді деп әуреге салған (фото) — TILSHI.KZ

Ақтөбеде Назарбаевпен 50 жыл көрші тұрған әжейді шенеуніктер президент келеді деп әуреге салған (фото)

Бөлісіңіз

Президентпен 50 жылдай бірге тұрған көршісін тапқан ақтөбеліктер 94 жастағы кейуананы бірнеше рет ауруханаға тасыған. «Бұлар мені Сұлтанға (Нұрсұлтан Назарбаев – ред.) көрсетемін деп, жынды адамдай әрлі-бері тасыды» дейді Евдокия Санжарова.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Назарбаевтар отбасымен 50 жылға жуық көрші болған Евдокия Санжарова қазір Ақтөбеде тұрады. Кейуана 90-шы жылдардың аяғына дейін Алматы облысы Қаскелең ауылының Шамалған ауылында елбасымен көрші тұрған. Кейін Ақтөбеге көшіп келеді.

Өткен жылы өңірге сапарында елбасын көршісімен кездестіріп, ерекше сый жасағысы келген ақтөбеліктер кейуананы ауруханаға тасумен болған.

«Бірінші рет ауруханаға жайдан жай жатқызды. Ол кезде Сұлтан келмей қалды. Үйге қайтадан әкеліп тастады. Ал мен шын мәнінде ауырып,  емханадан адам шақыртқан кезде ешкім келген жоқ. Бір күні кешкісін «Дару» ауруханасының дәрігері Мереке Маратұлы хабарласып, «Киімдеріңді жинап, ертең аурухана алып кетемін» деді. Мен ол жерде тағы он күн жаттым, келген жоқ. Қайтадан «президент келеді» дегенді естіп, «жиналыңыз» деп алып кетті. Келмеді, басқа жаққа кеткен. Мені көтеріп, палатаға жатқызды. Төртінші рет «тағы келеді» деді. Барғым келмейді, мені неге «дурочка» ретінде әрі бері тасисыңдар деп ренжідім”, -дейді Евдокия Санжарова.

Президент сыйлаған орамал

Көршісімен кездесемін деп қаладағы «Дару» ауруханасында бірнеше рет жатқан кейуана жағымпаздардың ісіне ренжігенін айтады.

Сол кезде Евдокия әжей президентпен 14 жылдан соң кездескен екен. Президентпен кездескеннен кейін ауырып қалған.

«Сұлтанның әкесі Әбішпен қарама қарсы үйде бірге тұрдым. Біз көшіп барғанда ол 7 жаста болатын. Ата-аналарымен жақсы араластық. Әбіш те, Айжан да жақсы адамдар. Олар қарапайым жұмысшы болды, 4 бала тәрбиеледі. Нұрсұлтан елге президент болған кезде жиі келіп жүрді. Мен оны көргеніме қуанышты болдым. Ол кішкентай кезде біздің үйдің жанына келіп отыратын. Оны сүйгім келіп оқталғанда, қашып кететін еді. Өткен жылы келіп жаныма отырған кезде құшақтап, бетінен сүйдім. “Сұлтан, мен сені кішкентай кезде сүйе алмадым, қазір сүйіп қалайын” дедім»,-дейді қария күліп.

Евдокия әжей ел басқарған азаматтың балалық шағын да еске алды.

«Ол үнемі бізге келіп тамақ ішетін. Борщ, түшпара жейді. Ол келген бойда біздің үйге соғатын. Алдымен екі күзетші келіп, мен кір жаятын жіпті алып тастайды. «Басына тиіп кетеді» дейді, кеткен кезде қайта тағып қояды. Мен оны үнемі күтемін. Бірден біздің үйге кіреді. Құшақтаймын. Сосын бір апта өткенде Сұлтанның иісі мұрныма келеді де тұрады. Жолдасым Иванға Сұлтанның иісі шығады десем, ол ақымақсың ба дейдін. Ол ештеңе талғамайды, үйде не бар, соны жейді. Негізінен ол күркетауықты жақсы көрді. Және дастарханның тек ақ болғанын қалайтын. Суреті бар, түрлі түстісі емес, тек ақ дастархан жаятын еді үйде», – дейді кейуана бала күнгі Сұлтанның бүгінде елбасы болғанын мақтанышпен айтып.

Евдокия әжей жары Иванмен

«Бірде Шамалғанға Сарамен бірге келді. Сұлтан жап-жаңа костюм әкелді. Оның қалтасында ақша мен бет орамал болды. Костюмды күйеу балаға бердім. Тамақ, түрлі шарап әкелді. Ол өте ақкөңіл, үнемі көмектесіп жүреді. Бір кездері зейнетақы кешікті. «Жағдайларың қалай?» деп сұрап, бір бума ақша берді. «Қанша?» деп сұраға жоқпын»,-дейді елбасының кеңпейіл адам екенін айтқан Евдокия Санжарова.

Тоқсанның төртеуінен аттаған қария елбасына үнемі тілекші болып отыратынын айтады. Қарт ана ел бірлігін сақтау үшін елбасын ел болып қолдау керек дейді.

«Мен оны кішкентай Сұлтан дейтін едім. Қазір де Сұлтан деп айтамын. Біздің Сұлтан! Күнде жаңалықтар қараймын. Бәрі ұнайды. Ол не жасаса да дұрыс істейді. Қазір оған қараймын да аяймын. Сол кездегі кішкентай Сұлтан қатты қартайып кеткен. Біз көппіз, ол жалғыз. Оған оңай емес. Ол сөйлеп жатқанда үнемі қараймын, Сұлтан саған қиын ғой деп айтамын»,-дейді Евдокия Санжарова.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *