Ақтөбеден «төркіндерін» тапқан домбырашы Татьяна Бурмистрова жиналғандарды күлкіге қарқ қылды

Бөлісіңіз

Әйгілі үш Татьянаның бірі — Татьяны Бурмистрова өзін Ақтөбе өңірімен не байланыстырып тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды «Тілші».

«Кеш жарық, Аналар слетына жиналған қонақтар, Ақтөбе менің екінші елім. Иманды болсын, жақында дүниеден өткен Сара Еламанова «тірі жүрсем ақтөбеліктерге апарып таныстырам» дейтін. Содан тоқсан екінші жылы әкеліп, концертімді ұйымдастырып берді», — деді Татьяна Бурмистрова Аналар слеты аясында Студенттер сарайында өткен концерт барысында.

Домбырашы Ақтөбе өңірінде өкіл анасы барын да жайып салды.

«Қарабұтақ деген ауылдан Күләнда деген жесір әйел болды. Жалғыз ұлы Жалғауды жетілдірем деп жүретін. Бізге сабақ берді. Бірде сахнаға шыққанымды телевизордан көріп, сол Жалғау ұлына «мені Меккеге апармай-ақ қойшы, маған осы қызды үйге әкеліп, өкіл қыз етші» деп айтқан екен. Бірде үйінде ет салып жатып, «Татьянаның сыбағасын алып қояйық» деп жүгіріп жүр екен. Өзгелері «Таня қалған етті жейді ғой» десе, өкіл анам Күләнда «Жоқ, Татьянаның өз сыбағасы болу керек» деп алып қояды екен», — деп еске алды сахнада домбырашы.

Татьяна Бурмистрова Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер атағын да ақтөбеліктердің арқасында алғанын жасырмады.

«Тоқсан бесінші жылдар болу керек, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер атағын алдым. Ал 2016 жылы облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева халықтың атынан хат жазып «Парасат» орденіне ұсынған. Менің туған жерім оңтүстік болса да, өсіп-өнген жерім сіздердің топырақтарыңыз, ақтөбеліктер», — деді ол.

Ақтөбе өңіріне қатысты жылы лебіздерінен соң Бурмистрова залда «төркіндерін» көзі шалғанын айтып қалды.

«Осы залда сіздердің құдаларыңыз, менің «төркіндерім» де отыр екен. Олардың да атына құттықтау айтып жіберейін» деген ол әңгімесін орыс тілінде жалғастырып әкеткенде жиналғандар күлкіге ерік берді.

«Құрметті осы залда отырған менің орыстілді тыңдарманым, төркіндерім, бүгінгі Аналарға тағзым мерекесімен сіздерді де құттықтаймын. Ана деген жаратқаннан кейінгі киелі ұғым ғой», — деді әнші орыс тілінде.

Айта кетейік, Ақтөбеде Аналар слеты өтіп жатыр. Шара аясында «Анаға тағзым» рухани тәрбие беру орталығы ашылды. Осы сағаттарда Өнер орталығында слеттың негізгі бағдарламасы өтіп жатыр.

Ұқсас жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *